Стр. 14 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

жаңа қиылған шашын қопсыта бүйралап, фотографқа әжуалай қарап қалсын. Сол жылы
күзде Қырымнан келгесiн Набат бұған: «Өмiрдiң не екенiн әлi бiлмейдi екенбiз», —
деген едi. Содан арада апта өтпей, директордың хатшысы боп қызметке тұра қалсын.
Қараша қыз келген-кеткен кiсiге қарап, алдындағы әйдiк қара машинканы тоқылдатып
отырсын. Өзi күн санап тоты құстай мың құбылсын. Ендi бұрынғыдай емес, кыз
салтанатын құрып, табаны бiр қарыс платформа туфлидi сәндеп киiп, аяғын сәндеп
басады. Екiнiң бiрiнде, шыбын зың ете қалса да, қопсыған шашын қолымен жөндеп
қояды. Бұрынғыша аптықпай, әр сөздi дәмiн алғандай баппен айтады. Өзi күн санап
жорға ашып барады. Бiрде қалыңдау қасының астын отап шығып, кептердiң қанатынша
сүйiрлеп тастады. Бiрде тобығын жапқан ұзын көйлектiң қарсы алдын сыздықтата тiлiп,
оқтаудай аяғын жылтылдатып көрсете бастады. Жұрт аң-таң. Сол жұртты одан бетер
таңғалтып, бiр күнi Набаттың иығына күдерi тон кеп қона қалсын. Сол жұртты одан
бетер таңғалтып, бiр күнi Набаттың үстiңгi оң жақ тiсi алтынға орана қалсын. Сол
жұртты одан бетер таңғалтып, Набат көп өтпей астанадағы институтқа сырттай оқуға
түсе қалсын. Соны көрiп бiр қауым ел: «Тусаң ту! Еркектен бiр де кем емес!» — десе,
бiр қауым ел: «Әй, қайдам? Осының түбi шикi болып жүрмесiн», — дестi. Тоқшылық
болса, Қырымға бара алған жоқ. Былтыр университетке барып, сынақта сұлап түстi.
Ауылға келгесiн, Жосалыға курсқа кеттi. Қайтып оралса, Набат күрiш еккелi жүр. Неге
деп бұл сұрамады. Пәлен деп ол айтпады. Көңiлi баяғыша сықылды. Бiрақ екеуiн
табыстырып жiберер жеме-жем сәтке келгенде араларында көлденең жатып алған бiр
жықпылдың бары анықтала бастағандай.
— Әй, батыр, шаруа қалай?
Тоқшылық ойынан шұғыл арылып, жалт қараса, қарсы алдында Әбду тұр.
— Немене, әлi кiрмегенсiң бе?
— Иә, кiсi көп.
— Мына келiншек те осындайда қол ұшын бермейдi, — деп, Әбду ыржиып, бұған
көзiн қысып қойды.
— Сұрамағанға су да жоқ деген, — дедi келiншек тiлiнiң ұшынан тәттiлеп сөйлеп.
— Оһо, сұрамағанға? Сұра дейсiң бе, әй, сонда?
— Е, сұраса несi бар.
— Үйтсең, байың түндегi Отеллодай...
— Қорықпа, үйту оған қайда?
Тоқшылық келiншекке бажайлап қарады да, көзiн тайдырып әкеттi. Iшiнен: «Отелло
Дездемонаны неге өлтiрдi?» — дедi. Қызғанған ғой. Сонда кiсi қызғанып қан төге ме?
Бүгiнгi ел де сүйте ме? Әй, қайдам. Ана бiр кезде оқыған кiтабында қызғанышты
адамның ең әлсiз қасиетiне жатқызыпты. Адам сезiмiн жiлiктеп, жақсы, жаман деп
сұрыптап, көзiнен тiзiп шығыпты. Тоқшылық соған iш тартқан. Қызғанбайын деп
Набаттың әлпi-тәлпi сөйлегенiн ойына да алмаған. Кәзiрде де сол ниетiн қуаттап,
Отеллоның қылығына таңғалып отыр.
Iштен Балғынбай сөйлей шықты:
— Жоқ, үйте алмайым. Сақал-шашым ағарғанда...
Оны әр жақтан Елекештiң даусы бөлдi.
— Ақсақал, ойланыңыз.
— Ойланатын не бар?
— Ақсақал-ай, ойлан дегесiн, иә мақұл дей салмайсыз ба? Ойланасыз ба, жоқ, әлде
шайланасыз ба, оны жата-жастана көре бересiз ғой. Жастардың көзiнше басшының
бетiне келген қалай болады өзi? — деп, Әбду күлдi де, Тоқшылықтың қарына
жармасты. — Әй, сорпақбай, екi көзiң қан жеген тазының көзiндей боп мөлиiп нағып
отсың? Кiр, ойбай! Тағы бiреу зып ете қалса, ертеңдi күндi кеш қыласың.
Тоқшылық есiктiң тұтқасына қол созды.