51
— Олардың мынасын айтам да.
— Мүмкiн болмаса, мен осылай жүрем бе?
— Сонда да... кiсi сенбейтiн нәрсе екен.
— Сiз немене? — деп Захваткин кiлт ете қалды. Iшiнен: “Мынау қашып келдi деп отыр
ма?” — деген бiр күдiк лып ете қалды.
— Жоға, ренжiмеңiз, подполковник, — деп Ерофеев ендi майда мәймөңкеге көштi. —
Бұрын-соңды киргиз-кайсактардың мұндайын көрмегесiн... мен... былай...
— Мен де солай ойлағам. — Захваткин алдында көгiс тартып тұрған самогонға қол
созды. Сосын оны басына бiр-ақ көтердi. — Мен ана жабайы киргиз-кайсактарды...
зеңбiректiң даусын естiген бойда, зәре-құттары қалмай, бет-беттерiне тұра қашар деп
ойлаушы ем. Олай болмай шықты.
— Сонымен, ендi не iстемексiз?
— Генерал-губернаторға хабар беру қажет.
— Оған хабаршы кеше кеткен.
— Ендi соны күтемiз де.
Захваткин Райым бекiнiсiнде бiр аптадай болды. Өзiнiң атты казактары қара жаяу
қалған едi. Бiр күнi жүз кiсiден топ құрап, өзi бас болып, Сапаққұм жақтағы қазақтардың
малып тартып алып қайтты. Екi жүздей жылқыны айдап әкеп, атты казактарға таңдағанын
мiнгiздi. Өзi қайтадан қаһарына мiнiп, талтаңдай қалған. Оның мына жүрiсiне қарап осы
жерге қожайын адам екен деп қалатындайсың. Астам, паң. Кешегi шыбын жанын шүберекке
түйiп, кемеге мiне қашқанын ұмытып та кеткен.
Бiр жұмадан кейiн Перонскийдан хабаршы келдi. Ол жазылған қағазды Захваткинге
ұсынды. Онда генерал-губернатор мұның дұрыс саясат ұстай алмай отырғанын баса айтып,
әбден жеден алып, жерге салыпты. Жақында Қазалыға Фитингоф бастаған отрядтың
баратынын, мұның соның қарауына көшуi керектiгiн айтыпты. Захваткин қысылғаннан
маңдайына шыпшып шыға келген қара терiн алақанымен бiр күреп тастап:
— Вот тебе на! — дедi..
— Не болды? — деп, кеңседе әлдеқандай қағазды аударыстырып отырған Ерофеев
бұған аңтарыла қарады.
— Жәй, былай...
— Сонда...
— Қосымша күш келедi дейдi. Соған... — Захваткин iшiнде қып ете қалған күдiгiн онан
жасыруға тырысты. “Мынау менi қызметтен ысыру деген сөз ғой. Сонда... қалай болмақ?
Әлде... оның... басқаша бiр ойлағаны бар ма?”
Сол түнi Захваткин дұрыстап ұйықтай алмады. Ертеңiне ол әлденеге жыны қозып, атты
казактарға ақырып-бақырумен болды. Сәл нәстеге ренжiп, тiстеуiк аттай кiржiңдеп, қаз
ашуын тырнадан аладының керiн iстедi. Нахаевты боқтап, онда-мұнда жұмсап, әбден
зықысын шығарды.
Арада бiр жұма еттi. Фитинговтың отрядынан хабар болмай кеттi. Оның есесiне бiр
күнi кешке таман қосарына ат жетектеген Ережеп Райымға жетiп келдi. Ол бұларға
қазақтардың қолының тарап кеткенiн айтты. Захваткин ендi қайратына мiнiп, Ерофеевтен
қосымша әскер мен қару-жарақ алып, үш жүздей атты казакты бастап, Қазалыға жүрiп те
кеттi.
* * *
Ережеп атты казактарды бастап келе жатып, iшiнен бiр рет тiксiнiп қалғандай болды.
Аралдан ұзап шыққасын, сол жақта қалып бара жатқан бiр қара төбе басындағы аласалау
обаға әуелгiде таңырқай қараған-ды. Сосын оның Шықыман белгiсi екенi есiне түсiп, iштей
бiр түрлi боп кеттi. Баяғыда Қаракесек баласы Қызылжыңғыл Бабыс айналып, осы жерге кеп
қоныс тепкенде, Жолшара Ашабай батырды хан сайлап, оның көмекшiсi етiп Палуан
Шықыман, Майдан Киiкбай, Жиеней Сәрке, Қожамберлi Мойнақты белгiлеген-дi. Со жолы
олар Сырдың Аралға құя берiс тұсына кеп, қалың қарақалпақ ағайынмен бiрге жаз жайлап,
қыс қыстап, он шақты жылдай тұрған-ды. Ақыры қарақалпақтармен келiсе алмай, екi арада
араздық туып, Қаракесек әулетi атқа қонған едi. Соның ақырында Қарақалпақтар Шымбай
асып кеткен-дi. Сонда Палуан Шықыманның iстегендерi әлi жұрттың жадында. Есенәлiден
тарайтын Палуан мен Кiшкененiң арасында ерте күннен-ақ қыжыл бiр бар едi. Сол кездерi
қарақалпақтармен болған шайқаста Әлiмдердiң абызында жүрген Жетiру Тама Есет батыр
да көп қайрат көрсеткен едi. Оның жаңғыз қызы Тәжi Киiкбай батырда күйеуде болатын.
Арал жағына ертеректе ауып келген отыз шақты үйлi Тама өз елдерiне қайтып кете алмай,
Аралқұм мен Сапаққұмды қыстап қалған болатын. Бiр жолы Палуан Шықыман көптiң
көзiнше жасы егде тартқан Есетке: “Жерiң жоқ саяқ, балаң жоқ қу бас! Елiңе кет, кәрi ит!”
— деп, қатты-қатты сөз айтады. Сонда Есет батыр оны өлтiруге жұрттан ұялып: “Ә, күл