Стр. 54 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

53
қасығын табақтың жанына қоя сап, оларға көрсетпей iшiнен ас қайырып, керi қарай
ысырылды.
Ахияр бұған күле қарап:
— Қазақтың қазы-қартасы болмағасын, қиын, ә? — дедi,
Захваткин де күлiп:
— Ережеп мырза, асықпаңыз. Ертең Қазалыға барып бекiнiп, ана оңбаған бүлiкшiлердi
жазалағасын, әлi-ақ етке тоясыз, — дедi.
— Жа-за-ла-ғасын?
— Иә, солай. Мынадай жағдайдан кейiн, бiздi тып-тиыш отыра қалады дейсiз бе?
— Үйтсеңiз, ел тағы да толқып кетедi ғой. Сосын...
— Дәнеме де етпейдi. Күш атасын танымайды деген киргиз-кайсакта мақал бар екен.
Ертең әскер келгесiн, бас көтергеннiң бәрiн быт-шыт қыламыз. Сосын қайтып бүлiншiлiк
жасап көрсiн!
Мұны естiген бойда, Ережеп iштей тiксiнiп, самсоз бола қалды. Бiрақ сырын алдырмай,
артық тiс жармай, лапылдай жанған отқа қадалған қалпы отыра бердi.
Түнге қарай күн шұғыл суытты. Терiскейден соққан қатты жел жерге жаңа түскен
қарды үйiре соғып, жыландай ирелеңдеп, кiсiнiң қойны-қонышын тiнтiп болды. Аспанда
жалба-жұлба бұлттар әлдеқайда асыға көшiп барады. Әлi тола қоймаған ай да тоңғандай
жүзi қуқыл тартып, бетiн жапқан бұлттардың әр жағынан бұлдырап көрiнедi. Атты казактар
шатырларына кiрiп, жатып қалған. Ережеп iшiгiне оранып, тымағының бауын байлап ап, от
жанына кеп қисая кеттi. Сексеуiлдiң шоғы маздап, шырт-шырт етiп, қасқырдың көзiнше
жарқырап барып, мың құбылады, Сүйдегенше болмады, жақын бiр жерден iшегiн тарта
ұлыған қасқырдың даусы естiлдi. Сол-ақ екен, анадай жерде арбаға байлап қойған аттар
елеңдесiп, кiсiнесiп, құлақтарын қайшылап, жер тебiне бастады. Күзетте жүрген казактар
қасқырлар даусын созып ұлыған жаққа қарап, мылтықтарын бiр-бiр атты. Содан кейiн
қасқырлар бiраз уақытқа дейiн жоқ боп кеттi. Шамалыдан соң бiр қасқыр сол жақта сұлбасы
түн iшiнде қарауыта көрiнiп тұрған қара төбе жатқан даусын барынша созып, тыңдаған
кiсiнiң тұла бойын шымырлатып, ұза-а-а-қ ұлыды. Оған басқа жақтан ұлыған дауыстар кеп
қосылды. Мынадай кезеулi мылтықтан қорықпай, тура шабуға оқталып жүрген қасқырлар
бiр сәт оған сайын далада емiн-еркiн аунап-қунап өскен көшпендi елдiң алпамсадай
батырлары сияқтанып кеттi. Олар да кеше өңешi үңiрейген зеңбiрекке қарсы шауып,
өлермендiк көрсетiп, астамсып кеткен атты казактарды Райымға қарай қуып жiберiп, осы
кезде сайын даланы екi жақтан орап ала бастаған орыс мемлекетiн сұрап тұрған ақ
патшаның арам ойына қарсы әрекет ете алатындықтарын анық байқатқан-ды. Кәзiрде де
олардың тағы да мына қасиеттi қасқырлар сықылды түн iшiнде құба дүзде салқа жортып, ел
шетiне келген жымысқы жауды жағасынан ала кетейiн деп, кiрпiк iлмей жүрмегендерiне кiм
кепiл? Сонда мұның соңы неге апарып соқпақ? Тағы да ат үстiнде түн қатар алмағайып бiр
замана орнай қалса, жау жағына шығып ап, ата-баба әруағына қарсы келген мұның өз
жағдайы не болмақшы?
Осы жайды ерiксiз ойлап, қасқырлардың iшектерiн тарта, қатты ашына ұлыған
даусынан шошына түсiп, шақшадай басы шарадай болған Ережеп көпке дейiн кiрпiк iлiндiре
алмады.
15
Әлiмдердiң қол құрап, Қазалыдағы атты казактарды Райымға қарай қуып жiбергенi ел
арасына аңыз боп тарады. Аузы жеңiл, тiлi жүйрiк кiсiлер бiрiнен-бiрi естiп, жаңа ғана
тыңдаған әңгiмесiн екiншi ауылда өсiре айтып, болмағанды болғандай ғып дабырайта өсiрiп,
бiр сәтте кешегi болған уақиғаны қызық бiр әпсанаға, қиялдағы ғажайып ертекке
айналдырды да жiбердi. Сол әңгiменiң бiр шетi ақыры Тоғанақ батырдың құлағына да
шалынды. Оны жақында осы жаққа ат басын арнайы тiреп келген Тиышбек айтып кеттi. Ол
келген бойда, намаз оқитын кiсiше сарта жүгiнiп отырып, қос қолын кеудесiне қусырып,
көзiн жұмып, басын шайқап-шайқап қойып:
— Ойбай, Төке, айтары жоқ, қырғын әлемет болды ғой. Мына Қаракесек Лұқпан
батырдың төбесiнде бұлты бар екен. Әуелгiде орыстар зеңбiрiкпен атқылап, Қаракесектердi
паңайына жолатпапты. Олардың келгенiн келгендей тырқитып атып жыға берiптi. Сол арада
Лұқпан батыр бiр аллаға сыйынып, ұран тастап, сары масадай самсаған жауға жаңғыз өзi
қарсы шапқан екен, — жердiң жүзi кап-қара боп кетiптi дейдi. Сүйтсе, мұның төбесiндегi
бұлты күннiң көзiн жауып, айналаны қап-қара түнек қылып жiберiптi. Соны арқаланып, бұл
қамалға кiрiп ап, орыстарды қыра берiптi, қыра берiптi.
Осы араға келгенде Тоғанақ мырс ете қалды:
— Ау, қараңғыда жауды қалай көрген?