ол жайын сараптап жатпаса да, кейiн келе Жеңiсбектiң өзiне берген азабын күндердiң
күнiнде оның апасы Күлжамаштың тартатынын ойлап, айызы қанғандай болған. Бiр
мезгiл ауаланып: «Мұндай табыскер жiгiттi жаман қатыннан тартып алу керек. Көп
болса менен он шақты жас үлкен. Ол ештеңе ете қоймас. Бiрақ қалтасы қалың. Оған
тимей, қайдағы бiреудiң етегiнен ұстасам, өз шешем сияқты кейiннен ақырет-азар
тартам ғой», — деп ойлап, көздi жұмып кеткен. Ендi сол желiгiнiң арты ащы бола
бастағанын сезiп, бiр сәт өз-өзiнен шошып қалды. Көз алдына Тоқшылықтың қоңырқай
жүзi келдi. Оны Набат мектепте оқып жүргенде-ақ жақсы көрген. Ол сезiмiн сыртына
шығармай, қашан жiгiттiң өзi сөз айтпайынша берiк болам деген сертiнен таймаған.
Бiрақ қанша үйiртпектеп жүрсе де, Тоқшылық бұған жұмған аузын ашпады. Жалпы
сыйластықтан әрiге барған жоқ. Сосын соған ызаланған Набат Тоқшылықты жиналыс
сайын сынайтын болды. Тiптi жақсы көруiнiң жек көрiнiшке ұласып, мұның кеудесiн
өшпендiлiкке толтырып жiбергенi сонша, кейде қыз ауыр-ауыр сөздердi айтып та
тастайтын. Соның артынша өзiне-өзi келiп, бала жiгiтке кеуiлiнiң түкпiрiнде жатқан
ойымды аңдамадың ба дегендей бiр түрлi боп, елжiрей жек көре қарайтын. Бiрақ
Тоқшылық оны түсiнбедi. Соған ерегiскен қыз Жеңiсбекке ыңғай берсем, ол қызғанар,
ойланар деп едi. Шынында да, оның бұл әрекетi тегiн кетпедi. Кейiннен Тоқшылық
мұны үйiртпектейтiндi шығарды. Соның соңы әнеукүнi тура сөз айтуға әкеп соқты. Тек
ойда-жоқта тап болған мына жағдайы оны нар тәуекелден iрке бередi. Бұл ертеңгi күнiн
ойлайды. Жiгiт әлi аңқау. Жарайды, Тоқшылықтың басын айналдырып, етегiнен ұста.
Бiрақ ол күнәң ертеңгi күнi бiлiнбей қала ма? Сонда ел бетiне қалай қарайсың?
Тоқшылықтың жүзiн қалай көресiң? Әлде бұл мұның артықшылығы ма? Пысықтығы
ма? Бұл дегенiң момын кiсiлердiң арқасына мiнiп ап, етi тiрiлердiң мына тiршiлiкте
мәңгi-бақи жасап келе жатқан артықшылығының бiр белгiсi ме? Шешесi осы бiр гәптi
түсiнсе де, айтпайды. Әкесiнiң ештемемен шаруасы жоқ. Ол ертелi-кеш далақтап жүрсе
де, отбасының ажарын бiр келтiре алмады. Тiптен өз кiндiгiнен өрбiген балаларын
оқытарлық қаражат та жиған жоқ. Ағасы Қанат нағыз қара танымастың өзi боп өстi.
Оған қарағанда, жеңгесi Нұрсұлу пысық. Кейде бұл естi жеңге ағасының аузына шөп
өлшеп ап, көлденеңге көз сала ма деп қорқады. Оны шешесi де байқайтын сияқты,
үнемi Қанатты кекеп-мошқап отырады, өзi бiр тиынды бес тиын етем деумен қартайды.
Анада бiр әңгiменiң келер жақында: «Адам жас кезiнде бiлмейдi екен. Ажарың барда,
әбiрейi асқан жiгiттiң етегiнен ұстап қалу керек екен», — деп, iшiнде шемен боп қатқан
бiр сырдың ұштығын шығарған. Осы сөз Набаттың құлағында қалып қойған. Елекеш
өзiмен әуейiлене бастағаннан бермен дүние кәдiрiн бiлгендей, алдынан бұрын өзiне
беймәлiм дүния ашылып келе жатқандай. Шындығында деп, ол бiр мезгiл ойға батқан,
пенде шiркiн мына дүниеге қызық, қуаныш көрсем, бақытты болсам деп келедi. Ал
бақыт деген пәлеңдi алтын, күмiссiз алақаныңа қондырып көр. Қолыңнан келсе, сол
пұлды өзiң жаса. Қолыңнан келмесе, қолынан келетiннiң етегiне жармас. Осы ой
қамшы боп, бұл кейiннен Елекештен қыл елi ажырамауды ойлаған. Алда-жалда ол ат
құйрығын шорт кессе, абыройсыздыққа ұшырамай тұрғанда, Тоқшылықтың етегiне
жармасуды жөн көрген. Бiрақ сонда оны қалай алдай алады? Оған ар-ұяты кәйтiп
барады? Жоқ, мұның бұлай болуына өзi кiнәлi, дедi iш жағындағы бiр кiнәмшiл дауыс.
Өзi кiнәлi. Баяғыда мектепте бiр партада отырғанда мұның ыстық ықыласын Тоқшылық
дер кезiнде бiлгенде, арты мұндай болмас едi. Немене сонда қыз басымен оған сөздi
бұл айта ма? Қайта сол өкiнiштiң өтеуi ретiнде бұл оған сауап.
Кенет Набат шошып қалды. Iзiнше қуаныш табы жүзiне шапты. Жiбек көйлек қытып
барып аш мықынға ұласар тұстан әлдеқандай тiршiлiк белгiсi бүлк-бүлк еткендей
болды. Өз тәнiне отау тiккен нәресте осы жолы қаттырақ қозғалып, қыбыр-қыбыр етiп
қоя қойды. Набат қуанып барып шошып қалды. Апырау, ертең ел-жұрттың бетiне не
деп қараймын? Жас шарананы етегiне салып, кiмге апарады? Оған әке-шешесi не
дейдi? Әлде, әлде... алдырып тастасам ба екен? Қой, қой. Онан да басқа жағын
қарастыру керек. Қайта Елекештей жiгiттiң басын шырмау үшiн осының өзi дұрыс