Стр. 150 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

суық жел маңдайыңды ойып жiбере жаздайды. Кей кездерi ақбасқан болғанда, айнала
ақ түтекке айналып, аспан жүзiн қара сұр бұлт тұмшалап, жан-жағыңды алай-түлей
етедi де кетедi. Үйiрiлiп соққан қар көзiңе кеп тығылады. Мұздай қиыршықтар көз
ашырмай, бетiңдi аяусыз сабалап, үстi-басыңды бiр сәтте әппақ етiп кете барады. Қасы,
кiрпiгiңе сiресiп мұз қатып қалады. Аяғыңа киген керзi етiк қайқайып қатып қап,
ағаштан соққандай боп илiкпейдi. Өз аяғың басқа бiреудiкi сияқты боп көрiнедi.
Бақайларың жансызданып, ара-арасында дыз-дыз ашып, iлгерi басқан қадамың керi
кетедi. Ондайда балалар бiр-бiрiнен алшақтамай, ұйлығыса түсiп, қатты жүрiп
отырады. Жалғыз аяқ еспе жолды жыланша жылжып, сумаңдап соғып жатқан ұйтқыма
қар көмiп тастағандықтан, бұлар көбiне, жол езуiндегi жалаңаштанып қалған биiкпен
жүредi. Қашан Майлыбасқа жеткенiнше олар осы қарқынынан танбайды. Ара-тұра
өкпелерi өшiп, шаршап бара жатса, ықтасындау жерлерде демалып алады. Сосын
етектерiн жындана жұлқылап жатқан суық желге қарсы жүредi. Бәйдеш ол кезде онша
жүрдек болмайтын. Бiрақ балалардан қалмай, соңдарынан ерiп отыратын. Бұлардың
iшiнде аяғы жеңiл Мылтықбай едi. Ысқыаяқ қара бала ұзақ жолда бiр шаршамайды.
Алашадан тiккен сөмкесiн мойнына асып ап, жұрттың алдына түсiп, жортады да
отырады. Қанша жүрсе де, бiр ентiкпейдi. Не терлемейдi. Қатты жүрiстен бұлардың
борша-боршасы шығып келе жатқанда, Мылтықбайдың қатқан жүзiнен бiр тамшы тер
бiлiнбейдi. Ол басын бiр жағына қисайтып ап, емпелеңдейдi де отырады.
Сондай бiр қыс қатты жылы олар ертеменен ауылдан шығып, Майлыбасқа келе
жатқан едi. Дәл сол күнi боран басылып, құлқын сәрiден тұрып алған ақ тұман
айналаны қымтап, алысты көзден жасырып, етек-жеңi жалбыраған әлдеқандай
таңғажайып мақұлқат сықылды қос қанатын жая қойған. Бұлар күнделiктi жолдың
бедерiн әзер аңғарып, ара-арасында стансадан салдырлап өткен пойыздың ащы
айқайына қарап бет түзеп ап, тартып келедi. Көктем әлi шыға қоймаған. Үш ай бойы
сайын даланы ақ көрпемен тұмшалап жатып алған кәрi қыс оңайлықпен кетпесiн
сездiргендей, көкек айы жақындаған күндiз былжырап, түнемелiкке қарай суытып
тұрған болатын. Күннiң бұл мiнезiне үйренген балалар әр нәрсенi сөз қылып, жамырай
шуласып, келе жатыр едi. Бәйдеш шет жақта келе жатқан-ды. Кенет алдан бiрдеңе
қараң ете қалғандай болды. Бұлар талай рет ауылдан ұзап шығып, қораға қайтпай
қойған сиырларды кездестiрген едi. Бәйдеш бұ да соның бiрi шығар деген. Сол арада
әлгi қарайған жоны күдiрейiп, дүңкиiп тұрғандай боп көрiнiп кеттi. Мылтықбай
шошып:
— Кет, әй, кет! — дедi.
Әлгi қарайған арс ете түсiп, әрi қарай атылды. Оның сақ-сақ еткен тiсi анық көрiндi.
Бәйдеш қорқып кеттi. Түсi құп-қу боп:
— Ойбай, қасқыр! — деп, топ арасына кiре бердi.
— Қасқыр!
— Қасқыр! — деп, басқа балалар да шу ете қалды.
Содан сескендi ме, қасқыр тағы бiр арс ете қап, тұлғасы қарауытып, әрi қарай бүкең-
бүкең желiп кете барды. Сәлден соң ол көзге көрiнбей кеттi. Қорыққан балалар әр
нәрсенi самбырлап айта бередi. Мақтаншақтау Мылтықбай кеудесiн көтере түсiп:
— Мен кет демегенде ғой, ол бiзге шабатын едi, — деп қояды.
— Рас, әй!
—Шынында да, сүйтуi мүмкiн ғой!
— Бұл арада ол нағып жүрген?
— Ауылдың малын аңдып жүрген шығар?
Балалар жаңқылдаса сөйлесiп, Майлыбасқа жақындай бердi. Бұрын оларға онша
қосыла бермейтiн Бәйдеш сол жолы шеттеу жүргенiне қатты қорықты. Ендi ол топ
iшiнен оқшау шықпайтын болды. Iшiнен: «Жаңағы жерде қой қасқыр менi тамақтан ала
кетсе, не iстейiм? Ал топ ортасында жүрсем, маған жетем дегенше бiраз бар емес пе?»
— деп түйдi. Содан бастап ол жырақ шығуды қойды…