Стр. 96 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

95
күндегi дағдылы жаттығуларын жасаттырды. Анадағы шайқастан кейiн бұ бекiнiсте бес
жүзге жуық атты казак пен бiр батальонға жетер-жетпес солдат қалған едi. Кешегi
Қазалыдаға болған көтерiлiс кезiнде атты казактардың бiразын со жаққа жiберген болатын.
Ендi бұл шұғыл хабаршы жiберiп, Фитингоф бастаған атты казактар мен
артиллерияшыларды мұнда тез жетсiн дедi. Бiрақ олар келiп болмады. Олар кешiккен сайын,
Перонский тақатынан айырылып, дызығып бiттi. Сондай бiр күнi Сыр бойының лайсаң
тарта бастағанына қарамастан, Ақмешiттiң жанындағы қазақ руларынан жүзге тарта сарбаз
жинаған Елмырза төре келiп жеттi. Оны көрiп, төренiң қолын қайта-қайта қысып,
Перонский ең бiр жақын досын көргеннен бетер қуанды да қалды:
— Сiздiң бұл көмегiңiздi патша ағзам ұмытпайды.
— Оу, бiз деген берген серттi орындаймыз ғой, — дедi Елмырза күле сөйлеп. Оның бiр
қалыпты боп, әр бұлшық етi дiр етпейтiн, тұтас құя салғандай қара бұжыр бетiнен iшкi
сырын аңдай қою қиын едi.
Перонский оның жүзiне көзiн қыса қарап тұрып, iшiнен: “Мынау залым ғой. Мұның
ата-бабалары Алтын Орда кезiнде... Русьтi үш жүз жылдай билеген. Ендi бұл мына жақта
таққа мiнсем дейдi. Бiрақ оны... ұмыта қоятын кiм бар? Бұл чингизидтерге сенуге
болмайды”, — дедi де, кенет өз бойын өзi билеп, сабырлы тарта түсiп:
— Ана Якуббек Қашқардан қол жинап келе жатыр дейдi, — дедi немқұрайлы түрмен.
— Оны қайдан бiлдiңiз? — дей берiп, Елмырза шенi де, дәрежесі де үлкен ұлыққа сұрақ
қоюдың әбестiгiн сезгендей, қибыжықтап, өтiрiк ыржиды да, тiлiн тiстей қойды.
Перонский оны байқамаған болды:
— Сiзге... айтуға болады, о жақта бiздiң... былай... кiсiлерiмiз бар. олар Санкт-
Петербургқа хабарлапты. Содан кейiн олар бiзге... — Ол Тортайдың есiмiн айтуға
болмайтынын есiне ап, Елмырзаның жүзiне сынай қарады да, көзiн төмен түсiрдi.
— Бұл бiр дұрыс болған екен, — дедi Елмырза ыржиып.
Перонский ендi бұған назар салмай, адъютантын шақырып ап, оған шаруашылыққа
қатысты бұйрықтарын бере бастады. Оның көбiсi қамал iшiндегi үй-жайға қатысты едi.
Бұлар Ақмешiттi жаулап алғанда, ыстығы қатты жаз айы болғандықтан, ауру-сырқау
көбейiп, соның iшiнде дизентерия күшейiп, азғантай әскердiң бiразын қатардан шығарып
тастаған болатын. Мұның бiрiншi боп қолға алғаны — қалайда лазарет салу едi. Ол үшiн
Якуббектiң һәрамсарайын қайтадан жөндетiп, iшiне койкалар қойдырып, фельдшер
отыратын жеке бөлме соқтырып, оны уақытша болса да, лаждай тұрарлықтай кiшкене
емхана еткен-дi. Одан кейiн Перонский атты казактар мен солдаттардың жататын
казармаларын қолға алды, аз уақыттың iшiнде қоқандықтардан қалған кiшкене тамдарды
жөндеп, лайықтап, кеңсеге айналдыр-ды. Содан кейiн қоқандықтар салған, басында жарты
айы бар кiшкене мешiттi бұздырып, iшiн тазалатып, қауға сақал попқа қасиеттi суды
шаштыртып, оны шiркеуге айналдырды да, күмбезiнiң ұшар басында тұрған айшықтың
орнына үлкен крестi орнаттырды. Мұны православие дiнi қазақ сахарасында орын тепкендей
көрген казактар мен солдаттар бiр желпiнiсiп қалысты. Ендi бұл тағы да кiшкене терезенiң
шаң-шаң терезесiнен шiркеудiң басындағы крестiне көз тастай берiп, Елмырзаның да оған
қарап тұрғанын аңдап қалды. Сол сәт iшiнен: “Мынау магометанин емес пе? Мынаған өзi...
қалай қарайды екен?” — деп ойлап қойып, оған көзiнiң қиығын тастады. Сосын Арқа
жақтағы қазақтардың әлден-ақ патша ағзамның ығын алып, балаларын оқытамыз деп талап
еткенi жайында ойлады. Бұл кезде шiркеудiң жанында дiни гимназия ғана бар, оған
шоқынбағандарды алмайды, сондықтан қазақтар балаларын шоқындыруға мәжбүр. “Ендi
сол саясатты... мына жақта да iске асыру керек”, — дедi де, Перонский осы кезде писарь
дайындап әкелген хатты алдына қойып, оқи бастады. Сол арада Елмырзаның кеңседе
отырғаны есiне түсiп, оған пенснесiнiң дөңес әйнегiнен тесiле қарады:
— Елмурза мырза, сiз жолдан шаршаған шығарсыз, демала берiңiз. Керек болсаңыз,
шақыртып алам.
Ол шығып кеткесiн, Перонский хатты оқыды. Оны аяқтағасын, пенснесiн алып,
қолымен көзiн уқалап отырып, бiраз ойланды. Сосын өзiнiң Петербургтағы жауларын еске
ап, сарай маңында жүрген олардың жылмиған жүздерi көз алдында елестеп: “Олар патша
ағзамға әсер ете алады. Мынаны бiлсе, олардың неше түрлi құбылтуы мүмкiн, — деп
ойланып қалды. — Сосын... мұның ақыры насырға шаппай ма? Олардың мұны... Орта Азия
хандарына iшi бұрып отыр деп жала жабуы да мүмкiн. Сосын... әй, осы менiң бұ жерде...
араласып нем бар? Одан да ана Фитингофқа ұрысайын. Айтпақшы, оның ана жақтағы
туыстары дөкейлер емес пе? Содан кейiн ол немiстерден басым бәлеге қалар... — Ол
аңтарылып, бiраз отырды. Ақырында бiр шешiмге кеп: — Өй, менiң онда нем бар?
Жаманатқа қалса, ол қалады. Ол жазаласа, бунтовщиктердi... жабайы киргиз-кайсактарды
жазалады. Бұ жерге араласып... кәйтем? Оны өзiнiң ар-ұятына тапсырдым. Қой, орнымды
бiлейiн”, — дедi де, алдында жатқан хатты алып, қиқалап жыртты. Сосын оны күлсалғышқа