Стр. 88 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

87
— Өй, оларды қойшы кiмiнiң тарысы пiссе, соның тарысы боп жүрген. Онан да... Ана
Байбосынды айтам да. Ол өзi қалай дәтi барып, туған-туыстарын оқтың iшiне тастап, қашып
кеттi, а? — дедi Қожақ жан-жағына жалтақтай қарап қойып.
— Өй, ол деген бәтуасыз неме емес пе?
— Менiң пәмлеуiмше, шамасы, осылардың арасында бiр кыжыл бар. Аналар батырдың
абырайын қызғанатын сияқты, — дедi қалды Қалдыбай сорпаны сораптап iшiп отырып.
— Оның рас.
— Құдай берген әбiрейдi бәндә қызғанып не өндiредi?
— Айтпа!
Ет желiнiп болғасын, кiсiлер бiр-бiр кеседен шұбат iштi де, сыртта бiраз тоқ басып
жүрдi. Сосын салынған төсектерiне кеп жатып қалды.
Ертеңiне Бұхарадан шәкiрт Әлiбектiң жанында боп, бала қашан шәһардың тiрлiгiне
үйренiп кеткенше тамағын iстеп берiп, жайын жасаған Әлжан келдi. Ол келген бойда
қоржынының аузын ашып, Бұхараның базарынан әке-шешесiне, жеңгелерiне деп сатып
алған сый-сыяпатын шығарды. Ол екi ақ жiбек орамалды Айжамал мен Ақкербезге берiп
жатып:
— Екеуiң де әппақ болсын дедiм, — дедi көзiн қысып қойып.
— Өй, өзiң адам боп қапсың ғой. Алдыраз болсын, — деп, Ақкербез орамалды алып,
басына тартты. Сол сәт орамал тартқан оның әдемi ақ жүзi мүлдем ағара түскендей боп
көрiнiп кеттi. Жас келiншек қуанышын жұрттан жасыра алмай, жарқ етiп күлiп жiбердi: —
Бұл үйде жақсы қайнымыздан басқа бiздiң жайымызды ойлайтын кiсi аздау...
Жәнiбек талай рет жолға шығып жүргенде, базарлық сатып алмайтын, оны ұмытып
кете беретiн. Ендi мынаны көрiп отырып, iшiнен бiр түрлi боп ойланып қалды: “Шынында
да, бұ да бiр қызық қуаныш екен-ау! Сол ойыма бұрын нағып келмеген, а?”
Аздан соң Жәнiбектiң екi иығына балалары асылып, еркелеп, әр нәрсенi бiр сұрап,
тиыш тұрған үй iшiн базар қылды да жiбердi. Қатындары да аңқылдап, ашыла сөйлесiп,
тамақ қамымен iшке кiрiп-шығып жүр. Жәнiбек алғаш рет от басының тиыштығы, берекесi,
қуанышы дегендер де екi аяқты бәндәға сондай қажет үлкен бiр қызық нәрсе екен-ау деп
ойланып қалды. Бұл кейде соны ескермей, елдiң қамы деп, ұзақ уақыт бойы ат арқасында
жүрiп, өз ошағынан, бала-шағасынан жырақтап, саяқ тартып кетiптi. Өзiнiң отбасында
болғанынан болмағаны көп. Соның салдарынан ба, кейде алыс жолдан шаршап келгенiнде,
балаларын еркелетiп, айналып-толғану дегендi де ұмытып кете берiптi. Одан өз кiндiгiнен
жаралған нәрестелердiң соңғы кездерi өзiне салқын тарта бастағанын аңғарғандай да болып
жүр. Мына шолақ дүнияда, өлшеулi демi бiткенше, жұмыр басты бәндә пақырға осы
отбасының, бала-шағасының, таңдап алған жұптысының қызығын көргеннен артық не
қызық бар өзi? Ол iркiлiп қалды. Содан кейiн ол iшiнен ендiгi қалған тiрлiгiнде отбасынан
ұзамаймын, балаларын оқытып, өз қолдары өз ауыздарына жеткенше әлпештеп өсiрiп,
азамат қып алысқа ұшырып жiберген жөн деп түйдi. Сол күннен бастап ол кеуiлi тишайып,
отбасының қызығымен болды да кеттi.
ЕКIНШI ДӘПТЕР
1
1856-ыншы жылдың ақпан айында күн бiресе суытып, бiресе тоңы сынып, құбылып
тұрып алды. Бұл кезде көтерiлiске қатынасқан Әлiм рулары орыс әскерiнiң жазалаушы
отрядтарынан қорқып, Аралдың түскей-батыс жағына көтерiле көшiп кеткен болатын.
Олардың алды Хиуа хандығына қарайтын қарақалпақтардың Тақтакөпiр, Шымбай, Кегейлi
дейтiн жерлерiне дейiн асып та кеткен едi. Ал Қызылқұмды жайлайтын Шөмекейдiң Аспан
және Бозғұлдарының ауылдары Жалпақтау, Қарақ жағына көшiп кеттi. Сөйтiп, аз уақыттың