Шәйдан кейiн жұрт бой жазбақ боп сыртқа шықты. Тоқшылық Бәйдешке бiрдеме
деп тұрған Жеңiсбектiң жанына келдi. Ол мұны көрiп, сөзiн кiлт тия қойды.
— Ауа жақсы екен, — дедi Тоқшылық не дерiн бiлмей.
— Айтпа, — Жеңiсбек жымиып, Бәйдешке қарады. — Ана жылы бiздiң бiр ағамыз
Қырымға барыпты. Қасында жалағаштық семiз кiсi жатыпты. Өзi түнiмен қорылдайды
екен. Ағамыз бiреу барқырап жатқанда, өмiрi ұйықтай алмайды. Сол түнi таң атқанша
көз iлмептi. Елең-алаңда көзi iлiнiп кетсе, әлгi кiсi оятып тұр дейдi. Ағамыз қыржиып:
«Немене?» — десе, көршiсi: «Ойбай тез тұр. Жұрт тұрмай тұрып, таза ауа жұтып-
жұтып алайық. Ол деген тәттi болады», — дептi дейдi.
— Қызық екен, — деп Бәйдеш даусын созып.
Ет үстiнде тағы да ұзақ-ұзақ сөз айтылды. Жiгiттер жорта тарқ-тарқ күлгенмен, үй
iшiн билеген кеуiлсiздiк сезiлiп тұрды. Соған қарамастан Патшайым қызмет қып, кiрiп-
шығып жүр. Бiр сәтке ол дастархан басында байыз тауып отырған жоқ. Соны көрiп,
Әбду әлденеге қуыстана қалған. Мылтықбай үнсiз.
Набат пен Күлжамаш қайта-қайта iлiнiсе бердi.
Кештiң сәнi кеттi.
Тоқшылық шаршағанын сылтауратып, сытылып шығып, үйiне қайтты. Ертесiне
машинасын айдап, гаражға келдi. Май құйып алып жатып, радиаторының танауынан
атқылаған ыссы буды көрдi. Қақпағы жоқ! Сосын дымы құрып, осындай бөлек-салақты
көп жинайтын дыбырлақ Досанның үйiне келдi. Досан жалаңаяқ, жалаңбас,
дастарханды жая сап, шәй iшiп жатыр екен. Алдында — тоңазыған бiр табақ ет.
— Бала, мақтап жүредi екенсiң. Кәне, төрлет, — деп дыбырлап, құйрығымен бiр
ысырылып отырды. — Иә, жай ма?
— Жәй, радиатордың қақпағы жоғалып...
— Е, оны ана Санибек тауып бермедi ме?
— Өй, ол үнемi жоқ дейдi. Сосын сiзге келдiм, — дедi Тоқшылық қуланып.
— Немене мен саған гәрәжбын ба? — деп дыбырлап, быртық саусағымен бiр кесек
еттi iлiп ап, аузына бұралап бiр-ақ тықты да, шайнамай жұтып жiбердi. — Ендi сен
келгесiн, амал жоқ. Болмаса, — деп, шәйды асығыс iше салды. Сосын ыржиып: — Бала,
ет же, — дедi.
— Рахмет, ас батар емес.
— Әй, баламысың деген. Ет бар да, бет бар ма? Түнде сылқия тойып ап... ыһым,
ыһым. Ана жеңгеңе қарашы, әлi ұйқыдан бас көтерер емес, — деп, ол құрулы
масахананың етегiн көтердi де, көрпеден созылып шығып кеткен әйелдiң табанын
қыдықтады. — Қыдық, қыдық. Әй, мынау ит түк те сезбейдi ғой. Бала, қатынның
қыдығы кеткенi — ырза болғаны деген сөз. Бiздерде сол жәләбтардың ет пен терiнiң
арасындағы желiн ала алмай жүргендер қаншама? — дедi де, берi бұрылды. — Бала,
осы сен қашан келiншек аласың, а?
— Оны... қойдым.
— Қойдым? Қойсаң, мынауың не? — Досан тасқа басылып шыққан алақандай
газеттi алдына жайды.
Тоқшылық өз көзiне өзi сенбедi. Редақция мұның Набат жайлы мақаласын өзгертiп,
әбден сырлап-мiнеп, далитып жариялапты. Көлемi екi еседей есiп кеткен. Мақаланың
жоғарғы жағында бiр қолына орақ ұстап, бiр қолына бiр бау салыны балаша құшақтап,
күлiмсiрей қарап қалған Набаттың суретi тұр. Астында Досанның аты-жөнi қылтияды.
Тоқшылық газеттi шолып шығып, жерге қоя салды. Мақаланы жөндептi деуге ұялды.
Досан дыбыр-дыбыр етедi.
— Бала, мұның дұрыс. Есектiң артын жусақ да, мал тап деген. Осылай бiр-екi
парақты қаралай салсаң болды, бiр жартылықтың құнын табасың. Ау, оны саған кiм
берiп жатыр? Далада жатқан ақша жоқ. Айтпақшы, қақпағың мә! — Досан iшкi жақтан
қақпақты алып шығып, кiлт тоқтай қалды да, оны аузына басып көрдi. — Екi елi ауызға