66
алмады. Тастай төсекте әрлi-берлi аунақшыды. Ақыры болмағасын, Жәнiбек орнынан
тұрып, аяғын ақырын басып барып, сыртқа шықты. Дала тып-тиыш екен. Ай сүттей жарық.
Айдың жоғарыдан дiрiлдей құйылған сәулесiне шомылған, ақ қар басқан сайын дала кең
көсiлiп жатыр. Сонау көз ұшындағы қыр жақ бозаңытып көрiнедi. Еш жерде жылтыраған от
жоқ. Құлаққа ұрған танадай тиыштыққа елтiп, Жәнiбек бiраз тұрды. Аздап есiнеп алды.
Сосын қараүйге қайтадан кiрдi де, орнына кеп жатты. Аздан соң ол мызғып кеттi. Содан таң
атқанда барып бiр-ақ оянды. Басын көтерiп, жан-жағына қараса, жұрттың бәрi орындарынан
тұрып кетiптi. Бұл ыңғайсызданып қап, орнынан тез тұрды да, сыртқа шығып, есiк алдында
тұрған құманды ала сап, бетi-қолын жуды.
Сол күнi тағы да Әлiм, Шөменнiң қолбасылары бас қосқан үлкен кеңес болды.
Әлiмдердiң қолына Лұқпан батыр басшылық ететiн болды. Ал Тоғанақ пен Жәнiбектiң
жiгiттерiн Қазалының желке жағында ұстап, атты казактар төтеннен шабуыл жасап
қалатындай болса, оларға тосқауыл ретiнде пайдаланғанды жөн көрдi. Содан кейiн Татыран
Тәбекеннен әлге дейiн хабар болмағасын, Лұқпан әлденеге алаңдай түсiп, жүзбасыларға
соны күтелiк дедi. Сол күнi ол Әйдербектерге тағы да арнайы шабар жiбердi. Соның егжей-
тегжейi анықталғаннан кейiн барып, шайқасты басталық деп келiстi.
Бұ кезде желтоқсан айының ақыры болып қалған да едi. Арада бiрнеше күн өттi.
Татыран Тәбекеннен хабар бола қоймады. Сүйтiп кiдiрiстеп, алаңдап отырғандарында
қаңтар айы да туды. Ендi қар жаумай, сары шұнақ аяз сықырлап тұрып алды. Ол қаңтардың
бiр-екiсiне таман мүлдем күшейiп кеттi. Таңертең қораланып шыққан күн бiр түрлi жүзi
бұлыңғыр тартып, жер бетiне беретiн жылуын аяғандай, мүлдем алыстай түсiп, қызарып
барып, ұясына тез батып кетедi. Содан бастап түн баласында сiрескен бiр аяз тұрып алды.
Ол өзiнiң бiр үскiрiк тартқан суық лебiмен қара жерде сiресiп жатқан көне қарды онан әрмен
ширата түсiп, оны сарытабан етiп тастап, қылшылдаған қалпынан айнымай, ұзақ тұрып
алды.
Сыр бойында тау басынан бұрқан-талқан боп ақтарыла құлаған ұлы селше үлкен бiр
шайқастың болатын күнi жақындай түстi.
21
Арада бiр күн өткеннен кейiн Әлiмдердiң екi мыңға жуық қолы құмырсқадай қаптап
кеп, Қазалыны екi жақтан қоршады. Орыс әскерлерi бұлардан хабардар болса керек, ұрысқа
жақсылап дайындалыпты. Оның үстiне генерал-губернатор Перонский тездетiп жiберген
генерал-майор Фитингофтың 320 жаяу солдаты, 300 атты казагы мен 3 жәй, 3 ракеталы
станокты зеңбiрегi оларды әскердiң саны жағынан теңестiре қоймаса да, қару-жарақ
жағынан қазақтарға қарағанда артық етiп көрсеттi. Оларға Елмырзаның бес жүздей қолы
келiп қосылғанда, Қазалы қамалының iшi құжынаған әскерге толды да кеттi.
Әлiмдердiң қолы Қазалы бекiнiсiн үш жақтан қоршап, бiрден шабуылға шыға қоймай,
әуелгi күнi аңыс аңдап тұрып алды. Өздерiнiң бiрден шабуылға шығуларының қиынға
соғарын бiлiп, Лұқпан батыр со күнi қысқаша кеңес құрды. Батырдың ойынша, қамалдан
ешкiмдi сыртқа шығармай, бiр-екi күн байқап көру қажет. Содан кейiн тура шабуылға
шыққан мақұл. Сол арада Жаманқұл тұрып:
— Кәзiр Қазалыны қоршап, шалқайып жатып алатындай жаз айы емес. Мына суық
сүйектен өтiп барады. Кiсiлер онсыз да шаршаған. Бүйтiп аңыс аңдап құр босқа отыра
беремiз бе? Неде болса шабуылға шығайық, — дедi.
Оны Байбосын да қолдады. Сол арада Тоғанақ:
— Ақылға салайық, асықпайық, — дегеннен басқа ештеме айта қоймады.
Шынында да, қыстыгүнi қараша үйлерде тұрған кiсiлер қалжырай бастаған едi. Оның
үстiне, күн қатты суық боп, жұрттың әптер-тәптерiн шығарып жiберген. Лұқпан сол арада
тәуекел деп, шабуылға ертең шығамыз деп бiр тоқтамға келдi.
Ертеңiне күн ашық болды. Таңертеңнен тұрып алған қатты аяз тынысты тарылтып,
кiсiлердiң тұла бойларын түршiктiрiп жiбердi. Жерде жатқан қар сықырлап қалған.
Аттардың жалдары ақ қырауға малынған. Олардың демдерi сыртқа ақ бу боп бұрқырай
шығады. Тоғанақ батыр сарбаздарын бастап тосқауылға кеттi. Жәнiбек олардың шабуылды
қашан бастауы керектiгiн жеткiзу үшiн Лұқпан батыр тұрған жерде қалды.
Дала тып-тиыш. Аяз беттi қарып барады. Күн арқан бойы көтерiлiп қалды. Сол кезде
Лұқпан жүздiктердi басқаратын Жиеней Шабақұлы Сырлыбайды, Төртқара Әлiмұлы
Үмбеттi, Керейт Зүменұлы Аманқожаны шақырып ап, Қазалыға қай жақтан шабуыл жасау
керектiгiн айтты. Байбосынның қолы орыстарға тура қарсы маңдайдан баруға тиiс болды.
Байбосын әуелгiде:
— Бүйткеннiң өзi... қалай болар екен? — деп, қашқақтап едi, Лұқпан сөздi қысқасынан
кесiп: