— Құдай сақтасын, — деп, Тiлемiс шошып кеттi. Ол кәмпескенiң не екенiн анық
бiлмесе де, осыдан аз бұрын iрi-iрi байлардың бар малы үптелiп, өздерi басқа жаққа жер
аударылғанын естiген. Соған қарап, кәмпеске деген ит жеккенге кету ғой деп ойлайтын.
Сүйтiп, бұл колхозда жылқышы болды. Құм арасындағы мимырт тiршiлiгi онша
өзгере қоймады. Ара-арасында екi етектерi далақтап уәкiлдердiң келiп кеткенi болмаса,
орталықтан шалғай жатқан Егiзқараға көлденең кiсi келе қоймайды. Бұл жылына бiр
рет орталықта өтетiн колхоздың жалпы жиналысына барып қайтады. Еңбеккүнге
тапқанын мал басына айналдырып, саусақтарын бүге отырып, бүгiнде қанша құлынды
бие, қанша қой болғанын есептеп байқайды. Қашаннан шаруа жан алдына бiр-екi
биенiң түсiуi мұң екен, оны он шақты жыл өтпей жатып-ақ бiр үйiр жылқыға
айналдырып жiбердi. Қойы да өсiп жатыр. Тек жер ортасына жақындап, сақал-мұртына
ақ енгесiн, бұл жас иiстi аңсайтынын әйелiнен жасырмай айтатынды шығарды. Ендi
етегi қанамасын бiлген әйелi соңғы кездерi тұйық боп жүр. Күнде саба-саба қымыз
ашытады, мал жайлайды. Ойбай, майданға керек, деп шапқылап жетiп келген
агенттерге қап-қап жүн, саба-саба қымыз берiп жатады. Содан қала бердi, отыра қап,
сым темiрмен iлмектеп, бұған шұлық тоқиды. Кешкiсiн бұл жатып қалғанда, жетiлiк
шамның бiлтесiн сығырайтып қойып, мұның көйлектерiн жамайды. Сонда бiр күнi
кешкiсiн малды жайғап болғасын, ол шай үстiнде бұған қарап:
— Құтты келiн атанып, малыңды көбейткенмен, басыңды көбейте алмадым.
Тумайын деген ниетiм жоқ, бiрақ құдай бiр шаласүйектi бермей қойса, не шара? Мен
саған ырзамын. Бұрынғының жолы ғой, ендi сен төсек жаңғырт, — дедi.
Бұл басын көтерiп ап:
— Әй, әй, қой! Сенiң... мұның не? — дедi.
— Қоятын түгi де жоқ. Баласыз үй мазар деп бұрынғылар бiлiп айтқан қой. Қашанғы
екеуiмiз қу басымыз сопайып отыра беремiз? Ертең мына малға еге болатын бiр
малбағар керек қой.
— Әй, сен де бiр, — деп, Тiлемiс ыңғайсызданып қалды. Iшiнен әйелiнiң ақыл-есi
бүтiндiгiне сүйсiндi. Ол алды-артын болжап, ертеңгi күнiн ойлап айтып отыр ғой деп
түйдi.
— Өзiң таба алмасаң, менiң бiр көздеген кiсiм бар. Соны ал. Оның баласын өз
баламнан кем көрсем, мiнеки, — деп ол қолына нан ұстап тұрып, жылап жiбердi.
Тiлемiс не дерiн бiлмедi. Ертеңiне әйелi таң азаннан қызыл iнгенге жазы салды.
Үстiне базарлыққа деп құрт, май, iрiмшiк салынған қапшығын артты. Сосын бiссiмiллә
деп, түйеге мiнiп, орталыққа қарай тайрақтатып желiп кеттi. Оның соңынан қарап
тұрып, Тiлемiс әйелiнiң өзi өз болғалы мұның жанынан алғаш рет ұзап шығып
тұрғанын, өзiнiң бiр түрлi боп қоңырайып сала бергенiн, жастайынан жаны мен тәнi
қабысып кеткен мына әйелiнiң ойда-жоқта өзiнен алыстап, салқын тартып бара
жатқанын сезiп, қатты қиналды. Көзiне жас келгендей болды. Сосын алыста қарасы
бiрте-бiрте қара ноқатқа айналып бара жатқан түйе соңынан қарап тұрып, о қандай
бәлекей, деп бiр қойды. Шамасы, әйелi осы ойға iштей сарапқа сап барып келген. Неде
болса өзi бiлсiн, ертең отбасында аяқ-табаққа араласатын өзi деп, Тiлемiс атының басын
бұрып ап, жылқы соңынан салған.
Арада бiр-екi күн өткенен кейiн, бәйбiшесi қайтып келдi. Соңында бiр жап-жас
келiншек. Қолында құндақтаулы баласы бар. Ол осы Алмашкүл екен. Бұл оның күйеуi
Пұсырманнан қалай айрылғанын жақында сырттай естiген-дi. Естiп отырып, таң
қалған. Апырай, жақсының көзi едi, деп, Алмашкүлдiң әкесiн ойлаған. Онымен мұның
әкесi дос-жар, жақын кiсiлер едi. Жазғы жайлауы, күзеуi бiр болатын. Талай рет
қапталдаса қонысып, бiр-бiрлерiне ерулiк берiп, ауыл арасының қыз-бозбалалары ақ
сүйек ойнап, мүшеге ат шауып, көкпар тартып, мәз-майрам боп жататын. Мiне, сондай
жақсының қызы осылай болады деп кiм ойлаған. Оны көре сап, Тiлемiс сабырынан
айрылып, апалақтап, түйенi шөгерiп боп, қолындағы құндаққа жармасты. Оны
ебедейсiздеу ұстап, түрi бiр түрлi жылып, iшке қарай жүрдi. Бұрын бала ұстап көрмеген