59
Ол жақында қыдырыстап барған кезiнде қатынының нағашы жұртының ертеде бұған
бiр мал атағаны есiне түсiп, Қазалының арғы бетiнде тұратын Асандарға барып қайтқан едi.
Сол сапарында бұл қырғын жиынның үстiнен түсiп, иманы қара таяқтай болған. Бұл
кездескен кiсiлерден сұрастыра отырып, Әлiмдердiң орыспен соғысамыз деп қол жинап,
көтерiлiп жатқанын бiлген. Сонда: “Мыналар нағыз жынды екен ғой. Мылтығы бар қаптаған
қалың жауға құр сойыл, найзамен не iстейдi?” — деп, оларды iштей сөкеттеп, Әлiмдердiң
ауылында көп кiдiрместен, аталған жылқыны қосарына алып, жаман атына мiнiп ап,
ауылына қарай тайып тұрған едi. Жылқыны ауылына әкеп тастаған соң, кенет басына бiр ой
шауып, осы жерде бiр пайданың шетi көрiнiп тұр-ау деп, дереу Аламесекте тұратын
Елмырза төреге қарай тартып кеткен-дi. Ол жолшыбай Каратамырларды аралап, олардың
қоңдылау деген кейбiреулерiнен жылу сұрап, қона-түстене отырып, Елмырзаға он шақты
күн дегенде әзер жеткен едi. Ендi ол атышулы төреге сенiмдi бiр кiсiсi сықылды боп
көрiнгiсi кеп, бар көрген-бiлгенiн жасырмай, тасырта айтып отыр.
Елмырза бұжыр бетiне қан шауып, жүзi аздап қызара түсiп, әлдеқандай ойға шомып,
ұзақ отырды. Аздан соң мұның жүзiне бiр рет қарап қойып, басынан тақиясын шешiп ап,
тақыр басын қолымен сипалады. Сосын сиректеу сақалын қолымен салалап отырып,
қалмақы қоңыр көзiн қыса түсiп:
— Мыналарың естерi жоқ екен. Хиуа мен Бұхарды бұйым демей отқан ақ патшаға не
iстей аламыз дейдi? Қызыл қарын бала-шағаларының қамын ойлаудың орнына, оққа қарсы
барып, — деп, бiраз iркiлiп қалды.
Сол арада Тиышбек дыбырлай сөйлеп:
— Елеке, мұны қойдырмаса болмайды. Сол үшiн де мен ит арқасы қияннан ат
сабылтып келiп отырым. Болмаса мен мұндай жерде жүретiн жеңiлтек кiсi емеспiн ғой, —
деп, ендi былай шыға келдi.
Елмырза мұның жүзiне барлай карады:
— Сонда... не демексiң?
— Дегенде бар ғой, ана Тоғанаққа оларға қосылма деңiз, сенi ақ патшаның ұлығымен
өзiм-ақ жарастырайын деңiз. Сiзден басқа бұ сөздi айтатын әтәберлi бiр де бiр кiсiнi көре
алмай отырмын. Хан десеңiз хансыз, оның үстiне ақ патшаның өзi мәпелеп шен таққан
пәлкәунiксiз, — дедi құйқылжып.
Елмырза мына мақтауға кеуiлi тоғайып, оған ырза бола қарап:
— Осы сөздi шыныңмен айтып отсаң, онда рет менiкi, — дедi.
— Ойбай, Елеке-ау, шынымен дегенiңiз неңiз? Мен сiзге өтiрiк айтып, немене менi
құдай ұрған ба? Мен, мiне жаным, мiне иманым, шын кеуiлiммен айтып отырым, — деп, ол
елпiлдеп, одан әрмен иiле түстi.
— Сонда... батырға кiмдi жiберейiн?
— Ойбай-ау, мына iнiң оған оң қолдай ғой. Сенiң сөзiңдi мен оған қалай жеткiзем?
Жеткiзгенде, әбдән құлпыртып жеткiзем ғой, — деп Тиышбек тағы да иiлiп-бүгiлiп,
елпiлдей түстi.
— Иә, сен сүйтесiң, — дедi Елмырза не кекеткенi, не қоштағаны белгiсiз бiр әжептарқы
бiр дауыспен.
— Е, сүйтпей, мен деген екi елдiң арасын бiтiстiретiн аузы дуалы би болмасам да, анау-
мынау дауыңды шеше алатын кiсiмiн ғой. Сен жұмсасаң, ана Тоғанақ батырға мен қала-а-ай
барам? Тек қана бұйрық бер! — деп, ол ендi құлшына түсiп, бойын тiктеп ап, молланың
алдында сабақта отырған шәкiрт балаша сарта жүгiнiп отыра қалды.
Елмырза оған табан астында не дерiн бiлмей, бiраз ойланып қалды. Iштей толғанып
отырып, өзiнiң мына бәтуасыздан жолдаған сөзiн батырдың оң құлағымен тыңдай қоймасын
анық бiлдi. Сосын бар жағдайды iштей тағы да бiр салыстырып шығып, мұны әуелi
Захваткинге жұмсағанды жөн көрдi. Сол ойына бекiнiп, ол сәл ырғалып қойып:
— Жарайды, Тиышбек, сен де бiр атаның баласы едiң, — дедi. — Сен оған бармастан
бұрын, әуелi орыстың ұлығына соқ. Мен хат жазып берейiн. Соны оған апарып бер. Бұл
тiсiңнен шығатын болмасын.
— Ойбай, Елеке, хан ием-ау, сен осы маған сенбей не отсың, а? Үйтiп тiс жарсам, мына
аузымдағы отыз екi тiсiм түгелiмен күйреп қалсын! Мiне-е,— деп ол апандай аузын ашып,
өзiнiң iрi, сойдақ тiстерiн саусағымен көрсеттi. — Менiң оған қайда барғанымды айтып
жыным бар ма? Бәрiн мұздай қылам.
Елмырза қызметшiсiн жұмсап, сия сауытын алдырды да, алдына ақ қағазды жайып,
қауырсын қаламның ұшын сияға әлмә-һәл баппен малып қойып, араб әрiптерiн әдемiлеп
салып, Захваткинге арнап хат жазды. Мұндайды өмiрi көрмеген Тиышбектiң аузы аңқайды
да қалды. Ол Елмырзаның тез-тез қимылдап жатқан нәзiк саусақтарына қайта-қайта
қарағыштап, бiр-екi ретi оған қарай құйрығымен ысырылып, жақындап та қойды. Тек
төренiң қатулы қабағын көрiп, одан әрi не iстерiн бiлмей, бiр орнында қатты да қалды.
Аздан соң Елмырза төре хатты жазып болды да, оны сыртына қаттылау қағаз салып,