68
Жәнiбек оған не дерiн бiлмей, атының басын бұрып ап, Лұқпан тұрған жаққа қарай
салды. Ағызып келген бетте оған бар көрген-бiлгенiн айтты. Соны ести сала қап-қара боп
кеткен Лұқпан ызаланып:
— Әй, осыдан-ақ күйiп бiттiм-ау, — дедi.
Бұл кезде Үмбет пен Сырлыбайдың жүздiктерi шабуылға шыққан екен. Бұлар төбенiң
басында тұрып, iлгерi жаққа қарады. Бұ жолғы ұрыстың түрi де, әдiс-айласы да бұрынғыға
қарағанда мүлдем бөлекше болып шықты. Бекiнiстiң iшiнде тұрған орыс әскерлерi
түйдектелiп, ұлы селше ағылып келiп қалған қазақтардың сыңсыған қолын өздерiне
жақындатып алып барып, зеңбiрек пен мылтықтан атқылай бастапты. Олар он шақты
штуцер бесатарын бiр мезгiлде қосыла атып қалғанда, ысқырып ұшқан оқтар бiрнеше атқа
тиiп, оларды омақастыра құлатты. Алдыңғы жақта келе жатқан бiр ожыр қара сарбаз екi
қолы ербеңдеген күйi құлай бастаған атының жалынан асып барып, тоң жерге басымен жер
сүзе құлап түстi. Орнынан жалма-жан атып жұра берген оны кейiнгi жақтан лықсып келiп
қалған көп ат омырауларымен қаға-маға құлатты да, өздерi арттан итермелеген зор күштiң
салдарынан iлгерi қарай лықси бердi. Орыстар ендi мылтық атуды жиiлетiп жiбердi. Сонда
да қазақтар өлген-тiрiлгендерiне қарайтын емес. Дем арасында олардың бiразы ағаш
бөренелерден қиып салынған, биiктiгi кiсi бойы келетiн диуалға жақындап та қалды. Дәл
осы кезде қамалдың шығыс жақтағы әйдiк есiгi екi жаққа қарай айқара ашылып, кәрi
кемпiрдiң тiссiз аузынша аз-маз қарауыта опырайып тұрды да, сәлден соң оның әр жағынан
берi қарай сатырлата шауып келе жатқан жүз шақты атты әскердiң қарасы көрiндi. Аздан
кейiн бекiнiстiң iшiнен жүзге жуық атты казак қылыштарын жалаңдатқан қалпы ашық
далаға қарай суырылып шауып шыға келдi. Соны көрiп, Лұқпан:
— Аналар шықты! Жәнiбек, қасыңа жүздiгiңдi ал да, соларға қарсы шық! — дедi.
— Мақұл!
Жәнiбек атын тебiнiп кеп қалды да, тосқауылда тұрған Тоғанаққа келдi де, мән-жайды
айтты. Сосын Қалдыбай мен Қожақ бастаған елу шақты жiгiттi ертiп, қанды майдан болып
жатқан жаққа қарай ағыза жөнелдi. Өзi қолдың алдына түсiп ап, пырылдай шапқан атының
жалына жабысқан қалпы испаһани қайқыл қылышын қынабынан суырып ап, оңтайлап ұстап
келедi. Алдыңғы жақтағы ұлы нөпiр ызы-қиқуға айнала бастағанда бұлар да түйдектелiп
жеткен едi. Жаңа бекiнiстiң диуалына жақындап барып қалған қазақтар ту сырттарынан
келiп тиiскен атты казактарды ұзын қайың сойылдарын оңды-солды сiлтеп, қастарына
жолатпай, ырсылдап, боқтасып, олармен арыстанша арпалысып жатыр екен. Олардың
iштерiндегi бiр-акi найзагер жiгiт бiр қапысын тауып, аттары үркiп, ерiксiз шоғырлана
берген бiр-екi атты қазакты түйреп түсiрiптi. Олардың екi жағында Үмбет пен Сырлыбай
ырс-ырс етiп, боқтап, дауыстарын қатты шығара барқырап, көздерiне қан тола айқасып жүр.
Бұлар дүсiрлетiп шауып жеткенде сасып қалған атты қазактар өздерiнiң қоршауда қалатын
шамасын бiлiп, айғайласып, у-шу боп, асып-сасып керi қарай серпiле бердi.
— Арт жақтан ораңдар! Ұрыңдар! — деп, Жәнiбек қатты айқайлап, олардың жолын
кеспек боп, кесе-көлденеңдей ұмтылды.
Соғыс әруағы ұстап кеткен, әбден желiгiп алған жiгiттер осы кезде ұйлығыса бастаған
атты казактарға қарай лап қойды. Аттар ырсылдап, көздерi шоқтай жайнап, iлгерi қарай
ұмтылғанда, дем арасында атты казактар мен қазақтар ығы-жығы боп араласты да кеттi.
Боқтасқан кiсiлердiң дауыстары құлақ тұндырады. Қылыштарын жұмсай алмай қалған атты
казактарды жiгiттер келте шоқпарларымен бiр-бiр қойып, аттарынан жерге құлатып түсiре
бердi. Жәнiбек топалаңның арасынан шеттеп шығып, бiр еңгезердей, сақалы қауғадай атты
казактың басқа бiр Әлiм жiгiтiнiң бүйiрiне қайқы қылышының ұшын кiрш еткiзе сұғып
алғанын байқап қалды. Ол сол арада өзiне не болын не қойғанын аңдаған да жоқ. Жәнiбек
атын тебiнiп қап, оның сыртынан, басынан төменгi оң жауырынын ала қиялай кеп шапты.
Алмас қылыш адам денесiне сыр етiп ене түсiп, сүйектердi сытырлата кесiп өте шықты.
Еңгезердей орыс: “Оһ!” — дедi де, қолына ұстаған қылышын түсiрiп жiберiп, ат үстiнен
жерге қарай құлай бердi. Оның мойнынан шыпшып аққан қан шолақ тонының сыртына
шығып, сорғалаған қалпы жирен атының сауырына барып төгiлдi. Сол сәтте адам қанының
бiр түрлi жылымшы исi мұның мұрнына келдi. Жәнiбек одан құсқысы келгендей жеркенiп
қап, атының басын тез бұрып ап, керi шегiнiп кеттi.
Шайқасқа кiрiсіп кеткен Қалдыбай да ұрыс әруағы ұстап, әбден желiгiп алған едi. Қара
күшi зор палуан жiгiт сойылын құлаштап сiлтегенде, бiр де бiр казак оған қарсы тұра
алмады. Талайының басы жарылып, қолы сынып, жерге тоңқалаң асып құлап жатты. Сол
арада өздерiнiң қоршауда қалғанын бiлген атты казактар ендi жан аямай шайқасты. Соны
бiлген Үмбет айқайлап:
— Араларыңды ашыңдар! Олар қашсын! — дедi.
Бұйрыққа бiрден бағына қоймаған жiгiттер бiр-бiрлерiне айғайлай жүрiп, әзер дегенде
естерiн жинап, керi серпiлдi де, кенет екi жаққа қақ бөлiнiп, араларын сыналай аша бердi.
Бұлардың қандай қулық ойлағанын кәпелiмде аңдап жатпастан, асып-сасқан атты казактар