85
Жәнiбек бастаған жiгiттер үш үйге бөлiнiп түстi. Мұншама кiсiге қалай тамақ тауып
берем деп, оның әлден-ақ қабағы түсiп кеттi. Оның шығымсыз, бес қуырдақтығын жақсы
бiлетiн Жәнiбек осы ауылға түсерiн түссе де, iшiнен бiр түрлi боп, ыңғайсызаданып сала
бердi. Бағана осы ауылдың Әбдiрамандiкi екенiн бiлген бойда, оған қонбай, жүре берсек пе
деп бiр ойлаған болатын. Бiрақ осы маңда бұдан жақын отырған Шөмекей ауылдарының
жоқтығын бiлiп, әрi ұзақ жолға шаққа шыдап келе жатқан жаралы бес-алты сарбазының
жағдайына қарап, Әбдiраманның аулына амалсыз iркiлген едi. Ол осы жерде бiр-екi күн
бөгелiп, кешегi шайқаста жарақаттанған жiгiттерiн тынықтырып алғанды жөн көрген-дi.
Ендi Әбдiраманның әлден-ақ түсiп кеткен қабағын көрiп, iшiнен: “Мынау бiзге дұрыстап
тамақ та берiп жарытпас», — деп ойлап, қатты қоңырайып қалды.
Әбдiраман бұлардан ұялса керек, қанша жақтырмаса да, өткен жылы қашпай, қысыр
қалған бiр кәрiлеу жылқысын сойды. Оның бар мүшесiн қазанға салысымен, iшке кiрiп,
дағдылы өз орнына отырып, шәй әкелдiрдi. Шәй үстiнде Әбдiраман болбыр бетi қолбырап
отырып:
— Опырмай, сүйтiп бес қаруы сайма-сай орыстың әскерiмен қорықпастан соғыстыңдар
ма? — деп сұрады.
— Иә, — дей салды Жәнiбек ықылассыз.
— Сонда... ана күркiреген зеңбiрiктерi сендерге iж кәр қыла алмады ма?
— Неге? — деп, Жәнiбек қабағын шытты.
— Өй, зеңбiрiк дегенiң заулаған салт аттыларға не iстей алады? Алаш атам ат үстiнде
жүрiп-ақ...
— Оған не сөз бар? — дедi Қалдыбай оның сөзiн бөлiп, әлденеге зәрлене жымия түсiп.
— Әбеке, айтып отқаның дұп-дұрыс. Құйғып келе атып, ана орыстың зеңбiрiктерiнiң үстiнен
бiр-ақ қарғып өте шықтық. Сосын олардың кәлләларын былай... жүзiмдi сабағынан
жұлғандай етiп... бытырлатып жұла бердiк.
— Паһ, паһ! — дедi Әбдiраман сенер-сенбесiн бiлмей.
— Шын, шын, — дедi Қалдыбай қулана күле түсiп.
Сол арада әкесiнiң жанында малдас құрып отырған Жоламан сығырайған қой көзiн
ашып:
— Сонда... ол шiркiндерiңнiң шыбын құрлы қауқары жоқ па? — дедi.
— Жоқ болғаны ғой.
— Апырмай, ә?! Жақында Хиуаға барғанымда, ана сарттардың ханы той жасап, кәрнәй-
сырнайларын шулата тартқызып, гүрсiлдетiп зеңбiрiк атқызған едi. Сонда оның даусын
алғаш рет есiткем. Ойбай, ол өзi бiр әлемет екен. Даусы бар ғой құлағыңды жарып жiбере
жаздайды, — дедi Жоламан қарүйдiң iшiнде отырған елге жағалай қарап. — Сонда... оның
үстiнен қарғымақ түгел, оның паңайына барудың өзi ақырзаман болатын. Сендер сонда
ондай әләмәттiң үстiнен қалай қарғып жүрсiңдер? Соны шыққыр көзiм көрген мен сенiң
мына айтқан сөзiңе сенер-сенбесiмдi бiлмей отырым.
— Ау, саған сене гөр деп отқан iжкiм де жоқ. Сенбесең, сол соғысқа өзiнiң барып, тiпте
оған қатынасып дегендей... өз көзiңмен көруiң керек едi. Ендi өзiң көрмек түгел, паңайына
да барып көрмеген нәстеңе неге шәк келтiрiп отсың? — дедi Қалдыбай еңсесiн көтере түсiп.
— Сонда да... мына сөзiңе сене алатын емеспiн.
— Сенбесең қой.
Жәнiбек сөз аяғы ұшынып кетпесiн деп:
— Зеңбiрiктi де жасаған адам ғой. Одан атпен қарғып өтiп жатса, оның тағалатын несi
бар? Оның несi өтiрiк? — дедi. Сосын ол Әбдiраманға қарай бұрылып: — Әбеке, биыл
қысты қатты болады деп едi. Сiз ана есепшiлермен былай... сөйлесе алдыңыз ба? — деп
сұрады.
— Жоға. Қысты биыл қатты болады деп жұрттың бәрi де айтып жүр ғой. Басы
мынадай. Оның ақырының қалай боларын кiм бiлсiн, — дедi Әбдiраман мұның әңгiмесiне
онша ықылас бiлдiре қоймай.
— Мал басы түгел ғой?
— Құдайға шүкiршiлiк, әзiрге түгел.
— Е, онда жақсы екен, — деп, Жәнiбек те артық сөзден тыйылды.
Түн жарымына таман ет әкелiндi. Жiгiттер еттi асық-пай, ұзақ отырып жедi. Тамақтан
кейiн Жәнiбек бас табақты есiк жақта күтiп тұрған келiн-кепшiктерге берiп, ас қайырды да,
ендi демалмақ боп, отырған орнынан түрегелдi. Сыртқа шыққан бойда мұның бетiне Қызыл-
дың бiр түрлi қоңырсалқын желi тидi. Ай әлдеқашан туыпты. Он шақты жаңасы болып
қалған айдың бетiндегi бұжырлары осы жолы анық көрiндi. Әлдеқандай буалдыр мұнар
көмiп тұрған дөңгелегiнiң шет жағы көгiс тартып сала берiптi. Оның дәл оң жағында бiр
жарық жұлдыз шақшиып тұр. Жәнiбек айдың шалқалап та кетпей, не тiк шаншылмай да
туғанына қарап, бұл айдың жылы болатынын бiлiп, iштей соған шүкiршiлiк қылды.