Стр. 62 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

61
— Со-ла-а-ай! — деп, қиялай отырып онан-мұнан әңгiме айтып, Елмырза сол күнi
Тайпанды Жәнiбекке қарсы әбден қайрап бақты.
Арада бiрнеше күн өткеннен кейiн екi жүздей жiгiт жиналып, Елмырзаның ордасын
басып салды. Елмырға ендi кiдiрмедi. Ол қасына қосшыларын ертiп, Қазалыға қарай суыт
тартып кеттi.
Арқан бойы көтерiлген алып күннiң жылы сәулесiнен жiбiп, ылжырай түскен соқпа қар
аттардың шашасына дейiн су ғып тастаған. Аттар лайсаң жерлерде тайғанақтап, шаққа
жүрiп келедi. Төретамнан асқаннан кейiн барып, қар ширай түсiп, лайсаң жер кездеспедi.
Ендi олар жiтi жүрiп отырып, ет пiсiрiмдей уақыттан соң Дөсектер қоныстайтын
Байқожаның терiскей жағынан салдыртып өте шықты. Ол қосшыларының осы арада бiр
қонайық деп ыңғай көрсеткенiн де елемедi. Қашан Түбек, Құмойдан өтiп, Майлыбастың
кезiнен әрi асып түскенше тыным таппады. Егесiнiң осы мiнезiне қанық астындағы жирен
аты ақ қырау тұрып қалған басын ара-арасында шұлғып қойып, арылдай тартып келедi.
Захваткин мұны көрiп, көрдегi әкесi тiрiлiп келгендей қатты қуанды. Шынында да кеше
ғана бүлiншiлiкке түскен Қазалы бекiнiсiнiң бұрынғы ыпыны да қалмапты. Кешегi шайқас
кезiнде өртенiп кеткен ағаштан соққан тамдардың орындары қарайып жатыр. Атты казактар
қайтадан тездетiп, бөренелерден үй салған болыпты. Қазалы фортының сыртындағы
диуалды қалпына келтiрiптi. Дегенмен де кейбiр тұстары опырық кемпiрдiң аузындай
үңiрейiп тұр.
Елмырза көп ашылып сөйлей қойған жоқ. Захваткин болса, оның есесiне дәудiрлеп
жүр:
— Сұлтан, сiздiң келгенiңiз қандай жақсы болды! Мына надан киргиз-кайсактар
өткенде бәрiмiздi қырып кете жаздады. Кәзiрде де барлығы қандарына қарайып алған. Бұлар
қолына түссе, ешкiмдi де аямайды. Ендi қорғанып, бiрге соғысатын болдық.
— Е, солай деңiз, — дедi Елмырза бөлмеде әрлi-берлi кезiп жүрген оған iшкi сырын
бiрден шаша қоймай.
— Ана Фитингоф бастаған қол көмекке келедi дегенiне бiраз боп қалды. Одан әлге
дейiн хабар жоқ. Олардың қайда жүргенi белгiсiз.
— Олар Ақмешiттен шығып па едi?
— Жоға. Губернатор Перонский оны... ана Қармақшыда... Қосқорғанда бекiнiс соқ деп
қалдырған едi. — Ол бұның бетiне ойлана қарады. — Сонда Қармақшы мен Қазалының
арасы қанша верст, а?
— Берст? — дедi Елмырза оның мына сөзiне түсiнбей.
— Өй, ол... былай, — деп Захваткин мына төреге ол сөздi қалай түсiндiрерiн бiлмей, бiр
түрлi қызарақтап сала бердi. Сосын ол екi қолын екi жағына жайып тұрып: — Ол деген...
былай жердi өлшейтiн, — дедi.
Оның не айтқалы келе жатқанын сонда ғана пәмлеген Елмырза мырс етiп, күле түсiп:
— Ә, екi ара ма? Оны бiздiң ел шақырым дейдi, — дедi.
— Иә, солай.
— Ояғын кiм өлшеп көрiптi? Бiз болсақ, оны екi араға неше қонамыз деймiз. Шамамен
бiраз бар.
— Соның өзiнде де... Фитингофтың келетiн уақыты болып қалды.
— Болып қалды дейсiз бе? Жүгi ауыр болса, жәйiмен жүрiп келе атқан шығар. Пәле-
жаладан сау болса, келер. Шықса, қайда қашар дейсiз.
— Келгенде де, кiсi деген былай... тездетпей ме екен?
Захваткин әскердiң барлығын ертеңдерi болып қалатын шайқасқа дайындап ұстап отыр
екен. Зеңбiректердi Қазалы бекiнiсiнiң төрт жағына қойып үлгерiптi. Атты казактарды
тыным таптырмай, күнде жаттықтырып жатыр. Сол үстiне Қармақшыдан кешелерi асығыс
түрде шыққан Фитингофтың қолы келiп жеттi. Олардың мылтықтары мен оқ-дәрiлерi
жеткiлiктi екен. Фитингоф келген бойда өзiнiң әскери шенi үлкендiгiн арқаланып, Қазалы
қамалының басшысы Захваткин екендiгiн ескерiп те жатпастан, оған олай iсте, бұлай iсте
деп, дем арасында бар билiктi тартып ала қойды. Қолынан билiк кеткен сайын Захваткиннiң
қабағы тұнжырай түстi. Бiрақ мынадай кезде өзiнiң еш амал да iстей алмайтынын түсiнiп,
оның ыңғайына амалсыз жығыла бердi.
Елмырза өз жiгiттерiнiң қарағайдың исi аңқыған тар қамалда омалып отырып
қалғанына қатты қиналды. Бұлардың қонатын тамдары мүлдем аядай екен, ортаға қойылған
ағаш үстелдiң жанынан киiмдi кiсi шаққа өтпдi. Оның қасында қалай болса солай асығыс
салынған үлкен бастырмада байланып қойылған аттардың қиларының исi күнi бойы үй iшiн
алып кетедi. Оның үстiне, мынадай қамашауға үйренбеген жылқы малы түнi бойы елегзiп,
тебiнiп, мазасызданып бiтедi. Жануарлардың онысына елеңдеген жiгiттердiң де
ұйқыларының мазасы жоқ. Аз күннiң iшiнде олар жақтары суалып, азып-тоза бастады.
Аздан соң жiгiттер: