81
— Құдай сақтады!
— Иә, ақсарбас!
— Құдайға мың да бiр рахмет!
Сол арада ентiгiн баса алмай тұрған Тоғанақ қап-қара боп, қолының сыртымен
маңдайынан сорғалап аққан ащы тердi бiр сиырып тастап тұрып:
— Қап, мына иттердiң қорлығы-ай! — дедi ызаланып.
— Ана Байбосын бастаған Асандар қашып кеттi!
— Олар қу тақырға отырғызды!
— Ана Әйiмбет пен Үмбет те туды жығып, қашты.
— Осы бiздiң қаншамыз қалды, а? — дедi Тоғанақ сол арада жан-жағына жалтақтай
қарап.
— Онша көп емес, — дедi Жәнiбек. Сосын ол атының тiзгiнiн Тоғанаққа ұсына бердi.
— Төке, мынаған мiнiңiз.
Сол арада бiр екi жiгiт бұлардың жанынан ағызып өтiп бара жатып, кейiнгi жақты
қолдарымен көрсетiп:
— Қашыңдар! Анаяқта атты казактар келе атыр! — деп айқайлады.
— Онда, кеттiк! — деп, Тоғанақ қысқаша бұйрық бердi де, Жәнiбек ұсынған атына
тездетiп қарғып мiндi.
Жәнiбек басқа бiр атқа мiндi. Ендi олар топталып, қылыштарын жалаң ұстап, төбе
басына қарай ойқастап шыға бердi. Шынында да, атты қазактар қылыштарын жалаңдатып,
үрейi ұшқан қазақтарды соңдарынан түре қуып келедi екен. Олар жеткендерiн жеткен жерде
қылышпен турап тастап жатыр. Сол арада Жәнiбек Тоғанаққа бұрылып:
— Сiз Басықара жаққа беттей берiңiз. Бiз аналарға... көмекке барайық! — дедi.
— Мақұл. — Тоғанақ атының басын шығысқа қарай бұра бердi.
Жәнiбек бастаған топ ендi атты казактарға қарсы салды. Өзi топтың алдына түсiп ап,
құйындай боп жүйткiп барады. Қазақтарды бұлайша тез естерiн жиып, өздерiне қарсы шаба
қояды ғой деп ойламаса керек, атты қазактар табан астында сасып қап, керi серпiле бердi.
Осы кезде ағызып жеткен қазақтар мен атты қазактар қоян-қолтық араласып, айқаса кеттi.
Қылыштар сауыттарға шақ-шақ етiп тиiп, көгiс жасыл ұшқынды бұрқырата түсiрiп жатыр.
Олар бiр-бiрiн көпке дейiн ала алмады. Сол арада Жәнiбек екi-үш орысты шауып түсiрдi.
Дәл осы кезде бағана жыңғыл арасында тұрған Қалдыбай бастаған жiгiттер де ағызып
жеткен едi. Ұран салып келiп қалған оларды көрiп, атты қазактар имандары ұшып, бет-
беттерiне тым-тырақай қаша бастады. Қазақтар оларды қуалап жүрiп, сойылмен соғып,
бiртiндеп ұрып түсiре бердi. Бiр тұста Қалдыбай қазақы шапан киген бiреудi көрiп қалды.
“Бұ кiм болды екен?” — деп, жалт қараса, — Тайпан! Ол Шектiлердiң жiгiттерiн ұзын қара
найзасымен шаншып түйреп, болатын емес. Соған Қалдыбайдың жыны қозып кетiп, атын
қатты-қатты тебiнiп кеп қалып:
— Әй, сенiң көзiңе не қара көрiндi?! Орысқа осыншама болысардай сен немене ақ
патшамен құда ма едiң? Мә, саған! — деп, қара сойылын құлаштай сермеп кеп қалды.
Сойыл қақ басқа тидi. Iрi денелi Тай-пан қолынан найзасы ұшып кетiп, басы кейiн қарай
кегжең ете түстi де, тез арада талықсып кетiп, жерге құлай бердi.
Атты казактар аттарының бастарын тез-тез бұрып алысып, өз шебiне қарай салды.
Қазақтар оларды соңдарынан қуалай отырып, оқ жетер жерге жақындап қалғандарын
байқамаған да едi. Орыс әскерлерi тағы да бұларды дүркiн-дүркiн ата бастады. Бiрнеше
жiгiтке оқ тидi. Сол кезде кәуiп айлаған Жәнiбек қатты айқайлап:
— Қайттық! Қайттық! — дедi.
Қазақ жiгiттерi бұ жолы үрейленбей, асып-саспай, топтарын жазбастан, керi шегiнiп
кеттi. Оларды қуалауға атты казактар батпады.
Жәнiбектер қасына келгеннен кейiн, Тоғанақ аман қалған колдың бас-аяғын түгендеттi.
Санап қараса, не бәрi екi жүзге жуық сарбаз қалған екен. Мұнымен бес қаруы сай жауға
қарсы шаба алмайтынын бiлiп, Әлiмдердiң бытырай қашып бара жатқан қолдарына көз
салып, Тоғанақ қап-қара боп тұрып:
— Жiгiтттер! — дедi даусы сәл-пәл қалтырай шығып. — Бiздер ағайынға қолдан
келгенше болыстық. Қасық қанымыз қалғанша аузы түктi кәпiрмен шайқастық. Ендi...
болмайды! Кәне, тарттық! — деп, атының басын шығыс жаққа бұрып алды.
Жаугер жiгiттер үндемей, оның iзiнен салды. Екi жүздей сарбаз ұлы батырдың iзiне
ерiп, суытып жүрiп кеп, Басықараның түбiннен Сырдан өттi де, Қызылқұмды бетке ұстап,
Қарақ тауларына қарай тарта бердi. Олар содан күн қызарып батқанға дейiн еш жерге
тоқтамады. Қызылдың шеткерi табанына ат тұяғы iлiккесiн барып, сарбаздар қызыл майы
шыққан аттарын ауанымен жүргiзiп отырды. Олар ымырт әлетiнде Қызылқұмның
терiскейiнде отырған Шөмекейдiң Аспан дарының ауылдарының үстiнен кеп түстi. Тоғанақ
батыр осы жерде бiрнеше күн демалғанды жөн көрдi.