Әбду тоқтай қап, қолын жоғары көтердi:
— Дүнияда жоқ жаңалың ашқаны үшiн Мылтықбай-ға... бiр мылтық беру керек!
Мылтықбай оны желкесiнен бiр қойды.
Тоқшылық әуелi Мылтықбайдың есебiне iштей күлсе де, кейiн ойлана отырып
таңғалды. Бiр түрлi сөзiнiң жаны бар сияқты. Соны ауылға келгесiн, әкесiне айтып едi,
Досберген күрсiнiп:
— Қарағым, әр заманның өз әжуасы, өз қазысы болады. Ыңғай бөлек те, талап та
бөлек болуға тиiс қой. Ыңғай мен ықпал қабыспай, атақ пен әбiрей де қабыспайды.
Соны ескермей... Өйдөйт, заман-ай! — деп, шалқалап жата кеттi.
Тоқшылықтың көз алдына қу сүйегi қалған әкесi мен әлi пақуатты, бетi бөтекеше
тырсиған қырылдауық Жұман келдi. Сосын Мылтықбай мен Елекеш, Әбду мен Бәйдеш
келдi. Олардың арасынан жай көзге көрiне бермейтiн, қырағы жанарға ғана анық
шалынар ұқсас нәрселердi көргендей болды. Бiрақ оның сырын түсiне алмады. Жәй,
маған солай көрiнген шығар, дедi. Сосын Жұман жайлы елдiң айтып жүрген әңгiмесiн
есiне алды. Жеңiсбектi, Набатты ойлады. Бiр сәт адам тағдыры неге өзара ұқсас, дедi
өзiне-өзi. Әлде атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын тағдыр бар ма? Неге
бұрында болып-толған кiсiлердiң баласы шыр жиюға келгенде аса пысықтық
көрсетедi? Әлде олардың бұл сүйегiне сiңген қасиет пе? Неге адам туған отанынан
басқа жерге қоныс тепкiзген өсiмдiкше замана райына қарай өзгере бастайды? Сонда
бiздiң дүниенi өзгертемiз дегенiмiз қайда? Әлде заманды өзгертiп, өзiмiз өзгердiк пе?
Ендеше сенiң де тiршiлiктiң ыңғайын алғаның жөн қой. Үйтпесең...
Оның есiне Елекеш пен Мылтықбай түстi. Шынында, осы төрт құрдас өмiрдегi салар
соқпағын әу баста бiрдей бастады. Ол кезде араларында айырмашылық аз болатын. Бiр-
бiрiнен артылып, мен мұндалап тұрған қасиеттерi де шамалы. Қайта оң қолынан өнерi
тамған Мылтықбайдың мүмкiндiгi көптеу едi. Сонда арада жиырма-отыз жыл өткесiн
олардың әр түрлi дәрежеде қалып қоюына не себеп? Икемсiздiк пе? Орашолақтық па?
Пысықтықтың жетiспеуi ме? Кiм бiлсiн. Әйтеуiр, елдiң кiсiнi жиған абыройы мен
беделiне қарап сыйлайтынын көзi көрiп жүр. Ана Мылтықбайды қанша оқыса да, жұрт
әуiм-сәуiм деп бiледi. Неге? Сонда көл-дария бiлiмнен алақаныңдағы бiр уыс алтынның
артық болғаны ма? Әлде сол бiлiм алтынның көзiн табу үшiн керек пе? Жалпы
осыншама бiлгендегi мақсатымыз не? Мына айдай әлемнiң сырын бiлдiк, бар құпиясын
аштык. Өмiр жайлы бiлiгiмiздi толықтырдық дейiк, сонда мұның бәрi не үшiн? Бiлу
үшiн ғана ма? Бiлу үшiн бiлудiң не керегi бар? Сол бiлiмдi кәдеге жарату керек емес
пе? Онсыз адам өз мүмкiндiгiн iске асыра алмай қалмай ма? Е, мәселе қайда жатыр.
Мына кiсiлердiң неге өлiп-өшiп дүние жинайтынының бiр сыры осы екен ғой. Олар
өзiм көрген қиындықты бала-шаға көрмесiн деп, артында көп дәулет қалдыруға
тырысады екен ғой. Ол мұраны егеленген жан тiршiлiктiң майда-шүйда жағынан
тапшылық көрмей, күш-қуатын жәй нәрсеге сарп етпей, бiрден iрi шаруаның басын
қайыруға тырысады. Ал, сен ше? Алдымен оқуға түсiп ал. Оны бiтiр. Үй-жай ал. Сосын
барып ойлаған шаруаға кiрiсесiң. Осы екi ортада қаншама есiл уақыт текке кетедi. Сен
соны ескермей, түтiн түтетем дейсiң. Ау, ол соншалық оңай ма? Жарайды, бас қос.
Ертең отбасының күйкi тiршiлiгi басталғасын, бәрi жайына қалады. Мына тiршiлiкте
маңдайына жазылған ырыздық-несiбесiн терiп жейiн деп, алақанын жайып келген өз
перзентiңе жай жасауға, ертең олар қиыншылық көрмесiн деп, тапқан-таянғаныңнан
артылғанын тiрнектеп жинауға, оған мұра қалдыруға тиiссiң. Үйте алмасаң
балаларыңды тыр-жалаңаш қалпы тағдырдың тәлкегiне салып кете барасың. Сен онда
өз әкелiк борышыңды өтей алмаған, тек ғана тұла бойыңды кернеген зор уытты
қайтаруды көздеген барып тұрған өзiмшiл, қатыгез жансың. Өзiңнiң қолыңа бақ құсын
қондыра алмағаныңа қарамай, өзгенiң ол талабына кедергi жасайсың. Онда сенiң ұрпақ
өрбiтуге қандай хақың бар? Мына жұмыр жердiң бетiнде бақ iздегендер онсыз да
жеткiлiктi емес пе? Сен олардың қарасын көбейткеннен не ұтасың? Керiсiнше он
бақытсыздан бiр бақыттының болғаны жақсы емес пе? Сонда адамның өз iсi, мiнез-