67
— Осыдан дұрысы жоқ. Бару керек, — деп, оның бұлталағына көнбей қойды.
Аздан кейiн алғашқы екi жүздiк ыңғайлы жерге қарай кеттi. Аманқожаның қолы
батыстан, Үмбеттiң жүздiгi шығыстан тиiсетiн болды. Сырлыбайдың жүздiгi бұлардың
соңын ала жүрiп отырып, қолайлы тұсты аңдып тұрып шабуылдайтын боп келiсiлдi.
Шамалыдан соң Аманқожаның жүздiгi Қазалының батыс бетiндегi кең жазыққа кеп
топтала бастады. Жiгiттер аттарына мiнiп, қолдарына сойыл-найзаларын алып, гу-гу
сөйлесiп, желпiнiсiп алған. Тоғанақ оларға кеп:
— Шапқанда ұйлығыспаңдар. Араларыңды қашық ұстап шабыңдар! Олардың доб
дегенi жаман болады, — дедi.
— Мақұл.
— Шынында да, осы дұрыс.
Сол арада Аманқожа қынабынан қайқы қылышын суырып ап:
— Уа, сарбаздар! Дiн исламның хас жауын құртайық! Алланың өзi жар болсын! Кәне,
тарттық! — деп атын тебiнiп кеп калды.
— Кеттiк!
— Тарттық!
— Иә, ақсарбас!
— Алла, өзiң жар бола гөр!
— Бақтыбай! Бақтыбай! — деп, гуiлдескен жiгiттер iлгерi қарай тарта жөнелдi.
Елiрiп алған аттар болат тұяқтарымен жерде қиыршықталып қалған карды арттарына
қарай бұрқырата атып, алға қарай заулап барады. Жiгiттер аттарының жалына жабысып
алыпты. Олардың қарсы алдарынан шығып, көтерiлiп бара жатқан күн сәулесiнен барлық
маңай жарқырап, алдыңғы жақты анық көрсетпейдi.
Олар қара төбеден асып, еңiске қарай салғанда, Қазалы бекiнiсiнен зiркiлдеп
зеңбiректер атыла бастады. Алғашқы доп ысқырып ұли кеп түскенде, қар бұрқырап, аспанға
қарай шашылды. Жарықшақ ешкiмге тимедi. Әуелгiде мұндайды көрмеген жiгiттер қатты
қорқып кеттi. Кейбiреуi аттарының бастарын бұрып ап, кейiн қарай қаша жөнелдi. Жәнiбек
олардың алдарынан кесе-көлденеңдей шауып:
— Қайт! Қайт! — деп, айқай салды.
Сасқан жұрт мұның өзiн қағып кететiндей боп тырқырай қашып келедi. Осы кезде алға
қарай дүмелiп барып қалған топтың ортасына қатарынан кеп үш доп жарылды. Адамдардың
ойбайы, аттардың ащы кiсiнегенi анық естiлдi. Табан астында он шақты жiгiт тiл тартпай
кеттi. Аманқожа оған да қарамастан, топ алдына түсiп ап, iлгерi қарай шауып барады. Ол сол
бетiмен кiсi бойындай етiп салынған диуалға жақындай бергенде, қатарынан гүрс-гүрс етiп
атылған бiрнеше мылтықтың оғы дәл тиiп, ер үстiнен жерге қарай сыпырылып түсе бердi.
Сол уақытта тағы да бiр доп ысқырған қалпы алдыңғы түйдектiң қақ ортасына кеп түстi.
Бiрнеше ат үркiп қап, омақаса құлады. Бес-алты жiгiт жарықшақ тиiп, құлап түстi. Бiр
Қаракесек жiгiтiнiң қарнын жарықшақ тiлiп кеткен екен, ол iшегiн жерге сүйретiп, кейiн
қарай қаша бастағанда, қалғандарының зәрелерi ұшып кеттi. Боқтасып, айқайласып, әбден
сасқан жiгiттер ендi аттарынан қарғып-қарғып түсе сап, кейiн қарай қаша жөнелдi. Оларды
орыс әскерi штуцер мылтығымен бiр-бiрлеп көздеп атып, баудай қиып түсiре бердi.
Екi жiгiт қатты жараланған Аманқожаны бораған оқ iшiнен алып шыққан екен. Оны
көрiп, Лұқпан жүзi түтiге қап-қара боп тұрып:
— Ана Байбосындар неге шаппады? — деп, Жәнiбекке қарады.
Жәнiбек екi иығын қиқаң еткiздi:
— Ояғын... бiлмедiм.
— Кәзiр тез бар! Шабуылға шықсын!
— Мақұл! — деп, Жәнiбек атына тез мiне сап, Байбосынның қолы тұрған төбеге қарай
ағызып шаба жөнепдi. Оның қарсы алдынан соққан суық желден екi көзi жасаурады.
Құлағының түбiнен әлдеқандай бiр суық жел ысқыра соғып, кейiн қарай өтiп барады. Ол да
айнымаған оқ сықылды. Жәнiбек шауып келе жатқанда, көзiне ысырылып түсiп кете берген
түлкi тымағын оң қолымен керi қарай ысырып қойып, тоқтамастан сатырлатып шаба бердi.
Ол сол пәтiмен асып-сасып жетiп келсе, Байбосынның қолы аттарынан түсiп ап, алдыңғы
жақта болып жатқан кырғын жайлы ду-ду әңгiме етiп, жайбарақат отыр. Бұл келе
Байбосынға адырая қарап:
— Батыр неге шабуылға шықпады деп жатыр, — дедi.
Байбосын бұған қарап, бәрiнен күдерi үзiлгендей түрмен, шолақ қамшы ұстап тұрған
қолын бiр-ақ сiлтедi:
— Аналардың шыққанын көрдiк қой. Барлығы жусап қалды. Мынадай қарша бораған
оққа қалай қарсы бара аласың?
— Батыр тездеп шапсын деп жатыр, — дедi Жәнiбек ентiгiн баса алмай тұрып.
— Немене жаны шығып бара ма екен? Шығамыз да кәзiр, — деп, Байбосын күңк ете
қалды да, терiс айналып жүре бердi. Оның мына қалпы әлденеге өкпелеген баладай.