Стр. 132 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Е, неге?
— Ау, мына түрiңе қарап, оқушылар не үлгi алады?
— Жәке, керiтартпалықты қою керек. Кәзiргi заман ыңғайына көшпесе болмайды! —
деп, Мылтықбай оң қолын жоғары көтердi де, жалт бұрылып, тайып отырды.
Оған орта жолда Әбду қарсы ұшырасты. Көре сала, дереу шалғайына жабысты.
Мұның ине-жiптен жаңа шыққан шалбарының далақтаған балағын қарыстап өлшеп
көрдi. Көйлегiндегi жазуларды оқып, тiл сындырып байқады. Сосын:
— Дұрыс екен, Мәке, — дедi.
— Не, не? — дедi Мылтықбай таңданып.
— Мәке дейiм.
— Е, солай демесең, болмайды.
— Ау, ендi қалай дейiн. Мен Мәке дегенде мәгәс дегендi айтып отырмын.
— Өй, ит! — деп Мылтықбай оны күйрығынан бiр тептi де, жалт бұрылды.
Әбду оның iзiнен қарап тұрып:
— Әй! — деп едi, Мылтықбай қайрылмады. Бұл оған жаман әсер еттi. «Мына лақуа
кәйтедi, әй?» — деп, оның артынан қарады. Ол Мылтықбайдың жақында жаңа гарнитур
сатып алғанын бiлетiн. Неде болса соның желi ғой деп түйдi. Оның үстiне ол жайында
қаңқу сөздiң ел арасында тарап жүргенiн естiген. Мылтықбайдың ойда жоқта жорға
ашуы бүкiл Кеңтүптi айран-асыр еткен. Бiреулер: «Не дегенмен оқыған ғой. Бәрiн
iштей бiлiп жүр екен-ау», — деген. Ендi бiреулер: «Қатыны бес биенiң сабасындай
ашуы қысқа, ақылы ұзын жан едi. Шамасы, әжуа байын мықтап қолға алған болар», —
дескен. Көре алмағандары: «Бет-аузын жылтыраған ағаш-аяқ алдым деп жаман неменiң
көйлегiне сыймай, бұтқа толуын қарашы! Кеше ғана жөнiн жұлған тауықтай бүрсеңдеп
жүр едi?» — деп, сыртынан қыжыртқан. Тiптен Мылтықбайдың бұл мiнезiне Елекеш те
таңғалыпты деген сөз соңғы кездерi дүңк-дүңк естiлген. Кейбiр аузы жүйрiктерi қыза
келе: «Соңғы кезде Жиени арықтап кеттi», — дес-тi. — «Ау, неге?» — «Мылтықбай
гарнитур алғалы Жиенидiң жегенi желiм, iшкенi iрiң». — «Ойбай-ау, неге?» — «Ол
ендi Мылтықбай ауданды түгел қонаққа шақырады. Бұрын үйiнен қорынып, ешкiмдi
миман етпейтiн. Ендi қонақ сыйлап, орнымды тартып алады деп қорқатын көрiнедi», —
деп, ел iшiне күлкi-қалжақ қып, таратып жiберген. Соның бiр де бiрiне Әбду ғана
араласпай, iшiнен тынған. Ол қалайда құрдасының алдын орауды ойластырған.
Онысын кеше орындап та шыққан едi. Әбду күннiң ыссылығына қарамастан, көшеге
шығып, ұлы жолдың торабын бақылаған. Бұл жер ығы-жығы қаптаған машина. Бүкiл
ауданның колхоз-совхозының көлiгi осы арадан өтедi. Киiк аулаған, балың аулаған
қулардың да бiр соқпай кетпейтiн тұсы осы. Сәлден соң Әбду күдiктi-ау деген бiр жұк
машинасын тоқтатты. Кузовқа шығып қарап едi, үш-төрт қарақұйрықты брезент
плащпен жауып тастапты. Әбдудiң қабағынан қар жауып кеттi. Дереу шоферды
шақырып алды:
— Мынау не?
— Қарақұйрық қой, — деп ыржаңдады қара жiгiт.
— Оны өзiм де көрiп тұрмын. Кәзiр оған зәпiрет екенiн бiлесiң бе? — дедi Әбду
түксиiп.
Шофер әңгiменiң шынға айналғанын жаңа сезiп, мәймөңкелей бастады;
— Әбеке, балалар қызылдасын деп...
— Жоқ, мен iждеңе бiлмеймiн. Кәне, әкел прабаңды!
Әбду шофердың алақандай кiтапшасын, қосауыз мылтығын, үш-төрт қарақұйрықты
сыпырып ап, қаңтарулы тұрған мотоциклдiң арбасына әкеп салды. Сосын жер-жебiрiне
жете ұрысып, шоферды керi қайтарып жiбердi.
Ол екiншi машинаны да тоқтатты. Бұл жолы шофер тормоздан тәңiрiне жазып
қалды.
— Әкел пырабаңды!