Стр. 74 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

73
қазақтардың... оған... иә, сол батырға... қандары қас. Кейiнiнен оны осылардың өзi-ақ мерт
қылады.
— Онда... дұрыс екен. Мыналар осыны түсiнiп қалған жоқ па? — дедi Фитингоф көзiн
картадан алмастан.
— Жоқ, бұлар орысша бiлмейдi, — дедi Ахияр дыбырлай сөйлеп.
Елмырза мен Ережеп бұлардың аса бiр маңызды шаруа жайлы сөйлесiп кеткендерiн
сезiп, өздерiн шеттеткендерiн байқап, аздап коңырайысып қалған едi. Соны сезген
Фитингоф оларға қарап:
— Сiздер кешiрiңiздер, бiз азық-түлiк жайында сөйлесiп жатырмыз, — дедi.
Елмырза бұларға сенбей қарады. Ережеп болса, оларға сыр бермей, өтiрiк күлiмсiреп,
басын сәл-пәл иiп:
— Өте жақсы, — дедi.
Фитингоф мына қазақтың терең екенiн аңғарып, екiншiгәрi бұлардың көзiнпе мұндай
әңгiменi айтпау керек екен деп түйдi. Сосын орнынан тұрып, олардың қолдарын қысып:
— Бүгiн жатып, демалыңыздар. Ертең қатты шайқас болады, — дедi.
Елмырза мен Ережеп жатар орындарына кеткесiн, Фитингоф Захваткин екеуi оңаша
қалды. Ол жол дорбасын ашып, iшiнен француздың пуншын шығарып, оны үстелдiң үстiне
қойды:
— Кәнеки, бiр-бiр бокалдан алып тасталық. Шаршадық дегендей.
— Бiздiң мұндай қымбат дүниенi iшпегенiмiзге осы қанша боп қалды екен? — деп,
Захваткин көзiн қысып, оның жүзiне қулана қарады. — Мына сусыз, қу мекиен сахарада
қымыздан басқа денеме де жоқ.
— Сәл сабыр етiңiз. Ертең бәрiн жаулап алғасын, Ресейдiң мұжықтары осы жаққа
ауады. Сосын француздың шампаны мен пуншын сылқиып тойғанша iшетiн боламыз, —
дедi Фитингоф алғаш рет күлiмсiреп.
— Ол бiр тамаша болар едi!
Олар қызыл пуншты бiр-бiр бокалдан iштi де, жатпақ боп тарқасты.
* * *
Елмырза мен Ережеп оты гүрлеп жанып жатқан бөлмеде оңаша қалғасын, өзара
күбiрлесiп сөйлестi.
— Елеке, жаңа аналар... — Ол тоқтай қап, есiкке жақын барып, бiреу-мiреу жоқ па деп,
құлағын тосып тыңдады. Сосын сезiктi ештеме бiлiнбегесiн, қайтадан орнына кеп отырды.
— Жаңа ана кәпiрлер... осы... не жайында сөйлестi екен?
— Соны мен де түсiне алмай отырым. — Елмырза екi алақанын екi жаққа қарай жайды.
— Бұлардың тiлiн бiлмегесiн, өзi... бiр түрлi қиын екен. Аузын буған өгiздей отыра бересiң.
Ана қызылбет тiлмәшiң осы... бiзге бәрiн аудара бермейдi-ау!
— Мен де солай деп күдiк алып жүрмiн.
— Ендi... көнбеске амал жоқ. — Елмырза күрсiндi. — Аналарды айтам-ау. Өздерiнде ес
жоқ екен, босқа қырылады ғой.
— Мен де сүйдеп отырым. Шамасы, осының бәрiн бүлдiрiп жүрген бiреу бар.
— О кiм сонда?
— Ояғын ашық айта қою... былай, өзi... қиындау.
— Не десе де... өзi... — Ережеп күлiмсiреген болды.
— Қалай десең де, мұның аяғы жақсы бола қоймайды.
— Ана Жаманқұлдан хабар жоқ па? — дедi Ережеп ендi сыбырлай сөйлеп.
— Кеше олардың бiр жiгiтi ұлыққа келiп кеткен. Оны сыртқа шыға бергенiнде ұстап ап,
қоясының бәрiн құсқыздым. Оның айтуынша, Татырандардың қолы келе атқан көрiнедi.
— Елеке-ай, осы сiздiң де iстемейтiнiңiз жоқ, — деп, Ережеп өтiрiк шиқылдай күлдi.
— Ендi кәйтейiн. Шыдамай кеттiм. — Елмырза да кеңкiлдеп күлдi.
— Осы, Елеке, мыналар кейiннен үйез дей ме, мүйез дей ме, бiрдеңе құрады дейдi ғой.
Сiздiң сояғынан хабарыңыз жоқ па?
— О жайында мен де естiгем. Бұлар Қазалы мен Ақмешiттi жеке-жеке үйез қылатын
көрiнедi.
— Үйез деген не пәлә?
— Оны... итiм бiлiп пе?
— Үйез деп шапқылап жүрiп, ертеңдерi үйiмiздi таба алмай қап жүрмеймiз бе? —
Ережеп қулана күлдi.
— Қайдам. Менiң бар бiлетiнiм, ендi бұрынғыдай би дегендерiң болмайды. Оның
орнын үйез басады. Үйездiң бастығы орыс болады. Ал оған көмекшiлер өзiң сықылды
әтеберлi кiсiлерден сайланады.