Стр. 76 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

75
Қазақтар бекiнiске жақындап келдi де, кенет ду ете қап, айғайлай ұран тастап, алға
қарай лап қойды. Бұ жолы зеңбiрекшiлер аспай-саспай, дәл көздеп ата бастады. Бiрнеше
снаряд қалың топтың ортасына барып жарылып, бiраз кiсiнi жер қаптырды. Аттар құлап,
аяқтарымен жер сабалап, теңкиiп-теңкиiп сұлап жатты. Қара жаяу қалған қазақтар ендi
асып-сасып, керi қарай қаша бастады. Соны байқап қалған Фитингоф қатты айқайлап:
— Ана жаяуларды картечьпен атыңдар! Дәл көздеп атыңдар! — деп бұйрық бердi.
Сол екен, мерген солдаттар жерге бiр тiзерлей отыра қап, оқ жетер жерден қазақтарды
туралап көздеп атқылай жөнелдi. Оқ дәл тиген бiрнеше қазақ қолдары ербеңдеп, жерге жалп
етiп құлап түстi. Тура көздеп атылған оқ ендi бiреуiнiң оң иығынан тиiп, оның қолын жерге
салақтатты да жiбердi. Соны көрген қалғандары керi қарай дүр серпiле жөнелдi.
Батыс жақта бұ кезде нағыз қырғын болып жатқан едi. Жәнiбектiң сарбаздарының алды
диуалға жетiп, iшке қарғып түсiп, шын айқасқа кiрiсiп те кеткен болатын. Фитингоф ояққа
Елмырзаның жiгiттерiн жауып кеп жiбердi. Тайпан бастаған жүздiк Қалдыбайдың жiгiттерiн
қоршалап, тұтқындап алатындай боп та қалған едi. Дәл осы кезде сырт жақтан қалың топ
итергесiн, ағаш диуал зор қуатқа шыдамай, iшiне қарай опырыла құлап түстi. Қазақтар iшке
қарай лап қойды. Бағанадан берi қорғанып жатқан атты казактар аздық етiп, керi қарай
серпiле бердi. Сол арада Тайпанның оң жағында келе жатқан Тиышбек жаман дауыспен
барқырап:
— Әй, иттер, кәне, қашыңдар! Болмаса зеңбiрiкпен кырып саламыз! — дедi.
Қалдыбай оны көрiп қап, кенет мысыкша атылып кеп, артына мiне түстi. Дереу
Тиышбектi белiнен қатты қыса ұстап ап, әй-шәйға қаратпастан, оны былай лақтырып
жiбердi де, өзi ер үстiнде дұрысталып отырып ап, әбден елiрiп алған астындағы атты тебiнiп
кеп қалды. Сол екен, етi қызып алған ат диуалдан iшке қарай бiр-ақ қарғыды. Елмырза оны
дәл осы кезде мылтықпен атып кеп қалған едi. Оқ тимей, далаға кеттi. Қалдыбай ендi аттың
жалына жабысып ап, кейiн қарай дүсiрлетiп шаба жөнелдi. Оны көрген басқа жiгiттер де,
аттарының бастарын бұрып-бұрып алысып, бекiнiстiң iшiнен атып-атып шыға кеп, керi
қарай ағыза шапты.
— Қап! — дедi Елмырза шыныменен өкiнiп.
Қазақтар керi қарай серпiлгесiн, Фитингоф бұйрық берiп, снарядтарды зеңбiректер
тұрған жерлерге тездетiп тасытты. Содан кейiн қазақтар қашатын болса, бiр керегi болар
деп, атты қазактарды қасынан ұзаққа шығармай ұстап тұрды.
Қатарлары дем арасында селдiреп қалған қазақтар кейiн қарай тездетiп шегiнiп кеттi.
Содан түс ауғанша екi жақ та тырп етпедi. Қарсы шабуылға шығуға атты казактар да
батпады. Қазақтар да қайтадан қамалды қоршалап, бұрынғыдай шабуылға шықпай қойды.
Сүйтiп тұрғандарында күн де еңкейiп қалды. Ендi қараңғыда соғысуға екi жақ та батпай,
баяғы орындарына қарай керi ысырылып кеттi.
Ертеңiне түске дейiн орыс әскерi қазақтарды келедi деп күтумен болды. Бiрақ олардың
қаралары көрiнбедi. Сосын Фитингоф Елмырза бастаған бес жүздей қолды барлауға барып
қайтсын деп сыртқа шығарды. Елмырза қорқасоқтай жүрiп отырып, Қазалының сыртындағы
жазыққа келгенiнде, бықсып жана-жана, әбден күлi шығып қалған қоламтаны ғана көрдi.
Тоғанақтiң қолы бiрi де қалмай, көтерiлiп кетiптi. Олардың дарияның арғы бетiне қарай өтiп
кеткендiгiн айғақтайтындай iздерi сайрап жатыр. Бұл олардың iзiмен өкшелеп бiраз жерге
дейiр жүрдi де, Сырдан әрi өтуге батпай, керi қайтты. Бекiнiске қайтып келгесiн, ол бар
көрген-бiлгенiн Фитингофқа айтып бердi.
Фитингоф сол күнi атты қазактар мен Елмырза мен Ережептiң сарбаздарын
араластырып, барлайтын шолғыншы топты ұйымдастырды. Олар Сырдың арғы бетiндегi
болып жатқан жағдайды бiлуге тиiстi болды. Олар сүйтiп абыржып жатқан кезде,
Жаманқұлдың жiберген кiсiсi келiп, Захваткинге тосын хабар айтты. Оның хабарына
қарағанда, Әлiмдер Арықбалыққа қарай шегiнiп кетiп, әскерiн аз-маз демалдырып, қайтадан
қол құрап жатқан көрiнедi. Фитингоф ендi сол қолды құралуға үлгертпей, бұйқыт барып
соғысқанды жөн көрдi. Захваткиндi жүз әскермен Қазалыда қалдырып, өзi қолдағы бар
зеңбiрегiн сүйретiп, Жаманқұлдың жiберген кiсiсiн жолбасшы етiп ап, тездетiп сапарға
шығып та кеттi. Ол жол үстiнде атты қазактарды бiр бөлек ұстап, алдыңғы жаққа барлауға
қазақтарды әлмә-һәл жiберiп отырды. Мыңға тарта әскерi арбаларын сықырлатып, Сырдан
Қарлан көпiрiнен келiп өткесiн, бiр жыңғылы қаптай өскен бiр ойға кеп, азырақ тыныққанды
жөн көрдi. Фитингоф аттардың аяқтарын тар қылып тұсаулатып, бәрiн де көзден таса
қылмай, жақын маңда ұстатты. Сосын алда тұрған биiк төбеге он кiсiден қарауыл қойдырды.
Содан кейiн Ережептi бас қылып, он шақты қазақты төңiректi барлап қайтуға жiбердi. Олар
жүрiп кеткеннен кейiн, Фитингоф ендi асықпай, қазақтардың әскерiнiң санын, барлық жай-
жапсарын бiлiп алып барып соғыспаққа бел буды. Оған коса бүгiн Ережепке бiр ретiн тауып,
Жаманқұлмен сөйлес деген. Әгәр мұның айтқанындай бола қалса, онда Тоғанақ батырдың
ертең жаңғыз қалуы бек мүмкiн. Ондай атты күн туып жатса, қалған шаруаның бәрi де өз-
өзiнен тездетiп бiтедi. Батырды қоршап алғасын, оның дағдырын құмалақтай оқ шешедi.