Стр. 98 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

97
жете бере қайтадан оңтүстiкке бұрылып, Сырға қосылатыны жайында әңгiмелеп айтты.
Оның сөзiнiң бiрiн түсiнiп, бiрiн түсiнбей тұрған Перонский бәрiн де ұққан түр көрсетiп,
басын изей бердi. Сосын iшiнен: “Мынау... орысшаға ағып тұр ғой. Оны қайдан үйренген, а?
Кейiннен мына киргиз-кайсактардың бәрi... орысшаны осылай бiлетiн болса, ана тiлiн
ұмытып та кететiн шығар, — деп ойлап қойды. — Ұмытып демекшi... бiздiң өзiмiз де
французданып кеткен жоқпыз ба? Кешелерi Бiрiншi Петр ағзамның тұсында дворяндардың
бәрi немiсше сөйледi. Содан соң... олар французшаға көштi. 12-iншi жылғы соғыстан соң
ғана свет орысша сөйлей бастап едi, артынша оны ұмытып та кеттi! Сол арада Перонский
өзiнiң французша ойлайтыны, орысша сөйлегенде айтарын iшiнен французшадан орысшаға
аударып отыратыны жөнiнде ойлады. Сосын бойын тiктеп, құрғақ жермен жүрiп отырып,
кiшкене өзектiң арғы құрғақ бетiне шықты. Сол арада тоқтап, ақ қолғабын шешiп, қасында
бағанада берi сайрап келе жатқан Өткелбайдан:
— Бұл арада құс жоқ па? — деп сұрады.
Қазақтардың қоныс-жайлауы туралы айтып келе жатқан, арық денелi, қияқтай мұрты
бар, қара сұр Өткелбай сөз бағдарының кiлт бұрылғанынан сасып қап:
— Болғанда қандай! — дедi. Сосын қолын Сырдың бұралаң тұсына қарай сiлтедi: —
Анаяқта құс деген жүдә көп. Бұ жердiң қазақтары құсқа лашын, қырғи салады.
— Атпай ма?
— Олардың мылтықтары жоқ. Сосын құс салады...
— Қызық екен. Сонда құсты қалай салады?
— Ол өзi... Ваше высокоблагородие, Сiзге қалай түсiндiрсем екен... — Өткелбай оған
саятшылық өнерiн қалай түсiндiру керектiгiн таппай қиналды.
Оның қызарып сала берген жұқалтаң жүзiн көрiп, Перонский қарқылдап күлдi:
— Жарайды, айтпай-ақ қойыңыз. Бiр ретi келсе, оны көзбен көрермiз.
— Ең дұрысы сол, — дедi мойнынан атан түйенiң жүгi түскендей қуанып кеткен
Өткелбай елпiлдеп, сопақ басын ие түсiп.
Осы кезде атты казактар күйменi жабыла итерiп, оны құрғақ жерге шығарып үлгерген
де едi. Төрт дөңгелегi балшықтан саталақ боп қалған фаэтонға жақындап келгесiн,
Перонский етiгiне жұққан батпақты жерге түсiрейiн деп, екi аяғын бiр бiрiне қақты да,
батпақ түсе қоймағасын, қолын бiр сiлтеп, күймеге қайта мiндi. Бұл орнына отырар-
отырмастан, мыс қоңырау сыңғыр ете түсiп, үш ат арбаны ала жөнелдi.
Олар араға бiр қонып, екiншi күнi Қазалыға жеттi. Бiр күн демалғаннан кейiн,
Перонский қазақтардың ақсақал-қарасақалдарын жинап ап, ендi жазалаудың
болмайтындығын, кешелерi өз билiгiн асыра пайдаланып, қатыгездiк көрсеткендердiң
жазаланатын айта келдi де, Өткелбайды Қазалыда уақытша хан болатындығы жөнiнде
хабарлап өттi.
Мұны естiген бойда, жиналған кiсiлер аздап қобырласып қалды:
— Уақытшасы қалай?
— Ау, хан деген өлгенiнше тақта отыра бермейтiн бе едi?
— Оны қойшы. Осы... қарадан қашан хан сайланған?
— Бұ бала кiм өзi? Төре ме?
Ақсақал-қарасақалдар Өткелбайдың Жаппас руынан екендiгiн бiлгесiн, қоңырайысып
қалды:
— Қайдам, ояғын.
— Ендi алты ата Әлiмге қайдағы... қаңғып жүрген Жаппас хан бола ма?
— Қаңғығаны нес? Оны ана Орынборда орысша оқыған дейдi ғой.
— Өй, оқыса, оқи берсiн. Оның бiзге не керегi бар?
— Өзi мұсылман ба екен? Шоқынды болып жүрмесiн.
— Осы сен де қызықсың. Ау, шоқындырмаса, орыс оны оқыта ма?
— Онда... жетiскен екенбiз.
— Бұл өзi... ақұдай деп айтып көрген бе екен?
Перонский елдiң ақсақалдарына мән-жайды, ертеңдерi азғырынды сөзге ерiп, бүлiк
бастағандарға кешiрiм болатындығы, елдi Қазалы маңына қайтадан көшiп келуге тиiстi
екендiгi, ендi оларды ешкiмнiң де жазаламайтындығы, ақ патшаның киргиз-кайсактарды
Орта Азия хандарының зорлық-зомбылығы мен езгiсiнен қорғайтындығы, жергiлiктi
жұрттың түптiң түбiнде отырықшы боп, мал бағумен де, диханшылықпен де
айналысатындығы, олардың бiлiм алатындығы жөнiнде барынша түсiндiрiп бақты. Ақыры
мұның сөзiнен, шамасы, жалыққан болар, ақсақалдар Өткелбайды хан сайлауға
ризашылығын бiлдiрдi. Оның қазақ iстерi жөнiндегi Бас көмекшiсi боп Ережеп белгiлендi.
Мәжiлiс бiткен соң, Перонский елдiң ақсақал-қарасақалдарын қонақ еттi. Дәм үстiнде
олардың арқаларына бұлғын iшiктердi жапты. Оны көрiп аңқау шалдар тарқ ете қалды.
— Өй, мынауың бiр... жақсы орыс екен ғой.