құлайды-ау деп жүргенiнде, ойламаған жерден қатты дауыл соғып кеп берсiн. Сосын
Қанат өкiнбегенде, кiм өкiнедi? Әзберген соны бiлiп, ештеңе демедi.
Ертеңiне Елекеш мұны қасына ертiп ап, барлық атыздарды аралап шықты. Көп салы
үзiлiп қапты. Совхоздағы бар бригадада осындай шығын бар. Тек ана Жықпыл жақтағы
қалың салы аман-есен. Бер жағында қалқа боп тұрған әйдiк қара төбе қатты ойдағы
салыны қара дауылдан қорғап қапты. Елекеш соны дәтке қуат қылғандай, бұларға ендi
аман қалған салыны өлтiрiп алмаңдар деп қатал тапсырды. Әзберген қауқылдап, атына
мiне сап, күрiш басына қарай жөнелген. Келе қырып тастайтындай боп, кетпенiн ала
сап, бас арықтың жырылған тұсын бiтедi. Су әлi орта. Он шақты жылдан берi Сырда су
азайып, дихандардың құтын қашырып тұрған. Мына төменгi жақтағы күрiш
совхоздарына Басықарадағы плотина арқылы суды жырымшылап бередi. Бұлар
дарияның әр жағында болғандықтан, суды тiкелей арнадан тартады. Сонда да су
жетпейдi. Бүкiл күрiш алқабына су жеткiзетiн бас арық бiреу болғандықтан, дихандар
совхоз басшылары алдын ала келiсiп жасалған кесте бойынша, кезектесiп салысын
суғарады. Оны бұздың дегенше, арылмас дау-шарға қалдым дей бер. Бас жақтағы бұлар
алда-жалда бiр ретiн тауып, бас арықтың бiр жерiнен су ала қойса, арнадағы су
ортайып, кейiнде жатқан алқаптарға су жетпейдi. Сосын дихандар аттарына мiне сап,
қолдарына кетпендерiн ұстап, шауып-шауып келсiн. Су жырылған тұсты көрiп, айқайға
кеп бассын. Ол аздай, мына жақтан қорықшы боп жүрген Жұман қырылдап, қамшысын
бiлемдей сiлтеп, әдемiлеп боқтап берсiн. Соны бiлетiн бұлар суарудың ретi келдi
дегенше, түн баласында тыным таппайды. Әзберген атына мiнiп ап, басқа жақта су
ұрлап жатқан жоқ па деп, бас арықтың бойын кезедi де жүредi. Қанат пен Нұрсұлу
атыздардың басы-қасында болады. Сүйтiп жүрiп өсiрген салыны ендi-ендi орақ түседi
деп тұрғанда торғайға жем қылуға кiм құштар. Бұл қолына жаман жаңғыз ауыз
мылтығын алып, егiс басына қос тiгiп, қарақшы қойып, күндiз торғайларды атып,
қашырып жүргенi. Бүгiн де сол оймен келе жатыр.
Ол қос жанына кеп, атынан түсiп, мылтығы мен кетпенiн былай қойды. Сосын
ыңыршағы айналған жаман атты анадай жердегi жасыл құраққа апарып, қазыққа
байлап, отқа қоя бердi. Сосын барып қосқа кеп, дағдылы орнына отырды. Күн әлi ыссы.
Күндiзгi аптаптың пәтi қайта қоймаған. Ол маңда–йынан аққан терiн алақанының
қырымен бiр күреп тастап, көзiн қыса, анадай жерде жүрген Қанатқа қарады. Қанат та
мұны көрiп, берi келе жатыр екен. Қолында әйдiк қарбызы бар. Ол қарбызды ырсылдай
көтерiп кеп, мұның жанына отыра кеттi.
Бұлар биыл осы арадан онша қашық емес жерге бақша еккен. Төрт-бес қарыққа
қарбыз сепкен. Қалған жағына қауын, айқабақ егiп тастаған. Қарбыздары жақсы өсiп,
алды ерте пiсе бастаған. Осындай ыссы кездерi Әзберген бақшалығын аралап,
қарбыздарды шекесiнен шерте жүрiп, пiстi-ау дегенiн үзiп алады. Сосын қос басында
отырып, қарбыз жеп, шөл басады.
Қанаттың да ойлағаны сол болса керек, келе қарбызды етекте ағып жатқан мұздай
суға салып қойды. Сосын берi бұрылып:
— Насыбайың бар ма? — дедi.
Әзберген қалтасынан жарғағын алып, оған ұсынды. Қанат жарғақты ашып,
алақанына бiр атымдай көк насыбай салып ап, малжаңдай сөйледi:
— Мынауың кәттә екен ғой.
— Е, сен қалай деп ең? Бұ деген, ойбай-ау, Бұқардың атақты көк насыбайы ғой, —
дедi Әзберген жарғақты керi алып жатып.
— Осы, көке, баяғыда Бұқарға бардым деп пе ең?
— Ей, жынды кезде не iстемедiк. Сондай бiр нәсте болған.
— Жәй бардың ба?
— Жоға.
— Сонда... неге...