94
бұтақтары сидиып қалған қарағаштың бiрiн таңдап ап, дар құра бастады. Олар әуелi ұзын
арқанды түбеде тұрған бiр мықты бұтаққа iлдi де, оның екiншi ұшын тұзақтап, төмен қарай
салбыратып жiбердi. Сосын анадай жерде бiр кiсiнiң биыл отындыққа алам деп, түбiн қазып,
тамырын қиып, ши түбiне тастаған дөңбегiн домалатып әкелдi де, әлгi тұзақтың астыңғы
жағына тiктеп қойды. Содан кейiн казактар есiн ендi жиған Шайхысламды екi қолтығынан
ап, дырылдата сүйретiп, дөңбектiң қасына әкелдi де, оның екi қолын артына қайырып
байлап тастап, құйқасы көгiстенiп тұрған тақыр басына кенеп қапты кигiзе салды. Содан соң
Шайхысламды үш казак көтерiп дөңбектiң үстiне әзер дегенде мiнгiздi де, бiрдемеден
шошынғандай, оның қап киiлген басына тұзақты салып кеп жiбердi. Соны күтiп тұрғандай,
жоғарыдағы бұтақтың арғы жағындағы арқанның бiр ұшын ұстап тұрған қауға сақалды
казак арқанды өзiне қарай кере тартты. Ендi алқымын сыққан тұзақ басынан жоғары қарай
тартқан, аяғы қалт-құлт еткен дөңбекте тұрған Шайхыслам не жерде, не көкте емес, белгiсiз
бiр аралықта қалқып тұрғандай боп көрiнiп кеттi. Нахаев оны бiр боқтап, етiгiмен дөңбектi
теуiп кеп қалды. Астынан тиянағы ұшып кеткен Шайхыслам екi аяғы тырбаң-тырбаң етiп,
денесi созыла түскендей боп салбырай бастады. Оның тынысы тарылып, қаптың iшiнен
сырылдаған бiр дыбыс естiлдi. Сосын ол ақырғы рет бұлқынып, артына қайрыла байланған
қос қолын қозғап, жиырылып-созылып тұрды да, соңғы рет қатты тыпыршып, денесi дiр-дiр
етiп, кенеттен қыбырсыз қалды.
Қатын-қалаш шу ете түстi:
— Сорлы-ай!
— Кеше аулына қайтпап едi, ажал тартқан екен.
— Иманы үйiрiлмей кеттi-ау!
Атты казактар шын жазалауды ендi бастады. Олар қолға түскен жiгiттер мен шалдарды
алдарына сап, қойша айдап әкеп, оларды екi казак екi қолтығынан, басқасы аятқарынан
ұстап тұрып, дарияның ортасындағы ойыққа тiрiлей батырып жiбердi. Соны көрген жiгiттер
қайтадан қайрат көрсете бастады, олар казактардың жағасыларына жабысып, өлгендерiне
қарай, олардың бiр-екеуiн ойыққа өздерiмен бiрге ала кеттi. Соны көрген Фитингоф ендi
жалаңдаған қылыштармен қорқытып, қазақтарды дарияның ортасында қатпай, қарауытып
жатқан жылымға қарай айдаттырды. Олардың алды жылымға жете бере, жұқа мұз ойылып
сынып, суға бата бастады. Оны көрген кейiнгi жақ керi серпiлiп едi, атты казактар оларды
найзаларымен шаншып, итерiп, ысырып әкеп, жылымға түсiрiп жiбердi. Олардың жаны
ышқынып, мұзға жабысқан қолдарын қылышпен шапқылап, суық суға қалай бата
бастағанын қызықтағандай қарқ-қарқ күлiп тұра бердi. Аздан соң суға батқан жiгiттердiң
жұқа мұзы аралас қоймалжыңданған судың бетiне соңғы тыныстары көпiршiктене шығып,
кiшкене шар сияқты аз-маз тұрып, ақыры жарылғандай боп жоғалып кеттi.
Атты казактар дым болмағандай жағаға шығып, жыңғыл мен сексеуiлдi үйiп, лаулатып
от жақты. Тоңып, тiстерi тiстерiне тимей, дiр-дiр еткен қатын-қалаш отқа қарай жақындай
берiп едi, Фитингоф қарқ-қарқ күлдi:
— Мен сендерге жылынғанды көрсетем.
Оның ойын түсiнген атты казактар көздерiнде нәпсi оты ойнап, бiр бiрiн түртiклеп,
жымыраңдасып күлiсе бастады.
Фитингоф қысқаша бұйрық еттi:
— Мына жабайы ұрғашыларды бiр сағатқа берем! Всех распотрошить!
Сосын өзi адъютанты жетелеп әкелген атына мiнiп, кейiнгi жаққа қарай кете барды.
3
Қазалыда болған жағдайды естiген бойда, Перонский орнынан атып тұрып, екi
қолымен басын ұстап, теңселiп кеттi:
— Ух, ты гад, гадина! Сонда бiздiң кiм болғанымыз, а? Бiз соншалықты
нецивилизованный бiреумiз бе? Бұ не сұмдық! — Сосын ол өзiне аңтарыла қарап тұрған
адъютантына қарады: — Писарьдi шақыр!
Хатшы келгесiн, Перонский түнерiп тұрып:
— Сыртқы iстер министрлiгiне мына жағдайды айыптайтын хат дайында. Оған ана
бiзбен бақталас Англияның бұ жағдайды пайдаланып кететiнi туралы мәселенi қос, — дедi.
Хатшы басын идi де шығып кеттi.
Оңаша қалғасын, Перонский соңғы кездегi жағдай туралы ойлай бастады. Биыл наурыз
айының басына таман Қашқардан қол жинаған Якуббек кек алу үшiн мұнда келедi-мыс
деген бiр суық хабар дүңк ете түстi. Соны ести сала, Перонский патша ағзамның
бұйрығымен Перовск деп өзгертiлген бұрынғы Ақмешiт қамалын қалпына келтiрiп, кешегi
шайқас кезiнде қираған диуалдарды жөндетiп, шаруаға қызу кiрiсiп кеткен едi. Қамалдың
төрт бұрышына артиллерия ұяларын орнатты. Сосын атты казактар мен жаяу әскерге