Стр. 81 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

80
— Жiгiттер, тарттық!
Батыр астындағы есiк пен төрдей арғымағын қатты тебiнiп кеп қалды. Талай жорықты
бастан кешiрiп, батырмен әбден сырмiнез болып алған ат алға қарай ытып кеттi. Сәлден соң
ол төрт аяғын тең тастап, орыс әскерiнiң шебiне қарай ағып келе жатты. Оның соңынан
жiгiттер жаппай бытырай шауып келедi. Олар оқ жетер жерге жақындай бергенде, алдан
бытырлап мылтық атыла бастады. Тоғанақ батыр оған қараған жоқ, басына киген дулығасы
күн сәулесiне шағылыса жарқырап тұрып, қолына көтере ұстаған қылышының жүзi суық
жарқырап, әлдене деп айғайлаған күйi, алдыңғы шепке жақындай бердi. Ендi бiр сәтте
тосқауылға қойылған арбадан атын қарғыта бере, өзiн көздеп, мылтығын ата берген қаба
сақалды, сұр шинельдi, сары жүздi солдатты қылышымен шауып түсiрдi. Сосын екiншi
солдатқа ұмтылды. Батырдың солдаттарды шауып жатқанын көрген жiгiттер
қорыққандарын ұмытып кетiп, шепке қарай қаһарлана ұмтылды. Әп-сәтте үш жүздей сарбаз
қар басқан даланы дүбiрлетiп, дүмеле ақтарылған ұлы селдей боп, төбе басында бекiнiп
жатқан орыс әскерiнiң шебiне ағылып келiп те қалды. Ат тұяғы атқан күмiс қардан айналаны
ақ тозаң көмiп салды. Ұран салып, боқтап, қиқулап келе жатқан қалың топ ойға түсiп, ендi
орыстар бекiнiп жатқан төбеге қарай шыға бергенде, атылған мылтықтың оғы мүлдем
жиiлеп кеттi. Зеңбiректер де гүрсiлдеп жатыр. Ысқырып ұшқан доп шеттеу барып түссе де,
бес-алты жiгiттi аттарынан ұшырып үлгердi. Қатарынан тынбай атылған мылтықтардың
оқтары да он шақты жiгiттi жаралап тастады. Бiрақ сарбаздар оған қараған жоқ. Аздан кейiн
қанды шайқас басталды да кеттi.
Талай қырғынның ортасында боп, тiзесi дiрiлдеп көрмеген Тоғанақ батырдың осы
жолы кеуiлiне бiр мазасыздық енгендей едi. Оның астындағы аты бiр пәленi сезгендей,
басын ала-ала қашып, бiр бүйiрiне қарай қиғаштай бердi. Бұған не көрiндi дегенiнше
болмады, қатарынан екi оқ ысқырып кеп аттың кеудесiне тидi. Сол екен, ағып келе жатқан
жануар кенет сүрiнiп кеткендей боп, омақаса құлады. Ер үстiнде нығыз отырған ұлы батыр
етпеттей ұшып түстi. Жан-дәрмен деп бiр жамбасына сұлап жатқан атының астынан бiр
аяғын шаққа дегенде суырып үлгердi. Осы кезде артынан дүмелiп келiп қалған аттар көздерi
шапыраштанып, мұны көрiп шошып, бiр жаққа қарай бұрыла шапты. Тоғанақ орнынан атып
түрегеле сап, қатты ашуланып, атының шылбырынан жұлқи тартты. Естi жануар төрт аяғы
тырбаңдап, орнынан тұрмаққа ұмтылды, бiрақ әлдеқандай бiр нәрсе жерге шегелеп
тастағандай, ол орнынан көтерiле алмады. Батыр кiжiнiп кеп, қайратты колымен жүгеннен
тағы да тартты. Жануар мұның халiн түсiнгендей, қайтадан орнынан тұрмаққа әрекет
қылды. Ол бұ жолы жан екпiнiмен орнынан тұрып, төрт аяғына мiне бердi де, кенет әлi
құрып, жерге қайтадан құлап түстi. Осы кезде оның дiр-дiр еткен, үлбiреген қос танауынан
қара қан атып-атып кеттi. Тоғанақ батыр шыдамай жүресiнен отыра қап, талай шайқаста
бiрге болған қимас атының басын құшақтай алды. Жануар мақтадай үлбiреген ернiн
жыбырлатып, мұның шапанының жеңiнен иiскедi. Ұлпадай жұмсақ ерiндерi жыбырлап, ұлы
батырдың қайратты қолының терiсiне тигенде, ат басын аздап шұлғығандай болды. Тоғанақ
дәл осы кезде атының көзiне қарап едi, қасиетті жануардың тұманданып, бiр түрлi боп сала
берген екi көзiнен екi түйiр тамшы жас ыршып шығып, кең танауына қарай сорғалап барады
екен. Өмiрi көзiне жас алып көрмеген ұлы батыр сол арада шыдамай жылап жiбердi. Ақтық
қызметiм осы дегендей, аты тағы да бiр рет қатты ышқынып, артқы екi аяғын бiр-екi рет
сермеп, кенет дiр-дiр ете қалды. Сосын дiрiлі азайып, жануардың жаны шыға бердi. Батыр
сол арада өзiне не болғанын бiлмей кеттi. Алас-қапаста орнынан атып түрегеп, атының
басынан бiр сипады да, жан-жағына алақтап қарады. Оқ ысқырып ұшып, маңайындағы
қарды бұрқ-бұрқ еткiзiп түсiп жатыр. Орыс әскерi мұны таныса керек, олар ендi мұның өзiн
тура көздеп ата бастады.
Батырдың маңдайынан қара тер сорғалады. Кейiн қарай қашуға арланды. Iлгерi қарай
қол бастап шабуға аты жоқ. Ол ендi неде болса деп, тез қорбаңдай жүгiрiп барып, атының
басынан күмiс жүгенiн сыпырып алды да, керi қарай жүгiрдi. Бұ жолы орыс әскерлерi мұны
тура көздеп ата бастады. Бетiнен қаны қашып кеткен Тоғанақ батыр ерiксiз еңкейiп, жан-
жағынан ысқырып өтiп жатқан көп оқтан бұға түсiп, асып-сасып, қорбаңдаған қалпы жүгiрiп
келе жатқанында, алдынан, бiр қадамдай жерден, оқ бұрқ ете түстi. Тоғанақ ерiксiз жалт
бердi. Сол арада өзiне қарай ағыза шауып келе жатқан үш-төрт аттыны көрiп, ерiксiз тоқтай
қалды. Оң жақта Қалдыбай мен Жәнiбек, сол қапталда Қожақ пен бiр Бозғұл жiгiтi
түйдектеле заулап келе жатыр екен. Олар жетiп-жетiп келген бойда, әй-шәйға қарамастан,
мұны қос қолтығынан ұстап ап, етi қызып алған аттарын бастарын кейiн қарай бұрып ала
сала, сүйреп ала жөнелдi. Осы кезде тағы да оқ жан-жақтан қарша борап кеттi. Олар жан-
жақты бұрқ-бұрқ еткiзiп түсiп жатыр. Құдай оңдағанда, оның бiрi де тие қойған жоқ. Аздан
соң төрт жiгiт ақ тер, көк тер боп, қан майданнан Тоғанақ батырды әрең дегенде алып
шықты. Олар ойдағы жыңғыл арасына жеткесiн, елiрiп алған аттарының бастарын шаққа
дегенде қайтарып, жерге дүрс-дүрс етiп түсе қап, Тоғанақты қоршап алды. Батырға оқ
тимептi. Олар дәудiрлей сөйлеп жатыр.