Стр. 7 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

6
— Ә, солай ма? Оның аулы ана йақта, — деп түйешi оң жақта тұрған қырдың нұсқады.
Жәнiбек ендi асықпай, аттарын ауанымен жүргiзе отырып, Аққұмның бұлағы көп, құм
суыра қоймайтын көгалдау бiр жерiнде отырған Алмат батырдың аулына жақындап келдi.
Алдарындағы дәл ортада тiгiлген ақ үйден асығыстау шыға келген бiр жiгiт бұларды көрiп,
жөн сұрасып, жандарына жақып кеп тоқтады. Жәнiбек өз жөндерiн айтты. Сосын iшке қайта
кiрiп кеткен әлгi жiгiт жүзi жайраңдап қайта келiп, бұларды аттарынан түсiрiп, қошемет
көрсеттi. Осы кезде жетiп келген қызметшi малайлар бұлардың аттарын шылбырынан
жетектеп аулақ алып кетiстi. Жәнiбек жерге түскесiн, күнi бойғы тынымсыз жүрiстен
құрысып қалған екi аяғын жазып, екi иығын қозғап, буындарын күтiрлетiп, бiраз тұрып
қалды. Содан кейiн үстiндегi түйе жүн шекпенiнiң етегiн қағып, оны шаңнан тазартып, аз-
кем тұрды. Үстi-басын жөндеп болғаннан кейiн барып ашық тұрған сықырлауық есiктен
iшке басын иiп кiре бердi.
Алмат батыр оң жақта қалың көпшiктi шынтақтап жатыр екен. Сәлем берiп кiрiп келе
жатқан мұны көрiп, буындары күтiрлеп, бойын тiктеп отырды да, мұнымен жылы шырай
көрсетiп амандасты. Сосын Қалдыбайдың қолын алып, екi қонаққа отырыңдар дегендей төр
жақты көзiмен нұсқады.
Жәнiбек пен Қалдыбай төрге озды. Жәнiбек батсайыдан тiгiлген тысы бар қалың
көрпенiң үстiне отырып болғасын, Алмат батырға бұрылып, амандық-саулық сұрасты. Оның
сұрағына жауап бере отырып, бiрде Алмат батырдың жүзiне абайлап қарап қойды. Ана бiр
жылы көргенiнде қайраты бетiне тепсiнiп тұрған кiсiнiң тiкендей шашына ақ дендеп кiрейiн
дептi. Өзiнiң сақал-мұрты да бурыл тарта бастапты. Соның салдарынан ба, батырдың түрiне
бiр түрлi кексе тартқан ажар орнай қалыпты. Бойы сәл-пәл еңкiш тартып, малдас құрып
отырғанда, алға қарай еңкейе түсетiн тәрiздi. Бiрақ оның аң алатын қыранның жанарындай
жалт қараған кезiнде қандай кiсiнiң болмасын тұла бойын мұздатып сала беретiн бiр суық
сұсы бар екi көзi баяғыша жайнап тұр.
— Иә, Жәнiбекжан, бұ жүрiсiң қай жүрiс? Бiздiң жаққа онша бейсеубет келе бермеушi
едiң? Сенi қандай жел қозғады деп бiр ұштығын таба алмай отырмын, — дедi Алмат батыр
бұның жүзiне жәй күлiмсiрей қарап қойып.
— Еске, бәндәның басы Алланың добы деген. Бұяққа шыға қоям деген ойым жоқ едi,
аяқ астында осылай боп қалды, — деп, Жәнiбек басынан не кешкенiн бiрiн қалдырмай
айтып шықты.
— Апырмай, ә? — дедi Алмат ойланып отырып. — Сонда бұ қалай болды, а? — деп, ол
жүзi алабұртып, қатты толқып кеттi. Лезде оның ақшылдау жүзiне бiр қатулық шапқан
сияқтанды.
Сол арада iшке қызметшi қатын кiрiп, қара сабаны пiсiп-пiсiп жiберiп, тостағандарға
қымыз құя бастады. Алмат батыр тостағандарды бұған өз қолымен ұсынып, iш, же деп,
қызмет жасап бақты.
Күн еңкей бере қызыметшi жiгiттер жас құлынның былбырап бабына келе пiскен етi
салынған екi әйдiк ағаш керсендi көтерiп әкеп, оң жаққа қойды. Iле-шала сол иығына сүлгi
салған бiр жас бала қолына леген мен құмыра ұстап, iшке кiрiп келдi де, қонақтардың
қолдарына су құя бастады. Жәнiбек қолын асықпай жуып болып, құс кездiгiнiң жүзiн суға
шылады да:
— Әйдiк жiгiт бол, — дедi. Сосын бала берген сүлгiнi алып, қолы мен құс кездiгiн
асықпай сүрттi.
Төменгi жақта отырып ет турауға кiрiскен бiр жас жiгiт бөлек табаққа салынған
Жәнiбекке арналған мүшенi мұның алдына қарай ысырып қойды. Сосын өзi жалаңдаған
пышағымен лыпылдатып құлынның етiн жапырақтап турай бастады.
Жәнiбек кездiгiмен алдына койылған жауырынды ақырын мүжи бастады. Калдыбай да
бiр жiлiктi мүжуге кiрiстi. Ол бағанадан берi атақты батырдың сом тұлғасынан көз алмай,
қызыға карап отырған-ды. Соны байқаса керек, Алмат бiрде оған назар аударып:
— Мына iнiмнiң бiраз жауды қайырардай қайраты бар ма деп отырмын. Серiгiң сенiмдi
болса, жауға қалмайсың деген осы, — дедi.
— Оныңыз рас, — деп Жәнiбек Калдыбайдың күзетшiнi қалай алып ұрғанын әңгiмелеп
бердi.
— Апырмай, сендер қоршаған оқ пен өрттiң арасынан аман шыққан екенсiңдер. Бұ
құданың құдiретiне шәк жоқ қой. Болмаса ондай жерден... Құтылып кету деген қиынның
киыны емес пе?
— Айтары жоқ, Еске. Құдай бiздi бiр рет сақтады. Болмаса мен бiткен жерiм осы шығар
деп отырғам, — дедi Жәнiбек шынын айтып.
— Е, қарағым, бәрiмiздiң де ақыры бiр бiтетiнiмiз рас. Тек сол шiркiннiң қапыл
келмегенi дұрыс та, — деп Алмат салмақпен сөйлеп, туралып болған етке толы табақты
мұның алдына қарай ысырды.