қайықша сырғыған қара машинаға ерiне мiнiп, мұның да тасы өрге домалап жүргенiне
не жетсiн. Басқалардан бұл кем бе? Мұрны пұшық па, құлағы саңырау ма? Иiнi төмен,
жүзi кiшi тартып тұрар жауынгер жұрттың басқа арамза ағайыннан шет қақпай көре
беруi тиылмай ма? Әлде ана Бәйдештердiң аузының салуы бұдан артық па? Қайдағы.
Асылы кiсi еш нәрсеге құнт қылмайды. Болмаса не нәрсенiң де атымын алып, көзiн
тауып iстесе, қанжығаға байланбас олжа жоқ. Осы күрiш деген дақылды қазақтардың
еге бастағанына онша көп болған жоқ. Он-он бес жылда оны да бас үйреткен тайдай
қалаған жағымызға бұра беретiн бiр шамаға жеттiк. Қала тiршiлiгiне де солай үйренуге
болады. Тек көрмегесiн қит етсе толтыратын қағазы мен дырылдаған автобусына мiнiп-
түсудi қазабат көремiз. Кiсi дозаққа да үш күннен соң үйренедi деген. Сонда қала
дейтiн жәннатқа ет үйретпес немiз бар? Елекештiң бiр ойы, сәтi түсiп жатса, сол
Алматының өзiнен сыңғыраған бiр пәтер алып қою. Кiм бiлiптi, кейiн солай қарай
жылжитын заман да туып қалар. Сол арада ол өз-өзiнен iркiлiп, басына бөтен бiрой
шауып, қалт тоқтай қалды. «Апырмау, — дедi ол өзiне-өзi, — осы менiң мұным не?
Мынадай жағдайға шатылғаным қалай?» Ол сол мезет iшкi жағындағы бiр дауыстың
өзiнiң осы терiс қадамын айыптап, қайта-қайта үн сап жатқанын аңғарды. Шынында да,
өзi не боп барады? Баяғы жастау кезiндегi тазалығы қайда? Жастайынан бiрге күн
кешiсiп келе жатқан құдай қосқан қосағының бұған не жазығы бар? Ертең сыры
ашылып, масқара бола қалса, не дейдi? Ол сол арада өзiнiң ағат кеткенiн аңғарып, өз
бармағын өзi тiстеп, сәл тұрып қалды. Аздан соң биiк диуалдың биiк есiгiн ашып
жатып, осы қорғанды қиратсам ба деп бiр ойлады. Бiрақ бiр түрлi самсоз боп,
қоңырайған қалпы iшке кiрдi.
Күлжамаш томпаңдап жүр:
— Өзiн аузына су толтырып алған өгiз бе десем, былай, жөн бiлетiн жiгiт екен ғой.
— О кiм?— дедi Елекеш жақтырмай.
— Ана сүмердi айтам. Жаңа кеп... — Күлжамаш алтын тiсiн көрсете күлiп, шылан
жақта терiсi сыдырылып жатқан қойды көзiмен нұсқады.
— Қайтып апарып бер! — дедi Елекеш зiлденiп.
— Неге? — Күлжамаштың көзi быттиып кеттi. — Ау, ол деген сенiң азамат басыңды
сыйлап, келген қонағыңа асып берсiн деп әкелдi. Ол менi сыйлап бердi деймiсiң? Ау,
сенiң басыңды кәдiрлеп... Оны апарып тастаған деген немене? Әркiм сыйлағанның
құлы. Деректiрмiн деп кекiрейе берсең, саған кiм еңкейедi?
— Ендi сендер сүйдейсiңдер, — дедi Елекеш лажсыздан қынжылып.
— Ау, сүйдемей, ендi қалай? — деп, Күлжамаш бұғағы бiлемденiп, бұған сарғыш
көзiн быттита қарады.
Елекештiң оған қарағысы келмей кеттi. Сол арада шарылдап қоя берген телефонды
сылтау етiп, терiс айнала бердi. Барып трубканы көтердi.
— Әлө! Тыңдап тұрмын.
Әр жақтан жуан қоңыр дауыс осы жолы бiр түрлi жарықшақтанып шықты.
— Орақты қашан бастамақ ойларың бар?
— Әне-мiне деп отырмыз. Техниканы дайындап дегендей, — дедi Елекеш ауыр
денесi қунақ тартып, өз-өзiнен жеңiл асықша үйiрiлiп сала бергендей болды.
— Сонда қалай? Дайын ба? — дедi қоңыр дауыс кекеткендей зiлдi қалпы.
— Бәрi дайын деуге болады. Тек бiр-екi қомбайнымыз қалды. Оны да жақын арада
бiтiремiз. — Елекештiң есiне Құмайдың сөзi түстi.
— Абайла. Былтырғыдай болып жүрмесiн. Ал ана күрiшшi бала қалай?
— Набат па? Оның жағдайы жақсы.
— Рекорд бола ма, жоқ па?
— Болып қалар. Күрiшiнiң шығымы жаман емес.
— Байқа, көз бояу болып жүрмесiн.
— Неге, — дей берген Елекештiң даусы қаттырақ, шығып кеттi. — Ондай нәсте
ойымызда да жоқ. Еккенi мен орғанын ғана өлшеп дегендей...