70
— Дәл үстiне доп түссе, бәрi бекерге қырылады-ау, — дедi Жәнiбек шынымен өкiнiп.
Сол арада Байбосынның қолы селдiреп, қаптағандай боп, iлгерi қарай шоқытып жүрiп
кеттi. Алдыңғы жақтан атылған жүздеген мылтықтың бытырлаған даусы естiлдi. Зеңбiрек
бiр-екi рет гүрс-гүрс еттi де, кенеттен тиыла қалды. Тоғанақ алдыңғы жақтан шыққан у-шуға
құлағын тосып, күннен көзiн көлегейлеп, ұзақ тесiле қарады. О жақта болып жатқан ызы-
қиқу арасында кiмнiң не iстеп жүргенi белгiсiз. Бұлар жарым сағаттай уақыттан соң
Байбосынның қолының керi қарай тым-тырақай қашып келе жатқанын анық көрдi. Бәрiнiң
алдында — Байбосын. Өзiнiң бiр самайын қылыш тiлiп кетiптi. Ол келе атынан жерге дүрс
етiп түсе қап:
— Ойбай, олар паңайына жолататын емес! Оқ деген қарша борап тұр! — дедi аптыға
сөйлеп.
— Е, сен қалай деп едiң? — Лұқпан ендi оған қарамай, атын тебiнiп қап, төбе басына
тiгiлген қараша үйiне қарай жүрiп кеттi.
Жәнiбек Тоғанақ батыр тұрған жаққа кеттi. Бұл келсе, Тоғанақ атынан түсiп, бiр
қарағаштың түбiнде отыр екен. Қалған жiгiттер де аттарынан түсiп алысқан. Осы кезде
Қалдыбай мен Қожақ бастаған елу шақты сарбаз да жеттi. олардың арасында жараланғандар
бар екен. Соларды көрiп, Тоғанақ басын сәл шайқағандай болды:
— Оқ қалай екен?
— Өй, оның не қалайы бар, Төке, — дедi Қалдыбай қолын сiлтей сөйлеп. — Әуелгiде
қорқынышты едi, кейiннен кiсiнiң етi үйренiп кетедi екен, оны масаның ызыңындай көрiп те
алдық.
— Солай ма?
— Солайы солай ғой... Бiрақ... — Қалдыбай ернiн қырқа тiстедi. — Құр таяқпен не
қырып жарытасың? Ендi осылайша бiр-екi рет шапсақ... кiм бiлiптi...
— Иә, — дедi Тоғанақ батыр күрсiнiп қойып. — Шамасы, бұрынғы заман өте бастаған-
ау... Ендi демалыңдар.
Шөмекейдiң сарбаздары сол жерде жыңғылдарды сындырып әкеп, лаулатып от жағып,
шанаштарына салған пiскен еттi кiшкене қазанға сап, ысыта бастады. Аздан соң ыссы сорпа
iшiп, ет жеп, бойлары жылынған жiгiттер аман қалғандарына қуанғандай боп, дәудiрлесiп
сөйлесе бастады:
— Бiз мыналардың қарасынан қорқып жүр екенбiз.
— Айтпа.
— Оларға да жан керек екен.
— Дегенмен жаттыққан әскердiң жөнi бөлек. Ана атты казактардың атқан шабуы бiзге
көбiрек ұқсайды. Әрi өздерi қылышкер.
— Сонда... осы... олардың атты казак деп аталғаны несi?
— Итiм бiлiп пе?
— Олар осы... бiз сияқты қазақ емес пе?
— Қайдам ояғын.
— Сонда аты неге ұқсас?
— Кiм бiлiптi? Менiң бiлетiнiм, олар шоқыншық.
— Өздерi орысша сөйлейдi ғой...
— Е, сен немене оларды орыша сөйлемесе, қазақша сөйлетейiн деп пе ең?
— Жоға-ау, өздерi атты казак бола тұра, неге атты казакша сөйлемейдi? Орысша ана
мұжықтар сөйлемей ме?
— Осы сенiң сөзiңнiң жаны бар. Шынында да-ау...
— Мүмкiн, олар шоқынып кеткен қазақтар шығар?
— Өй, қойшы сен де бiр қайдағыны айтып...
— Болмаса олар неге атты орыс атанбайды?
— Сен бар ғой... соны кәзiр ана Қазалыға бар да, солардың өздерiнен сұрап қайт.
Мүмкiн... әзiрге тақымың жылыға тиген жоқ, солардың семiз бiр маржасын алып қаларсың...
— Ойбай, iшегiм. Ендi не дейiн...
— Ха-ха-ха-ха!
Соны айтқан әлгi жiгiт сол арада ызаланғандай боп тұрып:
— Е, алса несi бар? Оны ана әңгүдiк Төлеу де алыпты дейдi ғой. Сонда онда бар, бiзде
жоқ па? — дедi.
— Шынында да, сондай сөз бар.
— Оны жақын арада ... ана Табын қайынжұртына барып қайтыпты дейдi ғой...
— Ол рас. Содан қайтып келе жатып, ол орыстардың керуенiн шауыпты, бiр маржасын
алып кетiптi.
— Е, пәле басы тағы да сол екен ғой.
— Сен ендi кiм деп едiң? Содан кейiн ана атты казактар ауылдарды шапқан дейдi.
— Ойбай-ау, сонда кiнәлi өзiмiз болып шықтық па? Ендеше...