Стр. 48 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

47
Сол арада Қазалының күншығыс жағынан “Бақтыбайлап!” ұран салған Ерболаттың
қолы көрiндi. Оның бер жағында ”Алдамжарлап!” ұран тастап, Қарасақал Шағырай
батырдың қолы жұлындай боп үзiлiп шықты. Дем арасында үш жақтан қамаған қазақ қолы
ию-қию араласты да кеттi.
Орыстардың әскерi осы бiр сәттi күткен сықылды екен. Бұлар үш жақтан кеп, бекiнiстiң
маңайында тоғыса бастағанда, зеңбiректер зiркiлдей жөнелдi. Алғашқы доп Қаракесек
Лұқпан батырдың қолының ортасына кеп түсiп, бес-алты ат пен он шақты кiсiнi жаралап
үлгердi. Екiншi доп нысанадан ауып барып түстi. Басқа жақтан да зеңбiректер зiркiлдеп
атыла бастады. Әсiресе, Ерболат батырдың жiгiттерiнiң ортасына екi доп қатар түсiп,
қатарын мүлдем сиретiп тастады. Шағырай батырдың қолынан да шығын баршылық. Қазақ
қолы соған да қарамастан, елiрiп алған аттарының бастарына еге бола алмай, дүркiрей аққан
ұлы селше түйдек-түйдек боп ағылып, бөренеден соғылған диуалға жақындап та қалды. Дәл
осы кезде жүздеген мылтық қатарынан гүрс-гүрс ете түстi. Алдыңғы жақта келе жатқан
жiгiттердiң бiразы баудай түстi. Бiраз атқа да оқ тидi. Құлаған аттарға кейiннен келiп қалған
аттар сүрiнiп, омақаса құлап жатты, Қолдары ербеңдеп, ұшып түскен жiгiттер беттерi шаң-
шаң боп, асып-сасып, керi қарай қаша жөнелдi. Оны көрген басқа сарбаздардың есi-түстерi
қалмады. Бiразы дауыстарын жырта айқайлап, бiрiн-бiрi боқтасып, көздерi қорқыныштан
түк көрмей алақтап, аттарының бастарын керi бұра алмай, әлек боп жатыр. Жүздеген
мылтық қатарынан тағы да гүрс-гүрс ете түскенде, көп сарбаз оққа ұшты. Елiрiп алған аттар
бастарына әл бермей, дауыстары құраққа шыға кiсiнеп, бет алдарына қарай безiп барады.
Ендi ес-түсi қалмаған жiгiттер кейiн қарай салды.
Қарасақал Шағырай батыр ызадан жарыла жаздап тұрып, қап-қара боп:
— Құдайдың бiр мылтығының да болмағанын қараш! — дедi. Ызадан оның көзiне жас
құйылып кеттi.
Осы кезде қатары селдiреп қалған Ерболат батырдың қолы кейiн шегiне берген едi. Сол
алас-қапаста Лұқпан батыр басына бiр ақыл сап етiп түсе қап, атын тебiне берiп, қарлыққан
дауыспен қатты айқайлап:
— Кейiн! Кейiн! Қайт кейiн! — деп өзi бас боп керi қарай шаба жөнелдi.
Батырды көрген қазақ қолы керi шаққа дегенде тоқтап, керi қарай серпiлдi. Тағы да
зеңбiрек күркiреп, доптар қашып бара жатқан аттылардың ортасына кеп жарылды.
Жараланған кiсiлер ат үстiнен жерге ұшып түсiп жатыр. Бiраз атқа оқ тиiп, омақаса құлап,
қан майданда қалды. Жаяу қалған сарбаздар алды-арттарына қарамай, кейiн қарай зытып
барады. Лұқпан батыр оқ жетпес жерге жеткесiн, атының басын тартьш, есi-түсi қалмай
қашып келе жатқан Қаракесектерге қарап:
— Тоқта! Тоқта! Қайт кейiн! — деп кесе-көлденеңдеп шаба бастады.
Ағылған топ оның айтқанын тыңдамай, бет алдына қарай шауып барады. Бес-алты
сарбаз көлденеңдей шауып, оларды шаққа дегенде тоқтатты. Қолдың бас-аяғын қайтадан
жинаймын дегенше, түс болды. Ақ көбiгi шығып, ырсылдаған жануарларды аяп, Лұқпан
сарбаздарын демалсын деп, аттарынан түсiрдi. Ауылдан алып шыққан тамақтарын жеп,
естерiн жиып, шәйлерiн iшiп, жiгiттер жыңғыл түбiнде көлеңкелеп отыр. Өздерi әбден
борша-борша боп терлеген. Бiразы жаңағы қорқыныштан ендi арылып, азырақ тiлге келе
бастады:
— Ойпырмай, мына доп дегенiң әлемет екен ғой, бәрiмiздi жойқын төбе қыла жаздады
ғой!
— Кезенiп атар оқ емес, мына келтекте қару боп па? Атылған мылтық жаудың
жанабына жетем дегенiңше өзiңдi жермен жексен етедi, — дедi бiр жiгiт ызалана сөйлеп.
— Құдай құртқанда, бiздi ана қамалға жеткiзбей құртты ғой!
— Iшiне бiр кiрсек, көрер едiк!
— Сойылды оңды-солды сiлтегенде, мылтық түгел, ана зеңбiрiгiң де денеме қыла
алмайды!
— Бiраз кiсi шәйiт боп кеттi-ау!
— Пақырлардың жаны жәннәтта болсын, имандары өздерiне жолдасы болсын, — деп,
бiр қартаңдау кiсi күбiрлеп дұға оқи жөнелдi.
Лұқпан батыр басқа жақтың қолдарын түгендеттi. Шағырайдың да, Ерболаттың да
жiгiттерiнде шығын көп екен. Бiраз адам атсыз қара жаяу қалыпты. Сол арада үш батыр
ақылдасып, күн батқанша Қазалы бекiнiсiн қоршап тұруға бекiндi. Қалғанын ретiне қарай
көрермiз дес-тi.
* * *
Олар Қазалыны қоршап, iшiнен тiрi жанды сыртқа шығармай қоршап тұрғанда, кеше
ағайындарының атқанына көнбей, қалыс қалған Шобан Тiлеулi батыр екi жүздей жiгiтiмен