Стр. 129 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Болғанда... аяғы... ауырлап, қиын соғып тұрғаны. — Елекеш қызарып кеттi.
— Ау, онда алдыртып тастамайсың ба?
— Күнi өтiсiп кеткен.
— Қап, әй, ә! — дедi Бәйдеш шынымен өкiнiп. Сосын аз-кем ойланып қалды. —
Ендi... ептеп-септеп құтылу жағын...
— Өзiмнiң де айтпағым осы едi. Биыл күндiзгi бөлiмге ауыстырып жiберсек,
қалғанын көре жатпаймыз ба?
— Әрине.
— Өзiң көрiп жүрсiң, жұмыс та ауыр, — дедi Елекеш әңгiме бетiн басқа жаққа
бұрып. — Жiгiттерiңнiң етi тiрi болмағасын, қиын екен.
— Пысық де. — Бәйдеш күлдi.
— Әлгi... сенiң Ахметов Сәйдулла көршiң сияқты.
— Айтпақшы, бала, ұмытып кетiппiн қой, оның мынадай бiр қызығы бар. — Бәйдеш
Елекештiң қолын ұстады. — Маған қарсы есiк тұратын жiгiт өзi бiр қутұяқ едi. Нағыз
қағып кеткеннiң өзi. Бiр күнi соның үйiнде шахмат ойнап жатқанбыз. Кенет бiздiң
үйдегi даладан екi етегi алау-далау боп жетiп келдi. «Ойбай, қызықты қара», — дейдi
ол. Бiз: «О не?» — дедiк. «Астымыздағы қақпас далаға он екi кiлем жайып жатыр».
Шынында да, сыртқа қарасақ, аулада бос орын жоқ. Он екi кiлем жарқырап тұр. Сол
екен, әлгi қутүяқ менi далаға алып шықты. Екеумiз Ахметовке келдiк. Қутүяқ:
«Ахметов әкә, жаңалықты естiдiңiз бе?» — дедi. «О не?» — дедi Ахметов көзiн
сығырайта өтiрiк күлiп. «Кәзiр қалада ұры-қары көбейiп тұр. Кеше бiздiң бiр доктор
жiгiттiң үш кiлемiн қағып кетiптi». — «Сонда қалай?» — «Оның еш қалайы жоқ. Олар
күндiз адам жоқта үйге кеп, өздерiнiң кiлтiмен есiктi ашады екен. Сосын ұрлайды. Оған
дейiн сантехник не монтер боп кеп, үй iшiн көрiп кетедi екен». Сол екен, Ахметов құп-
қу боп кеттi. «Кеше бiреу келiп кетiп едi». — «Ендеше соның нақ өзi». Ахметов сосын
қолындағы сапалағымен кiлемдi қағып тұрып: «Мынау бiр балдарға арнап жинастырған
азын-аулақ нәрсе едi. Өзiнiң шағы да кеткен шығар», — деп, кiлемдерiн апыл-ғұпыл
орай сап, үйiне қарай бүлкiлдеп таси бастады. Сосын есiгiндегi төрт құлыпты түгел
жауып, бiр апта бойы үйiнен шыққан жоқ. Бiр жұмадан кейiн әлгi қутұяққа шахмат
ойнайық деп барсам, күнде гантель көтерiп, ырсылдап жататын жiгiт тал түске дейiн
пырылдап, ұйқы соғып жатыр. Мен оны оятып: «Ау, мынауыңа жол болсын», —
деймiн. «Құрсын», — дедi ол қолын сiлтеп. «Е, не болды?» — «Әлгi Ахметовтен басым
бәлеге қалды. Құдайдың құтты күнi кеп, не жаңалық бар, деп мазамды алады.
Ұрыларды ұстапты ма, дейдi. Әнеукүнi түнгi сағат үште кеп оятып тұр. Шықсам,
ұрыларды ұстапты ма, дейдi. Ашуым келгенi соншалық, мә саған ұстаған, деп, шалдың
құйрығына бiр тептiм», — дейдi. Шынында да, сонысы рас екен. Әлгi Ахметов оны
сотқа берiп, жүз сом айып төлеттi.
— Ойнаймын деп от басқан екен, — дедi Елекеш күлiп.
— Айтпа. Бұл пысықтарға абай болмасаң қиын.
— Дұрыс айтасың. — Елекеш жымиды. «Өзi бiр былжырап тұрғандай!
Профессордың қызын алып, ғалым боп жүргенiмен шаруасы жоқ».
Елекеш сол күнi кеңсеге кеп, тездетiп Әбдудi шақырып алды.
— Әй, осы сен өрт болмау жағын қадағалап жүрсiң бе?
— Қадағалағанда қандай.
— Өрт шыға қалса, не iстейсiң?
— Оны тездетiп сөндiремiз.
— Дұрыс. — Елекеш кiдiрдi. — Бiзде жасы келiп, пенсияға шыққалы жүрген кiсiлер
бар. Сен ендi құрдас емессiң бе...
— Оған не сөз бар.
— Қашанғы екi етегiң далақтап шауып жүре бересiң?
— Әрине, әрине.