45
пәлеңнен толтырып бiр тостағанын бердi. Iшiмнен уды у қайтарады ғой деп, оны да тартып
кеп жiберейiн. Саған өтiрiк, маған шын, бұ құданың құдiретiн ғой, әлгiден кейiн екi көзiм
шырадай жанды. Жанғанда бар ғой, туры жетi қараңғы түнде қасқырдың көзiндей боп...
— Ал, шапан не болды? — дедi Қалдыбай оның сөзiн бөлiп.
— Өй, шапаны бар болсын. Мен мас боп тыриып жатқанда, оны ана Елмырза түлкi
алып қойыпты. Сүйтiп мен арақ iшем деп абырайдан — бiр, шапаннан — екi айрылып, елге
қу қанжыға боп қайттым қой!
Жiгiттер ду күлiстi. Сосын олар шәйға қарамай, мына үйге ұрыс кiрмей, аман-есен
тұрғанда демалып алайық деп қараүйдiң бұрыш-бұрышына қисайып жата-жата кетiстi.
Ертеңiне Көсеге қарай жүрмек боп, атына мiнiп алғаннан кейiн Қалдыбай тiзгiнiн
тартып тұрып, кешегi сөз ойына түсiп:
— Тәке, кеше сiз осы қуаныш үстiне келдiң деп қоймадың. Сол осы не қуаныш? —
дедi.
Тиышбек жырқ ете қалды:
— Ойбай-ау, оны айтуды ұмытып кеткен екем қой. Мынаң қара, — деп, ол анадай
жерде жапырайып тұрған күркеге жүгiрiп барып, iшiнен аузына сексеуiлдiң дiңiн кесе-
көлденең салып байлаған арлан түлкiнi алып шықты. — Мынау деген дүнияның сұмы қой.
Бұрынғылар дүния тұлкi болса, тазы боп шал деген емес пе? Мен де сондай тазы боп
шалайын деп, осы арлан түлкiнi iнiнде жатқан жерiнен ұстап әкелдiм. Сосын аң қуғанда қу
болсын деп, ана қаншық тазымен екеуiн... былай... — Ол екi алақанын сарт еткiздi. —
Жабыстырып кеп жiбердiм!
— Ойбай, iшегiм! — деп Қалдыбай қарқылдай күлiп, дереу астында тыпыршып тұрған
атының басын бұрып ап, айдалаға қарай шаба жөнелдi.
Қалған жiгiттер оның iзiнен салды.
Аттың тұяқтары атқан ала шаңның астында қалған Тиышбек олардың соңдарынан
қарап тұрып, кiшкене арық жұдырығын түйiп:
— Асыңды iшейiн, дастарқаныңа т... деген нақ осы! Осыдан мына тазым түлкiден туған
құмай тапсын, өй, сосын сендердi бiр көрермiн, бәлем! — деп айқайлады.
Ауылдан ұзап бара жатқан Қалдыбай оның сөзiн естiп, iшек-сiлесi қатып, күле-күле ат
үстiнен құлап қала жаздады. Қожақ та әбден iшек-сiлесi қатып күлiп келедi. Олар аздан
кейiн күлкiлерiн тыйып, ер үстiнде дұрысталып отырып ап, еш жаққа мойын бұрмастан,
сылқытып тартып кеттi.
13
Қаракесек Лұқпан батырдың ауылы бүгiн ұлы нөпiр. Жан-жақтан ағылып келiп жатқан
халықта есеп жоқ. Атты казактардың Қаракесектердiң ауылдарын талап, қыздарын қорлап,
абырайларын төккенiне ары келiп, алты ата Әлiмнiң балалары жиналып жатыр. Ендi бiр
жақтан Қарасақал Шағырай батыр бастаған екi жүздей жiгiт те келiп жеттi. Олар келе
қостарын тiгiп-тiгiп тастап, билер не айтар екен деп, жел жаққа құлақтарын түрiп отыр. Би
дегенде бүгiн осы жерге Алты ата Әлiмнiң басты-басты билерi бас қосып, әлi кеңесiп жатқан
едi. Тоғанақ кешiккен сайын Қаракесек Лұқпан батыр дызығып, қатты асығып, мына
талабын билерге қоштатып алмақ боп, кешелерi арнайы кiсi жiберiп шақырған-ды. Содан
басты, қабырғалы билердiң бастарын қосқандары осы бүгiн. Солардың нақ ортасында осы
төңiрекке дәрпi жайылған Бекарыстан би де бар. Ол шарға кiсi едi. Оның есесiне сақалы
белуарына дейiн түсетiн, ақ құба келген, дөңгелек жүздi адам. Күнi бойғы сөздiң түйiнi —
халықтың намысына тиiп, қорлық көрсеткен атты казактарды кейiн қарай қуып тастау керек
деген болды. Оған қалған билер де түгел қосылды. Сол арада Шобан Тiлеулi батыр тұрып:
— Ау, ағайын, мына бәтуаларыңа қосылмайтын ер жоқ. Бәрiмiз де солай деп ұйғарып
отырмыз. Тек менiң бiр айтпағым, асығыстық жасамайық, — дедi.
Жұрт қозғалақтап қалысты. Сол арада Қаракесек Лұқпан батыр тұрып:
— Орыстар құлақтанып қап, басқа жақтан әскер әкелсе не iстеймiз? Онан да темiрдi
қызған кезiнде соққан дұрыс емес пе? — дедi.
Талай қырғынды көрген Тiлеулi батыр дөңгелектеп қойған сақалын сипалап отырып:
— Әй, Лұқпан, сен қызбалыққа салып отсың. Мына жау — бес қаруы сай жау. Оған
тиiсетiн болсақ, ойланып барып тиiсейiк, — дедi.
Екi дай болған билер бiр-бiрлерiне қарасты. Ақыры Бекарыстан би мойнына бар
жауапкершiлiктi алғысы келмей, бәрiн халыққа салып:
— Уа, ағайын, мынадай жағдайға тап боп отырмыз. Ендi қалайда елдiң намысын жырту
керек. Соны қашан бастаймыз, — осы арасын өздерiң көп болып ақылдасып көрiңдер, —
дедi де, жұрттың бәрiне жағалай қарап шықты.