Тоқшылық Байқожадан өте бере өзiнiң қатты шаршағанын сездi. Оған қарар Әбду
жоқ. Сайрап отыр.
— Менiң бiр жамағайыным бар едi. Соның Сәбилә дейтiн қызы Жосалыда бiр балаға
күйеуге тидi. Содан кейiн не керек, жыл өтiсiмен әлгi қызды құдай атпасы бар ма?
«Оқуға барам», — дейдi. «Ау, — дейдi оған ерi, — үйлi-баранды сен қалай оқисың?»
Әлгi типыша ешкiмдi тыңдамады. Ақыры ажырасып, Алматыға барып, оқуға түстi. Оны
бiтiргесiн, сол Алматыда жұмыс iстеп қалды. Ояқта күйеу таба қою оңай ма, бiр-екi
жыл бойдақ жүрдi. Бiр күнi қалаға барсам, шешесi Сәбиләны күйеуге шықты дейдi.
«Кiмге?» — дедiм ғой. «Өзiнен жиырма жас үлкен шалға». «Әп-бәрекелде!» — дедiм.
Содан бiр күнi әлгi қутыңдаған шалды көрдiм. Бала, саған өтiрiк маған шын, әлгi шал,
жас иiстi алғасын ба, мүлдем жасарып кетiптi. Шұнаң-шұнаң етедi.
— Ендеше сен де сүйтiп жасарсайшы, — дедi Күлжамаш сықылықтап.
— Е, жасарса, несi бар. Немене менi әлгi шұнаңдаған шалдан кем дейсiң бе? Ана
Елекештей болмасақ та... — Ол тiлiн тiстей қалды.
— Не, не? — дедi Күлжамаш көзiн жыпылықтатып.
— Жәй... әшейiн. Қалжың қой.
Тоқшылық осы кезде жылдамдықты өзгертейiн деп едi, қолы Күлжамаштың
сөмкесiне тидi. Iшiнен шытырлаған бiр бума қағаз сусып еденге түсiп кеттi. Ол жалт
қарады. Күлжамаш өз-өзiнен абыржып, әлгi буманы жалма-жан сөмкесiне тыға салды.
Оның жiпсiк көзiнде үрейлi ұшқын жылт-жылт ете қалды. «Бұ несi?» — дедi
Тоқшылық таңғалып.
Машина стансаға кiргесiн, Әбду мен Мылтықбай базардың жанына жете бере,
түстен кейiн кездесетiн жерiн айтысты да, түсiп қалды. Тоқшылық Күлжамаштың
сiлтеуiмен газиктi үлкен көшелердiң бiрiне бұрып, соқпа диуалды, шиферлi тамдардың
жанымен жүрiп отырып, базардың шығыс бетiне кеп, ат басын iрiктi. Күлжамаш
домаланып жерге түстi де, арасынан ел өткендей қысқа аяғын тып-тып басып, көшенiң
арғы бетiндегi үлкен үйдiң дарбазасына кiрiп кеттi. Тоқшылық оны ұзақ күтерiн бiлiп,
қайтар жолда ұйқы қысар деп, аздап мызғып алғанды жөн көрiп, артқы орындыққа кеп
созылып жатты. Аздан соң көзi iлiнiп кеттi. Бiр уақытта тықылдаған дыбыстан селк етiп
оянып, басын көтерiп алса, Күлжамаш саусағымен машина әйнегiн ұрып тұр екен. Бұл
қатты бiр есiнеп алып, орнынан тұра бердi.
Күлжамаш базарға кеп, сауда жасады. Оны-пұны алғасын, ағасының үйiне соқты.
Сосын екеуi базарға барды. Күлжамаш базар аралап кеткесiн, кездесетiн жерiн айтты
да. Тоқшылық ауданнан шығатын газет редақциясына кiрiп, кеше күрiш жөнiнде
жазған мақаласын бiр кiсiге бердi. Ол адам бiр езуiн жымқыра iшiне тартып, мақаланы
асықпай оқып шықты да, асықпай мұның тұла бойын тiнте карап өттi. Әлден уақтан
соң:
— Дұрыс, — дедi. — Мұны сүгiретiмен беремiз. — Сосын ол тартпасынан дыбырлақ
Досан түсiрген Набаттың фотосын шығарып, қағаздың сол жақ шекесiне скрепкамен
қыстырды.
Тоқшылық сыртқа қуанып шыға бердi. Сол арада iштен түтiгiп шығып келе жатқан
Мылтықбайды көрдi. Қасында Әбду ыржаң-ыржаң етедi.
— Айттым ғой саған болмайды деп.
— Мен саған болмағанды көрсетем! — дедi Мылтықбай өзеуреп.
Тоқшылық оларға таңдана қарады:
— О не?
— Әй, мына ағаң кәртейгенде жорға ашып... — Әбду мырс еттi. — Математик емес
пе? Бiр гектарға қанша күрiш сабағының өсетiнiн, оның басында қаншама дән
болатынын, оның қанша салмақ тартатынын есептеп шығарыпты. Сүйтiп ең әрi дегенде
бiр гектардан 50-60 центнерден артық астық алуға болмайды дейдi. Соны мақала етiп
жазып апарса, — баспайды. Жiгiттер қарқ-қарқ күледi. Солармен жаңа ұрысып...
— Жоқ, менiкi дұрыс!