Стр. 80 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

79
— Сонда оларды далаға шыққасын әлсiреп қалды деп отсыңдар ма? Олардың ататын
зеңбiрiгi баяғы бiр зеңбiрiк. Ататын мылтықтары да сол мылтық. Бүйтiп осы бастан құр
далаға желiге берсек, ертең тағы да кешегiнiң кебiн киiп жүрмеймiз бе?
— Неге? Қайта жазық далада оларды тез алдап соғамыз. Жан-жақтан лап берсек,
бұрынғыдай қорған болар қамалы жоқ, олар асып-сасып қалады. Неде болса тездету керек,
— деп сол арада Жаманқұл Байбосынға қосыла кеттi.
Ол екеуiнiң сөзiнiң бiр жерден шыққанын көрiп, оларға сенбей, кеуiлi ауырлай түскен
Лұқпан бiразға дейiн үндемедi. Мұның не жайында ойлап отырғанын бiле алмаған жас
жiгiттер тып-тиыш бола қалды. Үй iшiнде лыпылдай жанған тас шамның сәулесi кiсiлердiң
жүздерiн бұлдыр етiп көрсетiп тұр.
Сол арада Жаманқұл қолын бiр сiлтедi:
— Әй, осы дұшпанды байқап болған жоқпыз ба? Қайта-қайта ойланғаннан осы бiрдеме
өне ме? Ұрыста тұрыс жоқ деген. Құдай өзi берген жанын өзi алады, барайық та шабайық.
Қалғанын көре жатармыз!
— Менiң де ойым осы. Шайқасты кейiнге ысыра берудiң боққа да кәжетi жоқ, — дедi
Байбосын жан-жағына қораздана қарап.
Басқа жүзбасылар бұларға қарсы шыға алмады. Лұқпан кенет күлiмсiреп, қабағын
көтерiп:
— Жарайды, сендердiң де айтқандарыңа көнейiк. Ертеңге дайындалайық, — дедi.
Осыған келiскен жүзбасылар бет-бетiне тарқай бастады.
Ертеңiне күн шағырмақтанып шықты. Лұқпан батыр Арандықырдың бойымен орыс
әскерi жатқан жерге қарай жүрдi. Бiр төбеден асқасын, ол әскерiн екiге бөлдi. Оның бiр
бөлегiн ойдағы қалың жыңғылдың iшiне жасырып да, қалған жүздiктердi өзi бастап,
шабуылға шықпақшы болды. Оны оң қанаттан Тоғанақтың жүздiктерi демеуге тиiс едi.
Сүйтiп әскерлердi бөлiп боп, iлгерi қарай жылжи бергенiнде, бұлар өздерiне қарсы келе
жатқан орыс әскерiнiң қарасын көрiп тоқтай қалды. Олар арбаларына тиеп алған
зеңбiректерiн жерге шуылдаса жүрiп, тез-тез түсiрiп, шайқасқа дайындала бастады. Осы
кезде олардың атты әскерлерi ойға қарай тартып кеттi. Шамасы, олар қазақтар әскердiң сырт
жағынан кеп тиiссе, оны қорғайын деген болуға керек. Қалғандары арбаларды кесе-
көлденеңдетiп қоя сап, мылтықтарын оқтап, жерге етпеттерiнен жата-жата қалысты.
Лұқпан оларға қарап тұрып, жерге шырт еткiзiп бiр түкiрдi:
— Мыналар бiздiң келе атқанымызды қайдан бiлген, а? Болмаса олар өз орындарында
тұра беруге тиiс едi ғой?
— Қайдам, — дедi Байбосын жүзi сұрғылт тарта түсiп.
— Ендi... қиындау. Олар соғысқа дайындалып та үлгердi. — Лұқпан сақалын
саусағымен тарағыштап, аз тұрды. — Қалай шайқассақ екен, а?
— Аха, осы бас қатырып жататын несi бар? Тура шаппаймыз ба? Көп болса атқан
мылтықтарының оқтары бiздiң жарымызды өлтiрер. Содан аман қалғанымыз аналардың
быт-штын шығармаймыз ба? — дедi Байбосын қаттырақ сөйлеп.
— Е, солай де! Ендеше тәуекел! — Лұқпан сарбаздарына қарады. — Кәне, жiгiттер,
кәзiр шашырай шабайық! Ана жерге табанымыз бiр iлiксе, бой бермеймiз ғой! Кәне,
жiгiттер, ата-бабамыздың әруағын қорлап, жерiмiздi таптаған аузы түктi кәпiрлерге қарсы
шабайық! Тартыңдар! Бақтыбай! Бақтыбай!
Оның iзiн ала Әлiмдердiң қолы лап қойды. Олар орыс әскерiнiң шебiне жақындай
бергенде, алдарынан бытырлап атылған мылтықтардың дауыстары естiле бастады. Алғашқы
оқтар сарбаздардың төбелерiнен асып кетiп жатты. Ендi олар шепке жақындай бергенде, бiр
мезiгiлде атылған бесатарлардың оқтары алда келе жатқан бiрнеше атты ұшырып түсiрдi. Оқ
тиген аттар шыңғыра кiсiнеп, омақаса құлады. Ендi келесi сәтте оқ жiгiттерге тие бастады.
олардың бiрнешеуi тiл тартпай кеттi. Соны көрген Әлiмдердiң зәре-құты қалмай, аттарының
бастарын бұрып ала сала, кейiн қарай бытырай қашты. Мыңдаған тұяқтардан ақ қар
борасынға айналғандай, айнала дем арасында ақ түтек болды да кеттi. Шыңылтырланған
қардың ақ түйiршiктерi көз ашырмайды. Олар сүйтiп асып-сасып жатқанда, зеңбiректiң бiр
добы ысқырып кеп, сарбаздардың ортасына түстi. Бiрден он шақты ат омақаса құлады.
Адамдардың зәре-құты қалмай ойбайлаған дауыстары шықты. Одан кейiнгiнi адам болжап
бiлгiсiз едi. Лұқпан ендi шайқастың қиынға айналып бара жатқанын сезiп, дереу атының
басын бұрып ап, кейiн қарай салды. Оны көрген басқалар да бұрылып-бұрылып, тырағайлап
бердi.
* * *
Орыс әскерiн оң жақтан бақылап тұрған Тоғанақ Әлiм қолының бытырай қашқанын
көрiп, осы кезде ұрыс әруағы қозып, қылыш ұстаған қолын жоғары көтерiп алды: