5
Қалдыбай мұның ойын айтпай-ақ түсiнiп, басын ақырын изедi де, жұртқа әдейi қыр
көрсете күлген болды.
Бұлар өздерiне арнайы құрылған шатырларына келiп түскесiн, сыртта тұрған күзеттiң
күштiлiгiн байқап қалды. Одан жырылып шыға қою оңай емес. Сол арада Жәнiбек бағанағы
әскери адамның қолдарына мылтық ұстаған солдаттарға бiрдеме деп бұйыра сөйлеп
жатқанын көрiп қалды. Демек, бұл олардың бастығы болды.
Жәнiбек төсекке кеп жатқасын, басындағы сәлдесiн шешiп, оны екi бүктеп қоржынына
тыға салды да, қазақы жеңiл бөркiн киiп алды. Сосын етегi шұбатылған шапанын шешiп,
аңға шығатын аңшыдай ып-ықшам киiмдерiн кидi. Жаңа ғана қажы қалпында отырған ол
ендi бiр сәтте өзгерiп шыға кеп, басқа бiр түрге енгендей болды.
Аздан соң Қалдыбай сыртқа шығып, төңiректi барлап қайтты. Күзетшiлердiң бiразы
ұйықтап қалыпты. Бiрақ бағанағы орыс әлi ояу екен. Өзi аса сақ көрiнедi. Бұлар неде болса
деп, таңғы ұйқының талмаусыратар бiр сәтiн күттi. Мұндай асыққан кезде уақыт деген
мүлдем өтер емес. Әлденеге шыдамсызданған Жәнiбек әлмә-һәл шатырдың кенеп iргесiн
ақырын түрiп, сырт жаққа көз салып қояды. Осы кезде жұрттың бәрi қалың ұйқыға
пырылдай кiрiскен сияқты. Түн ортасы ауа шөпке шық түсе бастады. Бұ жақтың түнi салқын
болады екен, бұлардың бойлары тоңазып, сергек тартып сала бердi. Ұйқы деген мүлдем
қашып кеттi. Екеуi таң қараңғылығы ендi түседi-ау дегенде, сыртқа шықпақ болып едi, бiр
кiсiнiң берi қарай келе жатқанын байқап қап, көрпешенi жамылып, орындарына жата-жата
қалысты. Әлгi кiсi бұлардың шатырының есiгiн түртiнектей жүрiп ашып, берi қарай бiр
аттап тоқтады да, ақырын сыбырлай сөйлеп:
— Жәке, — дедi.
Жәнiбек Тортайдың даусын жазбай таныды. Бұл дереу басын көтерiп ап:
— Немене, жайшылық па? — дедi. Мұның даусы бiр түрлi қалтыранып кеттi.
Тортай бұлардың қасына жақын кеп, жерге бiр тiзерлей отырды да, ақырын сөйледi:
— Жәке, мыналар сiздi ұстап, Калугаға айдамақшы. Сiздiң Ақмешiтте орыстарға қарсы
соғысқаныңызды бiреу айтып қойыпты.
— Ау, олар кешiрдiк деп едi ғой? Онысы қайда?
— Өй, ол... — Ол қолын бiр сiлтедi.
— Ендi не iстедiк?
— Мен сiздiң анада... Хиуада жүргенiмде көрсеңiз де көрмеген болғаныңызды ұмытқан
емеспiн. Сонда ұстап берсеңiз, мына кәллә орнында болмас едi. Сол жақсылығыңыздың
өтеуi ретiнде... — Ол ендi мүлдем сыбырлай сөйледi. — Сiз... ендi кiдiрмеңiз. Таң атуға
жақын қалды. — Ол аяғын тездете басып, шатырдан сыртқа шығып кеттi.
Қалдыбай iске тез кiрiстi. Ол шатырдан ешкiмге көрiнбей шығып, жерге шөкелей отыра
ғап, жан-жағына абайлап қарап, тың тыңдады. Сосын бейсеубет жүрген ешкiм көрiнбегесiн,
iште тұрған бұған қолымен белгi бердi. Жәнiбек сыртқа шығып, Қалдыбайдың iзiне ердi.
Олар шатырлар құрылған жерден ұзап шыққасын барып, аспанда жыпырлап тұрған
жұлдыздарға қарап, бағыттарын анықтап алды да, бағана өздерi аттарын тұсап жiберген
жердi оп-оңай тауып алды. Екеуi жақындап келгенде, бiрдеменi сезген жануарлар бастарын
көтерiсiп ап, бұларды танып, жеңдерiнен иiскеледi. Қалдыбай пышағымен тұсауды асығыс
кесе салды да, ерттеулi тұрған атына қарғып мiндi. Жәнiбек те сүйттi. Сосын екеуi
қосарларына ерткен аттарын шылбырларынан ұстап, ол арадан ұзап шыға бердi. Әбден
шатырлардың қарасы көрiнбей кеткеннен кейiн барып, жетектегi аттардың шылбырларын
ерлерiнiң бастына байлай-байлай салды да, аттардың бас ерiктерiн өздерiне берiп, түн
қараңғылығын жаңғырықтырып, ағыза-ағыза жөнелдi.
2
Ырғыз бойының бозаң даласы басталғаннан кейiн барып Жәнiбек уһ деп демiн бiр-ақ
алды. Үш күнгi бойғы тынымсыз жүрiстен астарына мiнген аттардың борбайлары созылып,
ақ көбiгi шығып, шаршап қалғандықтан, тiзгiндерiн тартыңқырап, ендi қасындағы Қалдыбай
екеуi сары аяңмен жүрiп отырды. Олар сол беттерiмен Сырға қарай құлап келе жатып,
жолшыбай Ырғыз маңын жайлап отырған Шөмекей тайпасының Тоқа аталығына қарайтын
малды-жанды ауылдарға түсiп, тамақ жеп, әлденiп, аттарын тыңайтып алды. Ол ауылдарда
жыл сайын Сыр бойына, кейде одан да әрi Қызылдың iшiне дейiн дендеп барып қайтатын
Тоқалардың таныс кiсiлерi ұшыраса кеттi. Олар мұны көрген бойда-ақ жазбай танып,
құрметтеп қонақ қылып, малдарын сойып, құрақ ұшты да қалды.
Аттылы екеуi бiр-екi күннен кейiн Аққұмның етегiне iлiктi. Олар бiр төбеден асып
түскенде, етектегi бiр жалпақ жазықта жайылып жүрген енапат түйеге кездестi. Олардың
соңында бiр-екi түйешi жүр екен. Жәнiбек оларға жақын кеп, жөн сұрасты.
— Алмат батырдың аулына келе жатыр ек.