Стр. 87 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

86
Олар ертетеңiне күн көтерiле бере аттарына қонды. Жәнiбек Әбдiраманның ауылынан
ұзап шыққаннан кейiн, салдырта тартып отырып, Қызылдың Қарақ жағына қарай дендеп ене
бердi. Қарақ тауларынан өткеннен кейiн Аспан, Бозғұлдың жiгiттер өз ауылдарына қарай
тарай бастады.
Олар кеткесiн, Жәнiбек қасына Қалдыбай, Қожақ бастаған жүздiгiн ертiп, Қызылдың
оңтүстiк батыс жағына қарай тартып кеттi. Арада бiр қонып, екiншi күнi сәске әлетiнде олар
суыт жүрiп келе жатқан екi жүздей жiгiттi көрдi. Бұлар әуәлгiде оларды дұшпан ба деп
сескенiп қалып едi, аттарының түр-түстерiне қарап, олардың жау еместiгiн бiле қойды. Әлгi
жүргiншiлер де бұларды көрiп, берi бұрылды. Аттарын емпiлдете жүргiзiп кеп, тiзгiндерiн
тартып, бұлардың жандарына кеп тоқтады. Бұлар Әлiмдердiң жiгiттерi екен.
Жәнiбек Әлiмнiң жiгiттерiмен амандасып, бiраз жайға қанды. Олар кек аламыз деп
Жаманқұл, Тәбекен, Байбосындарды бiразға дейiн iндете қуалапты. Мұның қаһарынан
қорыққан олар Ырғыз асып, ақ патшаның әскерi қорғап тұрған шепке енiп кетiптi. Өздерiнiң
ауылдарын да солай қарай асығыс түрде көшiрiп жiберiптi. Әлiмдер одан әрi баруға
қоршауға түсiп қалармыз деп қауiп айлап, амалсыздан керi қайтыпты. Олардың содан келе
жатқан беттерi осы екен.
Жәнiбек жiгiттерге қарап тұрып:
— Елдiң... жағдайы қалай? — деп сұрады.
— Ойбай, оның iж айтары жоқ. Ақ патшаның әскерлерi ойранды салып жатыр. Жақын
жердегi ауылдардың бар малын сыпырып алыпты. Ауызға жерге жемi жоқ халық ашығып
жатыр...
— Ойпырмай, онда... қиын болған екен.
— Қиыны сол, аштан өлiп жатқандар да бар дейдi. Әттең, қолдан келер қайран жоқ.
Болмаса... әй, несiн айтасың?
— Иә, қас кылғанда солай боп тұр ғой! Ендi етер басқа лаж қалған жоқ, — дедi Жәнiбек
те өкiнiп.
— Ақ патшаның ұлықтары кешегi шайқасқа қатынасқандардың бәрiн аямай, қатты
жазалап жатқан көрiнедi. Ана кәпiр ұлық бiздердi қолға түсiрiңдер деп жарлық берiптi.
Сосын мына яқта бас сауғалай тұрмасақ болмас дедiм,
— Мынаның у-шуы басылғанша, сүйте тұрған да тура.
— Кейiн не боларын көре жатамыз да.
Әлiм жiгiттерi Аралдың батыс жағын бетке алып тартып кеттi.
Жәнiбектер ендi Қарақ жаққа қарай бет алды. Iшкi жаққа жақындай түскен сайын
күннiң жылуы ұлғайып, үстерiндегi қалың киiмдерiн ауырлай бастады. Олар Қарақтың
табанына тұяқ iлiктiрген кезде, бұ жақ өте жылы көрiндi. Жәнiбектiң ауылы баяғы орнынан
аударылып көшпептi. Қараүйлердiң сыртынан орап, көп етiп үйiп тастаған сексеуiлiн отқа
жағып, азайтып тастапты. Бұлар ауылына келiп, ағайын-туғандарын көрiп, мәре-сәре боп
қалды. Ақкербез Қожақты шақырып алып, былтырдан қысыр қалған бiр ту биенi сойдырды.
Оның жас етiн соғымның сүрленген етiмен араластырып асып, сары ала майын көбейтiп,
бәрiн әйдiк ағаш тегенеге салып әкелдi. Жiгiттер әбден бабымен былқып пiскен тәттi еттi
асықпай ұзақ отырып жедi. Содан кейiн ыссы, майлы сорпа iшiп отырып, кешегi бастарынан
кешкендерiн әңгiме қылды. Олардың қандай оттың ортасынан шыққандарын естiп, Айжамал
да, Ақкербез де қатты шошып қалды. Басқа отырған кiсiлер де одан әрмен үрпиiсе түстi.
Қалдыбай олардың үрпиген түрлерiн көрiп, дәнемде де болмағандай ыржалақтай күле түсiп;
— Бәрiнен бұрын олардың оқ атып, паңайларына жолатпағаны қиын болды, — дедi. —
Сонда да бiр қапысын тауып, бiреуiн қақ сойылмен басына бiр пердiм. Ол иттiң басы жаңғақ
сықылды қап-қатты бiрдеме екен, ортасына қақ бөлiндi.
— Кетшi әрi! Сен де бiр қайдағыны айтып, — дедi Қожақ оған жақтырмай қарап. —
Кiсi тамақ iшiп отқанда, сондайды айта ма екен?
— Ау, оны мұндайда айтпағанда ендi ненi қайда айтамыз? — дедi Қалдыбай көтерiле
түсiп.
— Өй, қойшы... сен де бiр.
— Иә, жiгiттер, бiздердi осы жолы құдай сақтады, — дедi Жәнiбек ойлы қалпын
бұзбастан. — Қанша дегенмен мылтықтың аты мылтық.
— Айтары жоқ.
— Ендi бiз... не iстеймiз? — дедi Қалдыбай.
— Не iстегенi қалай? Аңысын аңдаймыз да.
— Аңыс демекшi.... осы ана... Елмырза мен Ережеп неге ақ патшаның шашпауын
көтерiп шыға келдi, а?
— Олардың бiр ойлағаны бар шығар.
— Ендi ана Ережеп пен Елмырза орыс жағына шығып, ертеңдерi шiркеуге барып
шоқынатын шығар? — деп, бiр кекселеу кiсi әзiлдеген болды.