74
— Е, онда дұрыс екен. — Ережеп кеуiлденiп сала бердi. — Осыншама жалпақтап
жүргенде, ертеңдерi далада қалсақ, не боламыз?
— Неге, олар жақсылықты қайырады ғой.
— Солай ма?
— Менiң бiлуiмше, солай. — Ол күлдi. — Қой, жатып демалайық. Ертең қойдың кезегi
дегендей. Ал жақсы!
24
.
Таң ағарып атқанда, атты казактар қамалдың iшiнде бүгiн болатын шайқасқа сақадай
сай дайын тұрған-ды. Бүгiн күннiң бетi берi қайтайын дептi. Сонау тақтайдай даланың
шетiнен бiр шекесi қылтиып көрiнiп келе жатқан күннiң көзi қып-қызыл. Аспанда теңгедей
де бұлт жоқ. Түндегi сақырлаған сары аяздың кәрi сыныпты,— терiскейден бiр майда леп
еседi. Орыс әскерлерi асығыс-үсiгiс жуына сап, бекiнiстiң диуал жағына барып, от жағып,
тамақ пiсiрiп жатыр. Мына жақта зеңбiрекшiлер зыр жүгiрiп жүр. Оның бер жағында атты
казактар қылыштарын дөңгелектеу келген шартасқа қайрап, әлек боп жатыр. Өздерi әлдене
жайлы боқтаса отырып, қауқылдасып қояды.
Күн арқан бойы көтерiлгенше Әлiмдердiң әскерiнен еш хабар болмады. Жан-жағына
сақ қарап отырған Фитингофтың тақаты таусылайын дедi. Ол бiрде қасындағы Захваткинге
кiналай көз тастап:
— Әй, олар ендi келе қоймас. Шамасы, олар кешегi атылған зеңбiректiң даусынан
зәрелерi зәр түбiне кетiп, бет-бетiне қашып кеткен болды, — дедi.
Захваткин ащы мырс ете қалды:
— Асықпаңыз. Олар келедi әлi.
Сүйткенше болмады, қарауылда тұрған бiр казак қатты айқайлап жiбердi. Бұлар айқай
шыққан жаққа жалт-жалт қараса, кеше қара құртша қайнап әскер шыққан жақтан берi қарай
келе жатқан бiр қарайған көрiндi. Әуелгiде қарайғанның саны аздау сықылды едi, келе-келе
олар қара құрттай қаптаған қалың қолға айналды. Қазақтар аттарын асықпай жүргiзе
отырып, бекiнiске жақындай бердi. Олар оқ жетпейтiн жерге кеп тоқтап, әлденеге
шоғырлана түсiп, кенет үшке бөлiндi. Захваткин тағы да мырс еттi:
— Олар... өткендегiдей қоршай бастады.
— Қоршай берсiн. Олардың әуселесiн көрiп алдық! — деп, Фитингоф жерге бiр түкiрдi.
— Мұндай жабайы халықты түгел қырып тастамаса болмайды!
— Соныңызды iс жүзiнде көрсетiңiз, — дедi Захваткин әжуалай күлiмсiреп.
Фитингоф үндемей, әрi қарай бұрылып кеттi. Сосын қаттырақ дауыстай сөйлеп,
батареяларға дайын тұрыңдар деп бұйрық бердi. Содан соң жаңғыз көздi дүрбiсiн көзiне
апарып, қазақтардың қолдарының қалай қарай жүрiп келе жатқанын бақылады.
Қазақтар үшке бөлiнгеннен кейiн де, тырп етпей тұрып алды. Күн ұлы сәскеге
жақындап қалса да, олардың қарсы шабуылға шығатын түрлерi көрiнбедi. Осы кезде
ұзындығы есiк пен төрдей көк атқа мiнген, үстiндегi сауытының шығыршығы күн сәулесiне
жарқырай шағылысып, анда-санда жалт ете қалып тұрған бiр алып кiсi оқ жетпейтiн жердегi
төбе басына кеп тұрды. Ол жаққа дүрбiмен қарап тұрған Фитингоф Елмырзаға бұрылып:
— Мынауың кiм? — деп сұрады.
Елмырза да оны көрiп тұр едi. Ол сол жерде бiр түрлi аяған кескiнмен, ақырын ғана:
— Бiздiң кешелi бермен аузымыздан тастамай айтып жүрген батырымыз осы кiсi, —
дедi.
— Өзi қандай iрi, а? — дедi Фитингоф сол арада таңғалғанын жасыра алмай.
— Жалпы қазақтар iрi келедi. Батыр деп солардың iшiндегi ең алыбын айтады.
— Солай екендiгi айтпай-ақ көрiнiп тұр. — Фитингоф таңдайын қағып, басын шайқады.
— Егерде мылтық пен зеңбiрек деген атымен жоқ бұрынғы рыцарьлардың заманы болса ғой,
мына кiсi бәрiмiздi қайқы қылышпен-ақ қырып кетер едi. Құдайдың оқ-дәрiнi ойлап
таптырған... мұнысына да шүкiршiлiк, — деп, ол сол арада оң қолын маңдайы мен екi
иығына лып-лып еткiзiп апарып, тез-тез шоқынып алды.
Өмiрi мұндайды көрмеген Елмырза оған шошына қарады. Оның мына орыстың
шоқынғанын бiр түрлi әбес көрiп қалған Ережеп оны бiр бүйiрiнен түртiп:
— Ертеңдерi бiздiң балдарымыз да өйiстiп шоқынып жүрмесе жарады, — дедi.
— Құдай сақтай көрсiн о пәлесiнен!
— Мұның ақыры солай болмай, қайда барар дейсiң?
Осы кезде қазақтар үш жақтан қоршалап, iлгерi қарай жүре бастады. Фитингоф
қасындағы адъютантына айқайлап:
— Батареялар оларды жақындатып барып атқыласын! Әр снарядты үнемдесiн! — деп
қысқаша бұйрық бердi.
Адъютант жүгiре жөнелдi.