Стр. 141 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Егер жаңағыдай боп қалса, айыпқа бұйырмайсың, — деген.
Сол жолы Набаттың жолы болды. Емтихан басталмас бұрын, Бәйдеш ректорды
министрлiкке шақырып кеткенiн бiлiп алды. Сосын Набатты тездетiп iшке кiргiзiп
жiбердi де, бар шаруаны қас пен көздiң арасында тез iстедi. Қыз жауапты соза түсiп,
сұрақты бiлмейтiнiн жасырғысы кеп, олай-бұлай орағытып сөйлей бастап едi, Бәйдеш
шолақ қайырып, оған оп-оңай бiр сауал тастап жетелеп көрдi. Набат бас бiлетiн боташа
жетекке ере бердi. Ендi Бәйдеш сөздi ұзартпай, қысқа қайырып:
— Жақсы, — деп, алдындағы қағазға бағасын қоя салды.
Екi емтиханнан да солай өттi. Үшiншiсiне келгенде, бұл мүлдем қысылған жоқ.
Алдында ғана тықақтап қадағалап жүрген ректордың өзi бар мұғалiмдi жинап ап:
— Жолдастар, арыз берген абитуриенттердiң көбi құлап кеттi. Мына қалғандары
түгел түскеннiң өзiнде, жоспар орындалмайды. Бұ не жағдай? — деп, қабылдау
қомиссиясының хатшысына қатал қарады.
Ол бiр дызақтап қалған, етi ширақ қара сұр жiгiт едi. Салған беттен тақылдап:
— Биыл оқуға түсем деп документ тапсырған балалардың дайындығы нашар боп
шықты, — деп келе жатыр едi, ректор қабағын шытып:
— Ол бiздiң шаруамыз емес. Маған мынау... — ол алдындағы қағазды саусағымен
түрттi, — жоспар орындалу керек, — дедi.
Әлгi жiгiт не дерiн бiлмей апалақтады да қалды. Бұл iшiнен сылқ-сылқ күлiп отыр.
Ақыры ректор:
— Ендi қалған балаларды құлатпаңдар, — деп, қатал тапсырды.
Сүйтiп, Набат сырттай оқуға түстi де кеттi. Бұл бiрақ оны мен Елекештiң арасында
бiрдеме бар деп ойламаған да болатын. Ендi, мiне, Елекештiң қандай жағдайға
ұшырағанын бiлiп, қыздың жiбек көйлек астынан шермиiп келе жатқан iшiн көрiп, iшiн
тартты. Оның есiне өз басынан өткен бiр жағдай түсе бердi. Бұл iстейтiн Ауыл
шаруашылығы институтында домалақ беттi, үлкен қара көздi, толық денелi,
ұзынағаштық Ерғазиева Жанат дейтiн қыз қызмет ететiн. Ректордың алдындағы
бөлмеде отырып ап, тоқылдатып машинка басатын. Қазақшасы қызық. Тiлi жаңа
шығып келе жатқан баланың былдырындай, қазақ сөздерiн жұмсартып айтып, бiр түрлi
тәттi еркелейтiн. Соған кейбiр қатынас қағаздарын:
— Жанатжан, мына бiр қағазды баса қойыңызшы!
— Жанатжан, срочно, Мескеуге кететiн қатынас!
— Жанатжан, мына бiр..., — деп, бастырып жүрiп, Бәйдеш көзге көрiнбес торға
шырмала бастағанын сезбей де қалған.
Сүйтiп жүрген бiр күнi Жанат бұған үлкен көздерiн төңкере қарап:
— Осы сiздiң шашыңыз неге бұйра, а? — деп сұраған.
Бұл жымиып:
— Мен өте ашушақпын. Ол содан ғой, — деген.
— Да ну, — деген Жанат сенбей.
— Рас, рас.
— Ендеше, кәзiр ашуланып көрiңiзшi.
— Мен кеңседе ашуланбаймын.
— Ендi қай жерде? Үйде ме?
— Онда да емес.
— Сонда қай жерде?
— Ресторанда.
— Ха-ха-ха-ха! — деп, қыз сыңғырлай күлiп жiберген. — Мынауыңыз қызық екен.
Ендеше бүгiн менi ресторанға шақырыңызшы!
Сол жолы екеуi ресторанға барған. Тау жаққа өрлеп кетер үлкен көшенiң оң
жағындағы миманхананың екiншi қабатын ала жайласқан үлкен реторанда кiсi-қара аз
екен. Екеуi бiр шетке жайғасты. Даяшы лыпылдап жүр. Қыз әуелгiде бұлданып:
— Мен шампан ғана iшем, — дедi.