Стр. 138 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

33
Мылтықбайдың үйi хрусталь люстрадан себездей төгiлген алуан жарыққа шомылып,
жайнай түскен. Қабырғаны тұтас алып тұрған шетел гарнитуры бұрынғы жүдеу үйдiң
қабағын ашып жiберген. Патшайым найқала қозғалып, ұзын үстелдiң үстiне
тағамдарды бiрiнен соң бiрiн қойып жатып, ырза кескiнмен қонақтарға қарап қояды.
Оған көмектесiп жүрген Набат та кеуiлдi. Үстел басында жағалай отырған Елекеш,
Бәйдеш, Әбду, Күлжамаш, Бибiш, Тоқшылық, Жеңiсбектер де кеуiлдi. Осы кемерiнен
асып-түгелген шат-шадыман кеуiл мына отырыстың әдеттегiден жарқын болатынын
айтпай-ақ бiлдiргендей.
Қонақтар ас үстiнде үй иелерiне жақсы ықылас-ниеттерiн бiлдiре бастады. Сөз ретi
жағалап Набатқа келдi. Оның сөзiне қол соғып, жұрт дуылдаса жөнелдi. Күлжамаш
ғана бұртиып отыр.
— Қарындас биыл рекорд жасайтын шығар, — дедi Бәйдеш күлiмсiреп.
— Жасағанда қандай, — дедi Әбду ыржаң етiп.
— Қатырар, — дедi Күлжамаш жақтырмай.
Набат қабағын түйiп ала қойды. Елекеш сазарып:
— Тиыш отыр, — дедi әйелiне.
Бағана естiген сөзi iшiне сыймай отырған Күлжамаш көтерiлiп кеттi. Ешкiмнен
именбей:
— Әй, немене, менiң аузыма қақпақ қоятын сен бе едiң? — дедi шаптығып. — Не
айтатынымды сенен сұрамайым.
— Тиыш отыр! — дедi Елекеш сұрланып.
— Отырмағанда кәйтесiң? — деп, Күлжамаш орнынан атып тұра берiп едi, қолы тиiп
кетiп, алдындағы хрусталь ваза жерге ұшып түстi. Ол қағып ала берген Мылтықбайдың
қолынан шығып кетiп, еденге соғылып, быт-шыты шықты.
— Қап! — дедi Бибiш сәл шошынып.
— Қап!
Мылтықбай сұп-сұр боп кеттi. Патшайым ызаланғанынан жылап жiбердi. Қолына
ваза сынықтарын алып:
— Қап, әттеген-ай, кеше ғана калаға барып, дүкеншiден екi бағасына алып едiм, —
дей бередi.
Тоқшылық Патшайымның аялы көзiнен мөлдiрей аққан жасына таңдана қарап
қалған. Бәйдеш бiр түрлi ыңғайсызданып отыр. Елекеш қап-қара боп кеттi. Қалтасынан
ақша шығарып, үстел үстiне қойды. Әшейiнде мұндайға шамданатын Мылтықбай осы
жолы ештеңе дей алмады.
Мына қолайсыздықты жуып-шаяйын деп, Әбду тез жөн тауып:
— Жiгiттер, Мылтықбай домбыра тартсын, — дедi.
— Тартсын!
— Тартсын!
Тоқшылық көршiнiң домбырасын сұрап әкелдi. Жұрттың зорлауымен Мылтықбай
домбыраны қолына ықылассыз алды. Құлығын бұрап отырып:
— Осы кiсi бiлмейдi екен. Домбыраның сәнi жас кезде көрiнедi ғой. Үлкейгесiн күй
тарту бiр түрлi жараспай ма, қалай? — дедi.
Ол көпшiлiктiң қолғалауымен бiр күй тартты. Ол бұл жолы бұрынғыдай
арқаланбады. Перне басып, машық алып қалған кәнiгi саусақтар саз соңынан қуалай
отырып, әуендi әуенге жалғастырып, жаңылыспай, өз қызметiн атқарып шықты.
Әшейiнде өне бойыңды сiлкiп-сiлкiп, дуылдатып ала жөнелер алапат күй бар сиқырлы
қасиетiнен айрылып, мал жiлiктеген қасапшының қолынан шыққандай мүлдем салқын
тартты. Не жалын, не от жоқ.