Стр. 70 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

69
ашылған саңылауға қарай лап қойды. Олар ашық тұстан бiр бiрiн итермелеп өте берген
кезде, қазақтар оларға екi бүйiрден кеп тиiстi. Ендi қалай шайқасудың ретiн таппай, қатты
сасып қалған атты казактар қаруларын да дұрыстап жұмсай алмай, қалайда мына қоршауды
бұзып-жарып өтудi көздеп, iлгерi қарай ерiксiз лықси бердi. Сәлден соң олардың аралары
ашылып, қатарлары сирей бастады. Соны күткен қазақтар үрейi ұша қашып бара жатқан
атты казактарды, жеткенiн жеткен жерлерiнде, қолдарына ұстаған ұзын қайың
сойылдарымен тобықтарынан бiр-бiр ұрып, ат үстiнен жерге құлатып түсiре бердi.
Осы қырғынның кезiнде Жәнiбек Үмбетке жақындап кеп, оның құлағына аузын тақап,
айғайлай сөйлеп:
— Ана өлгендердiң қылыштарын алайық, — деп айқайлады.
— Сүйтсек сүйтейiк! — деп, ол қасында жүрген бiр-екi жiгiтке бұйрық бердi. Олар
жерге түсе-түсе қап, өлiп жатқан атты қазактардың қылыштары мен найзаларын жинай
бастады. Қалған жiгiттер де сүйттi. Дәл осы кезде бағанадан берi үнi өшiп қалған қаһарлы
зеңбiректер қайтадан зiркiлдеп қоя бердi. Алғашқы екi доп ай далаға лағып кетiп барып
жарылды. Ендi шын шайқастың басталғанын бiлген Жәнiбек жiгiттерге қарап айқайлап:
— Араларыңды алшақ ұстаңдар! Былтырай жүрiңдер! — дедi. Өзi сол арада жерде бiр
жағына қарай қисая құлап жатқан, үстi-басын қызыл қан көмiп кеткен, сарғыш шашы
жалбырап, қар-қар боп қалған бiр жастау атты казактың жанына жалпағынан түскен
қылышын ат үстiнен жерге қарай шалт еңкейiп барды да, оны қолымен ала сап, қайтадан ер
үстiнде дұрысталып отыра салысымен, кейiнгi жаққа қарай дүсiрлетiп шаба жөнелдi.
Қалдыбай мен Қожақ та мұның iзiнен салды. Шөмекейдiң сарбаздары бiраз қылышты
қолға түсiрген екен. Әлiм жағының жiгiттерi де олжалы боп қалыпты. Олар зеңбiректер
қайтадан зiркiлдеп атыла бастағанда, араларын кең ашып, селдiрей шауып, қатарларын
бұзбастан, керi шегiнiп кеттi.
Жүзбасылар оқ жетпес жерде тұрып, қан майданда құлап жатқан сарбаздарды ойша
шамалап, санаған болды. Бүгiнгi шайқаста қазақтардан жиырма-отыздай сарбаз шәйiт
болыпты. Он шақты жiгiт жараланыпты. Жәнiбек оларды жараланған жерлерiңе киiздi
күйдiрiп басыңдар деп, тездетiп кейiнгi жаққа жiбердi.
Сол күнi түске дейiн қазақтар Қазалы бекiнiсiн тағы да екi рет шабуылдады. Бiрақ
қамалдың iшiне баса-көктеп кiре алмады. Ағаш диуалдардың қалқасында тұрып алған
орыстың әскерлерi мылтықтарын бiр мезгiлде атып, оқты қарша боратып, бұларды
маңдарына онша жақындатпай, қазақтардың қатарларын сирете бердi. Содан кейiн
көтерiлiсшiлер керi шегiнiп кеттi.
22
Бұлар қан қырғынға кiрiсiп кеткен кезде шабуылға шыққан болған Байбосынның қолы
орта жолда тоқтап, керi шегiне бастаған едi. Соны көрiп, Лұқпан шауып барып, оны түтiп
жердей боп тұрып:
— Сенiң мұның не, а? Неге шегiндiңдер? Кешегi берген антың қайда? — деп,
Байбосынға қадала түстi.
Анау дүңк ете қалды:
— Өй, бүйтiп соғысқаны бар болсын! Баяғыдай жекпе-жекке шықпайтын бұ да соғыс
па? Ана қарша борап тұрған оққа қарсы барып, босқа қырылатын жағдайымыз жоқ. Әнеки,
қараш, соны бiлмегендер бостан-босқа өлiп жатқан жоқ па?
— Немене сенiң жаның сол өлгендерден артық па? — дедi Лұқпан ақырып.
— Артық деп жатқан iжкiм де жоқ. Мен әскердi сақтайын дедiм. Ертең де соғысатын
күн бар емес пе?
— Сен мына қалпыңмен соғысарсың, — дедi Лұқпан қап-қара боп.— Кәне, шабуылға
шығасың ба, шықпайсың ба, шыныңды айт! Болмаса, — деп батыр қылышының балдағына
қолын апара бердi.
Байбосынның қара бетi дем арасында қуарып кеттi. Қалың, түрiк ернi бұртиып,
жылайтын балаша дiр-дiр етiп:
— Мен... сақтанып едiм. Әгәрда шық десең, шығайын, — дедi.
— Шыққанда бар ғой, дәп кәзiр шық! Өзiм осы жерде тұрып, сыртыңнан бақылаймын.
— Жақсы, шығайық!
Байбосын өз жiгiттерiне бұйрық берiп, оларды аттарына қондырды да, әлдекiмдi әке-
шешесiнен бермен қарай боқтап жүрiп, өзi қолдың алдына түсiп, Қазалы бекiнсiне қарай
жүрiп кеттi. Лұқпан олардың не iстеп, не қойғанын төбе басында тұрып бақылады.
Байбосынның қолы корқасоқтай жүрiп отырып, қамалға аса жақындамай, бiр жерге барып
шоғырлана бастады.
— Анау неге тоқтап қалды? — дедi Лұқпан ызаланып.