65
Сендердiң ағайын едi деп көмекке келгендерiңе алдыраз болсын. Ағайынның
ағайыншылығы осындай кiсi басына iс түскен кезде көрiнедi ғой. Басқа кезде кiм саған
жамбарсып, жақын боп жүрмейдi? Бiр жiлiктiң басын мүжiскен талай кiсi қара бастарын
қайттап, бет-беттерiне кеттi ғой. Оның ең жаманы — iшкi сырыңды бiлiп ап барып тайып
тұратыны. Болмаса, атадан алтау боп тусаң да, әркiмге бiр жаңғыздық деген, жаныңа
жанторсық қып кiмдi байлап жүресiң, — деп, Лұқпан батыр күрсiнiп, былайғы жерде жұртқа
айта бермес сырының бiр шетiн қылтитып шығарғандай болды.
Төрде отырған Байбосын мен Жаманқұл мұны естiп, қозғалақтасып қалды. Мына
сөздiң бiр жағының өздерiне тиiп жатқанын байқаған Жаманқұл қыбыжықтап:
— Бұ да құдайдың қолындағы iс қой, — дедi. — Кiсi кiсiмен жақын болмайын дей ме?
Алтын көрсе, перiште жолдан таяды дегендей, бiз осы нәпсiмiзге тиырым сала алмай, кейде
шайтанның азғыруына еремiз ғой. Содан барлық пәленiң басталатыны. Болмаса ағайынның
татулығына не жетсiн.
— Өйдөйт деген-ай!
— Содан артық не нәсте бар өзi?
— Татулықтан артық не болсын?
Шалдар қозғалақтасып, бiр-бiр тiл қатысып қалысты.
Жәнiбек Жаманқұлдың кешегi Дадабектiң тұсында Хиуаға қызмет қылып, мына
отырған ел-жұртқа талай рет тiзесiн батырғанын жақсы бiлетiн. Ол со кездерi ана марқұм
Мiрәлiмен ауыз бiрiктiрiп ап, Хиуа ханынан жығалы мөр алып, Кiшкененiң бар баласына
зорлық-зомбылық жасаған-ды. Әсiресе, оның тiзесi төрт Әйдәрбектiң балаларына қатты
батқан едi. Ендi Жаманқұл сонысының бәрiн аяқ астында тарса ұмытып кетiп, ағайынның
татулығы жайлы сұңқылдап отыр. Оны iштей жақтырмайтын Жәнiбек оған көзiн де
салмастан, аздап қабағын шытып:
— Татулық жайлы көп айтқаннан гөрi, соны орнатқан мақұл емес пе? — дедi. — Бiздiң
кейбiр туыстарымыз ол туралы сөздi гөйiтедi де, былай шыға бере, бәрiн де тарса ұмытып
кетедi. Сiрә, ағайынның аласынан артық не жаман бар өзi?
— Ол рас.
— Осы бiздiң-ақ аузымыз бiрiкпей қойды.
— Алауыздықты тастайық! — десiп, отырған жұрт барлығы дәп кәзiр татуласа
қалатындай боп, көпке дейiн қобырласудан танбады.
Лұқпан қабағын шытып, аз-кем отырып калды да, кенет тамағын кенеп:
— Сонымен бiзге Елмырза елшiлiкке келiп кеттi, — дедi.
— Сiз оған не дедiңiз?
— Оған не дейiн? Алған беттен қайтпаймыз дедiм.
— Оныңыз... дұрыс болған...
— Сосын... ақ патшаның сөзiне кiсi сенiп бола ма? Ол бүгiн былай дейдi, ертең олай
дейдi, ақырысында айтқан сөзiнен мүлдем танып шыға келедi. Дұшпанға үйтiп алданып қор
болғанша, онан да қан майданда өлгеннiң өзi-ақ жақсы емес пе?
— Әй, бәрекелле! Сонда Елмырза... осы кiмнiң сойылын соғып жүр, а?
— Кiмнiң болсын, ана ақ патшаның да. Кiм таққа отырғызам десе, ол ештемеге де
қарамайтын төрелердiң бұрынғыдан келе атқан әдетi емес пе? Шамасы, мұның да хан
болғысы келетiн ойы бар сияқты. Бiрақ оның үстiнен қарап отқан ақ патша оған ерiк бере
қояр ма екен? Ол ретi келген жерде төреңдi де тоңқалаң астыра салатын шығар. Соны
ойлаудың орнына... ол өзi патшадан шен алғалы бермен қатты өзгерiп кеттi. Кәзiр баяғы
Елмырза жоқ, — дедi ол бұлардың жүздерiне барлай қарап.
— Бәндә деген шен мен шекпеннiң құлы емес пе?
— Оның айтары жоқ. — Лұқпан батыр тағы да бұларға қарады. — Мына Ардана,
Татырандардың сарбаздары келмей жатыр. Қалғанымыздың бас-аяғы түгенделiп қалды.
— Сонда... шайқасты қашан бастамақшысыз?
— Соны ойластырып жатырмын. Қыстың көзi қырауда бұлай ашық далада қыстап
отыра бергенмiз онша қолайлы да емес. Әуелi iске бiр кiрiсу ғой, сосын қалғаны өз-өзiнен
бола бередi.
— Шынында да солай. Көп ұзамай бастағаныңыз мақұл. Сiз осы... мына орыстардың
қолы жайлы хабар алып тұрсыз ба?
— Аздап. — Ол Жаманқұлдар жаққа бiр түрлi сенбегендей кескiнмен көз қиығын
тастап қойды. — Жақында оларға көмекке Қармақшы жақтан қол келiптi дейдi. Оның саны
онша көп болмаса керек.
— Олардың қарау-жарағы сайлы шығар?
— Ояғы мықты.
— Жоққа жүйрiк жетпейдi деген. Неде болса, құдайдың басқа не салғанын көремiз де...
Аздан кейiн Тоғанақ пен Жәнiбек өздерi түскен қарүйге кеттi. Олар iшiктерiн шештi де,
төсекке киiмшең қалпы қисая кетiстi. Жатарын жатса да, Жәнiбек көпке дейiн көз iлiндiре