Стр. 146 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Жаман емес.
— Су жетiп жатыр ма?
— Жетiп жатыр.
— Дұрыс. Ертең облыста актив болады. Соған барасың. Ал, кәзiр егiстi көрiп
қайтайық.
— Әбеке, ұзақ жолдан шаршап келе жатырсыз дегендей. Аздап демалып дегендей...
— Жоқ, кейiн, кейiн. Кәзiр шаруаны бiтiрейiк, — дедi Айшуақов.
Елекеш үндемедi. Ол хатшының мiнезiн жақсы бiлетiн. Жаңа өзiнен қалсын деп, жай
аузының ұшымен айта салған болатын.
Осы кезде ұшқыштар самолетке жермай құйып болған да едi. Хатшы, Елекеш,
Құлбаев үшеуi самолетке мiндi. Кiшкене самолеттiң iшi ыстық. Қабырғаға
жабыстырыла жасалынған екi-үш орындық қана бар екен. Бұл өзi жолаушылар таситын
көлiк емес, күрiш бас алған кезде тыңайтқыш шашатын етiп, ыңғайлап жасалынған
самолет. Дәл ортада түп жағы сүйiрленiп бiткен, бас жағы кең темiр астау тұр. Соның
iшiне салынған тыңайтқышты ұшқыштар егiстiк үстiмен жер бауырлай ұшып жүрiп,
тозаң етiп шашады. Облыс басшылығы жылда осы самолеттердi Жамбылға барып
жалдап қайтады.
Хатшы екi ұшқыштың ортасындағы темiр орындыққа барып отырды. Елекеш соның
қасында қолымен әлдеқандай темiрден ұстап тұрды. Құлбаев оң жақтағы орындыққа
жайғасты. Елекеш алға қарап едi, бас жағы қоқайып, дүңкиiп тұрған самолеттiң
тұмсығы жерден көтерiле түскендей екен. Терезесiнен дала тегiс көрiнедi.
Бiрiншi ұшқыш басына киiп алған рациясын жөндеп қойып, қозғаушыны от
алдырды. Қуатты қозғаушы дар ете қалды да, iзiнше болат қалақ көз iлеспес
жылдамдықпен зыр айнала бастады. Сосын ұшқыш машинаны жайымен жұргiзiп
отырып, айтақырдың бiр шетiне шықты. Сол арада тоқтағасын, ұшқыш қозғаушыға
баратын жермайдың көлемiн көбейтiп едi, жаңа ғана бiр ауанмен жұмыс iстеп келе
жатқан қозғаушы кенет етек-жеңiн жинап ап, ұшатын құсша қомдана қалды. Ышқынған
дыбыс құлақ түндырады. Сөйлеген сөзiң әзер естiледi. Екiншi ұшқыш терезеден сыртқа
қарап отыр. Сол арада бiрiншi ұшқыш рычагты қозғап кеп қалды. Дiрiлдеп тұрған
самолет кiлт зымырай жөнелдi. Елекеш алға көз сап едi, табан астындағы айтақыр дем
арасында жан енiп, бұлардың бауырына жүгiрiп кеп тығылып жатқандай болды.
Машина ұшатын құсша заулап келе берiп, кенет кiлт ете қалғандай сияқтанды. Елекеш
дөңгелектердiң жерден көтерiлгенiн сездi. Машина арлаған қалпы бiр батып, бiр
шығып бара жатқан қайықша жоғарылай бастады. Азырақ кеуденi қысқан салмақ
сезiлдi. Самолеттiң iшiн күйген май, қаңсыған темiр иiсi алып кеттi. Елекеш сыр
бермеуге тырысып, хатшыға қарап едi, ол кiсi дым болмағандай жайбарақат отыр екен.
Сосын Құлбаевқа бұрылып едi, зәре-құты қалмаған ол бiр уыс боп бүрiсiп, бар
дәрмендi содан табатындай, сығымдай ұстаған темiрiне жабыса қапты. Соны көрiп,
Елекештiң күлкiсi келдi. Сүйткенше болмады, хатшы қаттырақ сөйлеп:
— Қалай қарай ұшамыз, соны ұшқышқа айтып отыр, — дедi.
— Былай,— деп, Елекеш те қатты сөйлеп, қолымен Есентай жақты нұсқады. Сол
арада ол алдыңғы жақтағы қалың әйнек–тен көрiнiп тұрған сайын далаға, жапырая
қалған Оқшыға, дария жиектегi Жықпылға, күн сәулесiмен шағылыса жарқырап жатқан
күрiштiктегi жайылма суға, ирелеңдеп ағып жатқан Сырдарияға қарады. Өзi күнде
көрiп жүрген, iштей ажарсыз ғой деп есептейтiн мына өңiр кәзiр осынау биiктен
қыздың тоқыған кестесiндей боп, бiр-бiрiмен жараса астасып, құлпырып сала берiптi.
Ол ендi самолеттiң бауырының астында қалып бара жатқан Оқшыға таңырқай қарады.
Өмiрi басына шығып көрмеген осы биiк шоқат кәзiр аласарып, оның дария беттегi
жықпыл-жықпыл сайлары, қалың жынысы тұтаса көрiндi.Оның құбыла жағында қоңыр
төбе тұр. Елекеш қаттырақ дауыстай сөйлеп, самолеттi Есентайдағы егiстiк басына
алып келдi. Сосын хатшының құлағына аузын тақап, қай жер кiмдiкi екенiн, судың
мөлшерiн, қанша рет тыңайтқыш себiлгенiн айта бастады. Хатшы басын изеп қойып