Стр. 47 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

46
Осы араға жиылған батырлар мен қолбасылар не iстерлерiн бiлмей дал болды. Лұқпан
батыр алған бетiнен қайтпай:
— Ендi кешiксек, арты қиынға соғады. Бiздiң осында жиылып жатқанымыздан орыс
ұлығы хабарсыз дейсiң бе? Олар бәрiн де естiп, бiлiп отыр. Оларға басқа жақтан көмек келiп
үлгергенше, Қазалы қамалын тас-талқан қылу керек, — деп бой бермедi.
Лұқпан батыр солай деп отырғасын, басқалар үндей қоймады. Ақыры билер осы
жұманың iшiнде шайқасты бастаған жөн деп келiстi.
Сол күнi Лұқпан батыр iске тез кiрiсiп, ту бие сойдырып, ата-бабаның әруағына арнап
құдажолы бердi. Жиылған жұрт қабырғалы билерден бата алып, ертеңгi шайқата жар бола
гөр деп, әруаққа сыйынды. Олар асты жеп бола бергенде, қасына жүз жiгiт ертiп Ерболат
батыр келе қалды. Соны көрiп, Лұқпан батыр қуанып кеттi. Құшағын жайып қарсы алып,
онымен төс түйiстiрiп амандасты. Ерболатқа арнап Қаракесек ауылы қайтадан мал сойып,
қонақасы бердi.
Ертеңiне Қаракесек Лұқпан батыр бастаған мыңнан астам қол жәйiмен жүрiп отырып,
Сырдарияның иiлетiн тұсынан өтiп, дариялықтың жазық бiр тұсында салынған Қазалы
қамалын үш жақтан кеп қоршады. Сыртқы диуалы ағаш бөренелерден қиылып соғылған
шағын бекiнiстi шығыс жағынан Ерболат батырдың, терiскей жағынан Қарасақал Шағырай
батырдың, күнбатыс жағынан Қаракесек Лұқпан батырдың қолы орап келiп, тар қыспаққа
алып тұрды. Күн бұ кезде теп-тегiс даланың сонау бiр шетiнен құлағы қылтиып шығып келе
жатқан-ды. Күз айының таңғы салқыны кiсi бойын ширықтырып сала берген. Дариялықтан
ығал исi шығады. Сортаңдау жерге тырбиып өскен шөпке қалай болса солай шашыла салған
маржандай боп мап-майда шық тамшылары мөлдiрей тұна қалыпты. Күн бiр сәтте бар
сәулесiн осы атырапқа шашып кеп қалғанда, жаңағы мыңдаған моншақ жылтырап, өзiнше
нұрланып, мына төңiректi қызық бiр шұғылаға толтырды да жiбердi. Кiсiлердiң көздерi
ұялып, ерiксiз жұмыла бердi. Сол арада Лұқпан батыр атынан түсiп, бiр араға жиыла
бастаған қолына келдi. Бұлардың ортасында Қосым қожаның бiр немересi бар едi. Жұрт пiр
деп, оны осы араға алып келген-дi. Лұқпан батыр бiр тiзерлей отыра қап, қос қолын жайып,
пiрге қарап бата тiледi. Сақалына ақ кiрiп қалған пiр даусын кирағаттай созып, дұға оқып,
дiнсiз кәпiрлермен болғалы тұрған шайқаста аллатағала қолдай көрсiн, деп бата берiп, бетiн
сипады. Жұрттың бәрi де беттерiн сипасты. Содан кейiн Лұқпан батыр қасына көмекшi
жiгiтiн шақырып ап, Қазалының басқа жағында тұрған екi батырдың жұмсады. Сосын өзi
сарбаздарына қарап:
— Уа, ағайын, кәзiр жiгiттiң нағыз сыналатын кезi. Ағайынның ары үшiн жан пида.
Осы жолда кiм де кiм өлiп кетсе, шәйiт боп, жаны жәннәтқа барады. Ата-бабамыздың
әруағын қорлаған мына дұшпанға көресiнi көрсетейiк! Кәне, тарттық! — деп, өзi атына
қарғап мiндi. Сосын атының басын бұрып ап, үстiне киген сауыты күн сәулесiне шагылыса
жарқырап, алға қарай тарта бердi.
Қалған жұрт:
— Иә, әруақ, өзiң қолдай гөр!
— Алла, өзiң жар бола гөр!
— Кеттiк!
— Тарттық! — десiп, оның соңынан жапырлай ердi.
Олар Қазалы бекiнiсiне жақындап кеп тоқтады. Осы кезде батырдың Шағырай мен
Ерболатқа жұмсаған хабаршы жiгiтi бұлай қарай құйғыта шауып, қайтып келе жатқан да едi.
Ол мұның жанына кеп, ентiгiн баса алмай тұрып:
— Ақа, бұйрығыңызды айттым, олар тақ тұр! — дедi.
— Онда жақсы бопты. — Лұқпан батыр өз қолына бұрылып қарады. — Ал, сарбаздар,
құдай-әруақ жар болсын! Тарттық алға! — деп, астындағы атын тебiнiп кеп қалды.
Қазақ қолы қатарын бұзбастан, бiрiнен бiрi қалмай, бытырай шауып келедi.
“Бақтыбай!”, “Алдамжар!”, “Айтыртаулап!” салған ұран жаңа ғана тып-тиыш тұрған
алқапты дем арасында күңiрентiп жiбердi. Алдан аңқылдап жел соқты. Жүздеген аттың
тұяқтары атқылаған борбас топырақтан ала шаң тұрып, жынша шұбалып, әуеге қарай
көтерiлдi. Дүсiрлеген тұяқтардың дыбысынан торғайлар тырқырай ұшып, айдалаға қарай
безiп барады. Қазақ жiгiттерi қолдарындағы сойылдарын оңтайлай ұстап алыпты. Қайратты
жiгiттердiң көздерi шоқтай жанып, түйiлген жұдырықтай боп, ағып келедi. Аттардың алды
Қазалы бекiнiсi салынған батпағы бар алаңқайға iлiккенде, алдыңғы жақтан бытырлап
мылтық атыла бастады. Алғашқыда оқ ешкiмге тие қойған жоқ. Аздан кейiн Лұқпан
батырдың қатарында шауып келе жатқан бiр кiсiнiң оң иығынан кеп оқ тидi. Ол қолындағы
сойылын жерге түсiрiп жiберiп: “Ойбай!” — деп ащы дауыспен қатты айқайлап жiберiп,
жерге қарай еңкейе түстi. Аздан соң оның шекпенiнiң сыртына шыққан қан көрiндi. Бiрақ
оған қарап жатқан ешкiм жоқ. Қызып алған жiгiттер өлгендерiне қарамастан, алға қарай
шауып барады.