Стр. 143 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

ЕКIНШI ДӘПТЕР
1
Соңғы күндерi үп еткен жел соқпай, қатты ыстық тұрып алды. Тымырсық ыссы
тамылжи берген сайын, Елекеш iшiнен сүйсiндi. Кәзiр салының нағыз пiсетiн уағы.
Әсiресе, Сыр бойының төменгi жағында жатқан, бiр иiнi терiскеймен ұштасатын осы
төңiректiң қауын пiсiк кезiнде ыстық болғаннан кейiн, таразы туысымен, шұғыл
суытып кететiнi белгiлi. Ол кезде күрiш пiсiп жарытпайды. Қайта шелектеп құйған,
сап-салқын, әр тамшысы жүгерi бадынағындай қара жаңбыр айналаны көл-дария етiп
жiбередi. Сосын салыны жинап алу қиын. Елекеш кәзiр дән толы бастарын көтере
алмай ауырлап, төмен қарай бүгiлiп, иiле берген қалың салыны қарап жүрiп, iшiнен
мына байлықты дәтке қуат қылды. Биыл ауданда тұңғыш атақ жаям деп, айқайлап ұран
тастап, өз ортасынан озат күрiшшi шығармақ болғанында, салының шыққаны
алабұртып жүрген кеуiлiн жай таптырғандай болды. Ол өзiне-өзi ырза кескiнмен
маңдайынан аққан терiн орамалымен сүртiп қойды. Сосын анадай жерде емпеңдеп
жүрiп келе жатқан Құмайға қарады. Агроном соңғы күндерi барын салып жүр.
Домаланған денесiне қарамай, өзi құп-қунақ. Анда-санда бұған жалтақтай қарап қойып‚
мұның бас изегенiн сезсе болды, қарауындағы кiсiлердi бiр шыбықпен айдайды.
Кәзiрде де ол Балғынбайға айқайлап келедi:
— Ақсақал, болмайды. Суды кезекпен iшесiз.
— Қарағым-ау, салым сусап тұр. Көне су буланып барады, — дейдi Балғынбай оның
iзiнен өкшелей түсiп.
Елекеш жасы бiразға келсе де, әлi қайраты қайта қоймаған алпамсадай кiсiге енжар
қарады. Биыл оны пенсияңыз бар, мына жұмысты жастарға берiңiз деп едi, Балғынбай
соңғы рет өтiнiш айтты. Ойынша, ана баласы Нестай үшiн аздап қаражат жиып алмақ.
Сосын Елекеш келiсе салған. Iшкi есеппен, алда-жалда ертең Набаттың мөлшерлi
күрiшi толмай жатса, осы қарттың бригадасынан алып бере салармын деп түйген. Бiрақ
шал мұның айтқанына көнбей қойды. Оны бiрнеше рет кеңсеге оңаша шақырып ап,
мән-жайды түсiндiрiп, сөйлесiп те көрдi. Бiрақ бiр беткей кiсiнiң ыңғайға көне салар
түрi байқалмады. Сосын Елекеш әрi ойлап, берi ойлап, айтқанына көнбей қойған кiсiнi
ұтырлы жерде қысып алғанды жөн көрдi.
Балғынбай мен Құмай мұның жанына келдi.
— Бұ не айқай таң атпай жатып? — дедi Елекеш Құмайға суық қарап.
— Өй, мына кiсi, — деп, Құмай қолын жөн-жосықсыз сiлтеп, кейи сөйледi. — Маған
кеп, қосымша су бер, салым күйiп барады дейдi. Ау, мен дайрада жоқ суды жерден
қазам ба? Кезекпен iшiп жатқан кiсiлер мұнымды бiлсе, кәзiр менi түтiп жейдi.
— Бүгiн су iшу кiмнiң кезегi едi?
— Салманның.
— Сосын?
— Ертең ана төменгi жақ iшедi.
— Айналайын көрдiң бе, ендi маған кезек келем дегенше, бiр апта өтедi. Оған дейiн
мынау салы қурап кетедi ғой, — дедi Балғынбай бұған жалбарына. — Күннiң жанып
тұрғаны мынау. Атыздағы көне су буланып барады. Келесi жұмаға дейiн жерде ығал
калмай, тақыр боп кетедi.
— Сiз осы жақында ғана iшкен жоқ па едiңiз? — дедi Елекеш оған түнере қарап.
— Iшкенмiн.
— Ендеше суыңыз неге дем арасында азайып қалды?
— Ол күнi... атыз толмады.
— Толмағаны қалай?