71
— Не ендеше? Бiздер де қызықпыз, айдаладағы бiреу үшiн... шайқасып...
— Шынында да, мынау бiр өзi...
— Мұны Төкең бiле ме екен?
— Бiлетiн шығар. О кiсi ағайын көмек сұрағасын... амалсыз...
— Со да ағайыншылық па? Кешелерi Дадабекке арқа сүйеп... ақұдайлар бiзге не
iстемедi?
— Айтары жоқ.
— Сонда бiз кiмнiң жыртысын жыртып жүрмiз, а?
— Оны ана жыртылған шапаныңның жеңiне қарап бiл, — деп бiр сарбаз әзiл айтқан
болды.
— Онан да бiрiң өл де, бiрiң қал деп...
Сарбаздар бiр-бiрлерiне сұрай қарасты. Аздан кейiн олардың бет-жүзiнен мына
шайқасқа қатысуға құлықсыз екендiктерi көрiне бастады. Содан кейiн олар сәл мызғып
алмақ боп, отырған жерлерiнде жусанның түбiртектерiне бастарын қойып, қисая-қисая
кетiстi.
* * *
Сол күнi қазақтар Қазалы қамалына басып кiре алмады. Түстен кейiн болған екi рет
шабуылдан да ештеме өнбедi. Сол арада Лұқпан өз қолының үрейi ұшып, ұнжырғасы түсе
бастағанын байқап, жiгiттердi демалсын деп, кешке қарай керi шегiнуге жарлық еттi. Қатары
сирей бастаған қалың қол Қарлан жаққа жеткесiн, Лұқпан жаралыларды тездетiп дарияның
арғы бетiне өткiздi де, қайтадан мал сойдыртып, бүгiнгi шайқаста орыстармен саспай
арпалысқан сарбаздарына ыссы тамақ бергiздi. Дәл осы кезде үш жүздей кiсiсiмен Татыран
Тәбекен де жеткен едi. Лұқпан оған сазара қарап тұрып:
— Сен неге осыншама кешiктiң? — дедi.
— Ойбай, Ақа, менi кешiгейiн деп кесiктi дейсiң бе? Ана елдiң басын қосу тiптен қиын
болды. Содан қолға iлiккенiн жинап, соғысайын деп келе атқан бетiм осы, — деп, ол ақтала
сөйледi.
Лұқпан оған сенбегендей сазара қарап, ұзақ тұрып қалды.
Кешкiсiн түнде Қазалы жақты торуылдайтын шолғыншы жiгiтттер белгiлендi. Аздан
соң үш жаққа бөлiнген шолғыншылар тұмылдырық салынған аттарына мiнiп, ашық көк
аспанда быжынаған жұлдыздарға қарап бағдар алып, осы кезде салқын тартып сала берген
түн қараңғылығына сiңiп жоқ болды.
Түнде екi жақ та тырп еткен жоқ.
23
Кешкiсiн Фитингоф барлық жүзбасыларды жинап алды. Бүгiнгi қолайсыз шайқастан
кейiн атты казактардың қатары бiраз селдiреп қалған екен. Олардың көбi жараланып
қалыпты. Бағана қазақтар шабуылға шыққанда, өзi оларды бiрден қырып-жойып
жiберетiндей көрiп, дарбазаны ашып, атты қазактарды қарсы шығарып едi. Ол қолдарына
сойыл ұстаған қазақтарды бұлайша соғысады деп еш уақта ойламаған болатын. Олардың ат
үстiндегi ұрысқа мықты екенiн ендi көрiп, әуелгiде бұлардың қатарында ағылшындардың
әскерi жоқ па екен деп те қалған-ды. Ендi сол жасаған кәтелiгiн есiне алып, Захваткиннiң
масайрап отырғанын көрiп, бұл өз-өзiнен ызалана түстi. Жүндес қолы сәл-пәл дiрiлдеп,
үстел үстiнде жатқан Қазалы төңiрегiнiң картасына қарап, ұшын үшкiрлеп шығарған
қарындашымен көтерiлiсшiлердiң тұрған тұстарын қызыл сызықпен қоршап қойды. Сосын
жүзбасыларға қарап:
— Ал, мырзалар, ертең не iстеймiз? Соны ақылдасып алайық. Кәне, кiмнiң қандай
ұсынысы бар? — дедi.
Бүгiнгi шайқастан шошып қалған жүзбасы-сотниктер бiрден үндей қоймады. Тек қана
Нахаев тұрып:
— Менiң ойымша, ертең олар қамалды қоршамайды. Бәрi бет-бетiне тарап кетуге тиiс,
— дедi.
— Сiз оны қайдан бiлдiңiз? — дедi Фитингоф оған тесiле қарап.
— Мен оларды жақсы бiлем. Олар бiр қорықса, бұл маңайға қайтып жоламайды.
— Солай ма? — дедi, ол даусын соза сөйлеп. Сосын ол басқа сотниктерге қарады. —
Тағы кiмнiң ұсынысы бар?
Сол арада Елмырза тұрып, даусын баппен шығарып:
— Менiңше, ертең де корғанғанымыз жөн. Олар қайтадан шаба қалса, оларды
жақындатып алып барып, әбдән тақап келгенiн күтiп, оқты қарша борату керек. Сондай екi-