Стр. 50 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

49
салқын жел сол өрттi салқын тiлiмен үрлеп, құтырта лапылдатып, қою қараңғылықтың
таңын тiлiп, айналаны жарқыратып ұзақ тұрып алды.
Лұқпан батыр кеңес құрып, өртенiп жатқан жерден сарбаздарды шегiндiрiп әкеткендi
мақұл көрдi. Сосын олар жiгiттердiң бас-аяғын жинап, шәйiт болғандардың денелерiн алып,
керi серпiлдi. Жиырма шақты жiгiттi бөлiп, мерт болғандардың денелерiн түйелерге артып,
ауылға қарай жiбердi. Сосын күзеттi күшейтiп, iштен бiр кiсiнi шығартпастан, Қазалыны
қоршап тұрып алды.
Ертеңiне бозала таңнан олар ұйқыларынан тұрып, аяқтарына мiнiп кеттi. Жiгiттер
ауылдан пiсiрiп алып шыққан еттерiн жеп, шәйларын iшiп, әлденiп алғасын, қайтадан атқа
қонды. Бұ кезде Қазалының орнында жайнаған шоқ жатыр едi. Қамалдың сыртыдағы
диуалы түгел өртенiп кетiптi.
Лұқпан батыр қолын бастап кеп, кешегi әйдiк тамды қайтадан қоршап тұра қалды.
Бұлар тағы да бытырлап оқ атылар деп қорқасоқтап едi, там жақтан мылтық түгел, қарайған
кiсiлердiң қаралары да көрiнбедi. Бұлар таңғалып тұрғанда, бiр жiгiт аяғын еппен басып,
қыш тамды айналып өте бердi. Қолына қанжар ұстаған ол аяғын мышықша ақырын басып
барып, әрi қарай өтiп, сынған терезеден... мойнын созып, iшке қарады. Сосын iшке қарғып
кiрдi. Бұлар шошып қап:
— Қап, әттеген-ай, мына қасқаны өлтiрiп тастайтын болды-ау!
— Бұ кiм өзi? — десiп тұрғандарында, iш жақтан айғай шықты. Бұлар шошып қалды.
Сәлден соң әлгi жiгiт есiктен сыртқа шығып, бұларға қарап:
— Iште iжкiм де жоқ! Бәрi қашып кетiптi! — деп айғайлады.
— Не дейді?
— Сонда қалай қашқан?
— Жердiң астына кiрiп кеткен бе? — деп, сарбаздар iлгерi қарай лап қойды.
Шынында да, қыш тамның iшiнде бiр де бiр тiрi жан жоқ едi. Барлығы жылан
жалағандай жым-жылас жоқ бопты. Батырлар әр жердi қарап жүрiп, бiр арадан iз тапты.
Олар сол iзбен жүрiп отырып, дарияның жағасынан кеп шықты. Бұ жақ жабайы шошқа
жайлайтын қалың қопалық болатын. Әр жағы сарылдап ағып жатқан ұлы дария. Со кезде бiр
жiгiт:
— Олар, әне, кемемен қашып барады! — деп, қатты айғайлап жiбердi.
Барлығы жалт-жалт қараса, буы бұрқылдаған кеме дарияның ортасымен Аралға қарай
ығып барады екен. Үстерiне мiнген казактар бұларға қарап, жұдырықтарын түйедi. Бiр уақта
бұлар жаққа қарап тұрған зеңбiрек гүрс ете қалды. Запы боп қалған қазақтар бүрiсе бердi.
Бiрақ доп бұларға жетпей, дарияның жағалауына жақындап кеп, суға түсiп, аспанға ақ
көбiктi атқылап барып тынды.
Лұқпан батыр тең шешiмге келдi:
— Бiз екi жүз жiгiт боп кеменiң iзiн қуалап, жағамен жүрiп отырамыз. Оларды жағаға
жолатпаймыз! Қалғандарың мына қамалды түгелдей қиратыңдар!
— Мақұл.
Лұқпан батыр сол арада өзi бас болып, екi жүздей жiгiттi ертiп, кеменi жағалаумен
қуалай жөнелдi. Қалған сарбаздар Қазалы бекiнiсiн қиратуға кiрiстi. Олар құшақ-құшақ
қураған қамысты көтерiп әкелiп, ағаш үй-тамдардың бiрiн де қалдырмастан өртеп жiбердi.
Бiраздан кейiн сайын даланың ортасында тәнге түскеп жарадай боп тұрған Қазалы
бекiнiсiнiң орнында жайнаған қып-қызыл шоқ жатты.
Шағырай, Ерболат, Тiлеулi батырлардың қолдары ендi бiрге жүрiп, Лұқпан батыр
кеткен iзге түсiп ап, сылқытып тартты да отырды. Олар Сырдың Аралға құя берiс жерiнде
кездестi. Кiшкене кеме еш жерге тоқтамастан жүзiп барып, Аралға қойып кетiптi. Одан әрi
қуалауға шамаларының жоқтығын сезген Лұқпан батырдың қолы iркiлiп тұр екен. Ендi олар
аз-маз кеңесiп, керi қайтты. Өтеген-Нұрымбеттiң тұсына кеп, бiр күн еру қып, төрт батыр
қолдың тарамағанын қалады. Олардың ойынша, Райым жақтан күш жинап, Захваткиннiң
қайтадан келуi мүмкiн. Сол кезде қапы қалмайық деп, Қаракесек Лұқпан батырдың
ауылында екi жүздей сарбазды ұстай тұрғанды мақұл көрдi. Қалған батырлардың ауылдары
алыс кетпей, араларын жақындата қонып, құлақтарын жел жаққа түрiп отыруға тиiс. Бәтуа
осы боп, Әлiмдерiң қолы ауыл-ауылдарына қайтты.
Сол түнi алғаш рет күн суытып, терiскейдын қиыршықтап қар жауа бастады. Аспанды
торлап алған түрi суық қара бұлт айналаны дем арасында түнерттi де жiбердi. Аздан соң
соның бауырынан сынып түскендей боп, темiрдiң жаңқасынша майда қиыршық қар бетке
шым-шым тиiп, жерге құлай бастады. Ол келе-келе күшейiп, қалың қарға айналып кеттi.
Лезде жаз бойы төсiн күн қақтап, сарғайып кеткен қуаң дала ақ жамыл-ғандай боп кеңiнен
көсiлiп жатты.
Осы ақ қарға оранған даланың ертең-ақ қып-қызыл қанға бояларын сол түнi ешкiм де
анық бiлмеген едi.