92
Нахаев оған пысқырып та қараған жоқ, Үрiмқашты бұрымынан сүйреген бойы топ
тұрған казактардың ортасына жәй бiр затты әкелгендей боп тастай салды. Көптен берi
қатынсырап жүрген атты казактар Үрiмқашты дөңгелене қоршап ап, бiр-екi казак оның
қолын басынан асыра ұстап тұрып, қалғандары бөз дамбалды сыпыра сап, кезектесiп зорлай
бастады. Соны көрiп, Алданазардың түсi қуарып кеттi, бiрақ қашанғы сасық қулығына
басып, қасында тұрған жiгiттерiне тура қарамастан:
— Күштi нағылмайды? Өзi... оң жақта жүргенде дал-далы шыққан бiрдеме едi... Ендi
бiзге қалған да болады да, — деп жыламсырағандай түрмен күлген болды.
Осы кезде бiреудiң қатты айқайлағаны естiлдi. Жалт-жалт қараған жұрт кешелерi бiр
шаруамен осында кеп, қонақ боп жатқан, қараүйден атылып шыға берген Шайхысламды
көрдi. Мынадайды өмiрi көрмеген жiгiт шыдамаса керек, сыртқа ышқынып шыққан бойда,
қараүйге сүйеулi тұрған бақанды ала ала, ортада талтайып тұрған Нахаевқа ұмтылды. Жетiп
келген бойда оны түу сыртынан, қақ басына бiр қойды. Еңгезердей Нахаев миқұрт
болғандай, теңселiп аз-маз тұрды. Шайқыслам бақанды екiншi рет сiлтей берем дегенде, бiр
казак жетiп кеп, әуелей берген бақанға ұзын найзасын тоса қойды. Бақан найзаға тиiп, дың
ете түстi де, оның бойымен сырғанап барып, жердегi қарды бұрқ еткiздi. Шайқыслам дереу
жалт бұрылып, өзiне қарай ұмтылып келе жатқан үш-төрт казакты көрдi. Ол жан-дәрмен деп
бақанын қайта көтерiп ап, казактардың найзаларын қаға-маға, керi шегiне бердi.
Нияздардың жiгiттерi осы кезде барып дүр сiлкiндi. Еңгезердей бiр қара жiгiт:
— Әй, бүйтiп қорлық көргенше, өлгеннiң өзi-ақ жақсы! Қашпаңдар! Кәне, кеттiк! —
деп, казактарға тұра ұмтылды. Ол келе бiр казактың қолындағы найзасына жармасты. Ол
найзаның ұшы қолына тиiп, қанатып жiбергенiне қарамастан, казакты өзiне жақындата тарта
бере, бiр қапысын тауып, найзаның сабын бұрай бердi де, етiгiмен iшiнен ыңқ еткiзiп бiр
тептi. Казак мұрттай ұшты. Еңгезердей қара жiгiт оның қолынан найзаны жұлып ап, тез оны
терiс айналдыра берiп, сап жағынан ұстай сап, өткiр ұшын казактың денесiне бойлата сұқты.
Казак бақырып жiбердi.
Мұны көрген жiгiттер ендi қорыққандарын қойып, құр қол екендiктерiне қарамастан,
казактарға тап-тап бердi. Осы кезде үйдi-үйден айғайлап атып шыға келген қатын-қалаш та
қолдарына түскен нәрселермен атты казактарды төмпештей бастады. Сүйтiп, ойламаған
жерде қырғын шайқас басталды да кеттi.
Бұлай болады деп ойламаған, қазақтарды жабайы, қорқақ деп санайтын атты казактар
аяқ астында састы да қалды. Олар естерiн жия алмай, бақырысып, боқтап, керi шегiне бердi.
Осы кезде сатырлап кеткен қадағаштар мен бақандардан бес-алты казак жерге қан-қан боп
ұшып түстi. Құлап түскен оларды қатын-қалаш тарпа бас салды. Олар киiмдерiн жыртып,
беттерiн тырнап, тепкiлеп, былш-былш ұрып, айналаны у-шу қылды да жiбердi.
Шатақ болып жатқан жерден шеткерiлеу, ат үстiнде тұрған Фитингоф мұны көре сап,
асып-сасып, қатты айқайлады:
— Кейiн! Кейiн! Шеп құрыңдар! Шеп, шеп! Ух, сволочи! Мына киргиз-кайсактар...
Атты казактар асып-сасып керi жүгiрдi. Олардың аттары үркiп, ерлерiн бауырларына
алып, керi қашып барады. Үрiмқашты зорлап жатқандар да мына сойқанды көре сап,
шалбарларының iлгегiн сала-мала, оларға қарап жүгiрдi. Дем арасында қоршаған топ шеп
құра бастағандарға кеткенде, күресiн қардың үстiнде шалқ ортасынан жатқан, екi арсыз саны
ашамайша созылып кеткен, шашының ебей-дебейi шыққан Үрiмқаш көрiндi. Ол
шынтағымен жер тiреп, орнынан тұрғысы кеп едi, әлi келмей, керi құлап түстi. Сол кезде
Үрiмқашпен жасырын ұрлығы бар екен деп ел сыпсыңдап жүретiн, өңкиген, болбыр бет,
қара бетiнде шешектiң дағы бар, көршi ауылда тұратын Майнаш дейтiн бiр Төртқара жiгiт
жетiп барып, оның етегiн жаба сала, қолтығынан демедi. Соны көрген бiр Нияз жiгiтi:
— Ойнас деген оттан ыстық деп осыны айт! — деп, бiр тарқ етiп күлдi де, қашып бара
жатқан казактардың соңынан салды.
Атты казактар естерiн жиып, тез сап түзеп алды да, ұзын найзаларын көлбеу ұстап,
қазақ жiгiттерiн қастарына жолатпады. Бiрақ жандарын шүберекке түйiп алған қазақтар
қолдарына түскен таяқ, темiр, бақан, қадағаштарын ала сап, төнген найза ұштарын қағып-
қағып тастап, казактарға лап қойды. Қазақтардың бiр-екеуi найзаға iлiктi, бiрақ арт жағынан
iлгерi итермелеген топ оған қараған жоқ, олар алдыңғыларды ерiкке қоймай жылжытып,
сел-тасқынша екпiндеп келiп те қалды. Қазақтардың өлермендiгiн көрген казактар ерiксiз
керi шегiне бастады. Осы арада Сағира деген бiр отыздарға келiп қалған, сопақбастау,
ақсары келiншек аса қайрат көрсеттi, ол басынан жаулығының түсiп қалғанына қарамастан,
жетiп барып, қолындағы әтөшкiрмен бiр жастау казакты басынан бiр қойды. Әтөшкiрге
қолын тосып үлгере алмаған жастау казактың басынан шыпшып аққан қарақошқыл қан
көрiндi. Сағира екiншi рет ұрғанда, әлгi казак қолындағы найзасын жерге түсiрiп жiберiп,
бiрдеңе деп боқтап, керi қашты. Оны көрген жiгiттер әруақтанып кетiп, казактарға тарпа бас
салды.
Алдыңғы жақта айқасып жүрген Шайқыслам: