50
14
Захваткин өртенiп жатқан Қазалыға ата жауын көргендей ызалана қарады:
— Мерзавцы! — дедi ол кiжiнiп. Бұрын-соңды қазақтардың мынадай өлермендiк
көрсеткенiн естрiп-көрмеген ол әуелгiде қатты сасып қалған-ды. Өзiнше топ-топ боп
жиналған бұратана халық зеңбiрек бiр-екi рет атқылағасын, зәрелерi ұша қорқып, бет-
беттерiне тым-тырақай қашып кетедi ғой деп жүрген. Сол себептi қазақтардың Лұқпан
батырдың аулына жиналып жатқанын күнi iлгерi естiсе де, оған онша назар аудара
қоймаған. Ол Ақмешiттегi Перонскийден көмек сұраймын-ау, дер кезiнде көмекке келiп
үлгерген, тұрбасынан буы бұрқылдаған кiшкене кемеге мiнiп, бұлайша Райым асамын-ау
деп ойламаған да болатын. Ендi екi бетi өрттей жанып, қасында сексиiп тұрған Нахаевқа жеп
жiберердей боп қарады. Ол ақыры ызалана келе бiр-ақ жарылды:
— Сволочь! Бәрi сенiң кесiрiң! Жазала дегенде, осылай жазалайтын ба едi? Мiне,
көрдiң бе ақырын? Ертең генералдың алдында не деп жауап беремiз, а? Сволочь, сен осы
соны ойладың ба, а? — Ол төнiп барып, Нахаевтың жағынан тартып-тартып жiбердi.
Нахаев қақшиып, тiк тұра қап, үндемедi. Өзiнiң көзi мөлиiп, ұнжырғасы әбден түсiп
кетiптi.
Захваткин сосын қолын артына қайыра ұстап, палубаның үстiнде әрлi-берлi жүрдi.
Бұлар Сырмен жүзiп кеп, Арал теңiзiне шыққаннан кейiн терiскейден қатты жел соғып, iрi
толқын тұрып, кiшкене кеменi олай-бұлай шайқай бастады. Бұрын кемеге мiнiп көрмеген
бұның аяқ асты кенет жеңiлейiп сала бергендей көрiндi. Бiр түрлi басы айналып, құсқысы
келдi. Кенет қабырғадағы бiр темiрден ұстап ап, аспанға қарап едi, зеңгiр көктегi
жыпырлаған жұлдыздарды көрсетпей, әлдеқандай түсi суық қара бұлт тұтаса торлап алған
екен. Айнала қап-қараңғы. Аздан кейiн қиыршықтап жауған қар бетiне тие бастады. Сол
кезде алдыңғы жақтан Бутаков шыға келдi. Ол көптен бәрi Арал теңiзi мен Сырдария
суының сапасын, тереңдiгiн, басқа да жағдаятын зерттеп, жаһаннамаға түсiрiп жүрген-дi.
Құдай айдап, со күнi ол Қазалыға келе қалмағанда, бұларды көтерiлген қазақтардың харап
қылуы әбден мүмкiн едi. Захваткин оған жылы ұшырай қарады.
Бутаков бұған жақын кеп тоқтап:
— Қар жауам дей ме? — дедi аспанға қарап тұрып.
— Сондай сыңайы бар.
— Тек жел соқпаса екен. — Ол бұған қарап, қолымен шекесiн қасыды. — Көмекке екi-
үш кiсi керек боп тұр.
— Не үшiн?
— Кочегарлыққа. Көмiр атуға.
— Жарайды.
Захваткин тездетiп Нахаевты шақырып алды да, оның жүзiне жеркене қарап тұрып:
— Қасыңа екi жiгiт ал да, көмiр ат! — дедi.
Нахаев қарсы ештеңе дей алмай:
— Құп! — деп, әрi бұрылып кеттi. Әшейiнде атты казактар ақ патшаның өздерiн
еркелетiп ұстайтынын бiлiп, бұның сөзiн жүре тындайтын. Бұ жолы мысы құрыған Нахаев
мұның бұйрығына амалсыз көндi.
Қараңғылық қоюлана түскен сайын, қар жапалақтап жауып, бiрде бұрқырай борап
кеттi. Жайқын жатқан теңiз үстi жыбырлап, ұлы қазанда қайнап жатқан үлкен суша көрiнiп
кеттi. Жапалақтаған қар толқып жатқан теңiз бетiне түседi де, iзiнше қап-қара бiрдеңге
айналып кетедi. Алдан бiр ызғырық жел тұрып алды. Захваткин плащын иығына жамылып,
арқасын желге берiп, терiс қарап тұр. Асығып жүрiп, бұлар iшетiн тамақ жайын ұмытып та
кеткен едi. Кемедегi бар тамақты обыр кiсiлер бағана-ақ тауысқан. Ендi Райымға жеткенше
қалайда шыдап бағады.
Түнде дауыл тұрды. Алып ақжал толқындар кiшкене кеменi әрi-берi лақтырып,
ауыздарынан ақ көбiгiн шаша сабалап, бұлардың әбден берекесiн қашырды. Атты казактар
құсып, бастары айналып, тiрiдей азапқа түстi. Қатты соққан дауыл таң алдында ғана
басылды. Ендi кiшкене кеме майда толқындары жыбырлап жатқан жайқын теңiздiң бетiн
тiлiп, еркiн жүзiп келедi.
Олар ертеңiне күн көтерiле Райымға жеттi. Райым бекiнiсiнiң бастығы Ерофеев
бұлардың жайына қанық екен, бiрден моншаны жақтырып, асханаға бұйрық берiп, әбiгерге
түстi де қалды.
Захваткин моншаға түсiп, самогоннан тартып-тартып алғасын барып, Ерофеевке өз
басынан кешкендерiн айта бастады. Мұны тыңдап отырған Ерофеев сенбей, көк көзi
бақырайып:
— Мүмкiн емес, — дедi.
— Не мүмкiн емес? — дедi Захваткин оған таңғала қарап.