4
Бiр-бiрiн қаусырмалай жабылатын сүйегi ауыр екi емен есiктiң ең соңғысын
жапқанда, абажадай кабинет iшi мүлгiген тиыштығын қайта тапты. Кең бөлме бiр түрлi
салқын. Тоқшылық аздап тiлерсегi дiрiлдеп Елекешке жақын кеп, қол берiсiп
амандасып, орындыққа жайғасты. Оның әлдеқандай тұнжыр мұң қона қалған қызыл
шырайлы жүзiне, қалыңдау қабағына қарады. Осы отырғанда директордың көнектей
бетi тоқ аттың дөңгеленген сауырындай бiртұтас, бiр жерi бүлк етпейдi. Сезiмiн
сыртына шығарғысы келмей, әдейi қалғып-мүлгiп отырған секiлдi. Тек анда-санда
ашылғанда күн жарығы түскен суаттай екi күлегеш көзi ғана қуақылана жылтырап,
мына кiсiнiң бей-жай емес, жанындағылардың бәрiн қалт жiбермей қадағалап
отырғанынан хабар бергендей. Бұл жолы да Елекеш қозы қарнын қос қолымен тарақтай
құшақтап, екi көзi қуақы ұшқын шаша қарады:
— Қалай, бала, жағдай жақсы ма?
— Жақсы, — дегендi Тоқшылық тамағы құрғап шаққа айтты.
— Бұл дұрыс. Сендердiң халдарың жақсы болмағанда, мына жiгiт ағасы боп қалған
бiздiкi жақсы болсын ба? Қалай, былай...
— Әй, аға, ол қайда, — дедi Тоқшылық құлағына дейiн қызарып.
— Солай ма? — Директор алтын тiсiн көрсете күлдi. — О қу бала, осы ауылдағы
Дездемоналарды қуалап…? Қызарып кеттiң. Көмейiң түсiнiктi, — Елекеш көзiн
жiпситiп күле түстi де, бiр демде бетiн торлаған күлкi iзiн жоя сап, байсалды тарта
қалды. — Солай де. Ал, сендердiң түндегiлерiңе жол болсын?
— Ағай, бiз ойнап... — Тоқшылық не дерiн бiлмей, күмiлжiп, төмен қарады.
— Қарағым, өмiр деген ойнағанды көтере бермейдi. Бала кезде ойнағандарың
жетпей ме? Ендi ел арқасындағы азамат боп қалдыңдар дегендей. Кәзiр сендерге ел-
жұрт қарайды. Бұл қылуаларыңды ана Шатаман құсаған қызылкөздер... Иә, солар, бiр
бет қағазды қаралап, аудан асырса, арты қиын. Жарайды, балалықпен iстеген
шығарсыңдар. Бiр жолға кешiрейiк. Ал өзiң жұмысыңа ырзасың ба?
— Ендi... о йағын...
— Әлде басқа жұмысқа ауысқың келе ме?
— Қайдам.
— Машина айдауға қалайсың?
— Оны бiзге кiм берiп атыр, — дедi Тоқшылық алғаш рет қысыла жымиып.
— Ол өзiңе байланысты, шырағым. Өзiңе байланысты, бiлдiң бе? Мына тiршiлiкке
келгеннiң барлығы қолайлы жұмыс тапсам, дүние-мүлкiм болса, бақытты өмiр сүрсем
дейдi. Бiрақ соның бәрiне ол құрмағырлар жете бере ме? Оны алу жағына келгенде... е,
әлгi не деушi едi, иә, есiме түстi, күресу керек дейдi ғой. Яғни таласып, тармасу керек.
Оған әлiң жетпесе, басқаша жолын қарастыру... — Елекеш сөзiнiң соқын жұтып,
ыңылдаған қалпы орындықтың арқасына шалқалай түстi. — Иә, солай. Қанша дегенмен
сендер әлi ернiндегi уызы кеппеген жассыңдар. Өмiрдi мектепте үйреткен ережемен
өлшеп-пiшесiңдер. Бiрақ өмiр одан әлдеқайда күрделi, әлдеқайда терең. Оның жықпыл-
жықпылы көп. Соны бiлiп алмай...
— Оны бiлгенде... — Тоқшылық iшiнен: «О нағылған жықпыл?» — деп таңданып
қойды.
— Әгәр соны бiлсеңдер, қиындық кездессе, былай... Так, так. Өзiң осы елге бiр кезде
басшы болған әтеберлi азаматтың баласысың. Әкемiзбен әкемiз тұз-дәмдес, бастас
болған. Оның әр жағын iзерттесең, арғы атамыз, түбiмiз бiр дегендей. Түбi бiрге
түртпейдi деген.
— Ағай, осы рушылдықтың не керегi бар? — дедi Тоқшылық бүгiндiкке оның бетiне
алғаш рет тiктеле қарап.
— Рушыл боп жатқан кiм бар? — деп, Елекеш жалтара салды. — Мен айтсам,
ынтымақ, бiрлiк жайын айтып отырмын. Сосын, бiр таңғалатыным, осы руды бiлуден