«Қазақстан» поезы арлаған қалпынан танбай, тартып келедi. Аздан кейiн пойыз
«Көбек» стансасына жақындағанда, дария жақтан, тұтаса өскен биiк талдар жалданып
тұрған Үлкенқаланың сұлбасы қарауытты. Сол талдар пойызбен жарыса отырып, Алтай
разъезiне жақындағанда, анық көрiне бастады. Мiне, салдырлаған пойыз сол жердегi
көпiрге тақап та қалды. Алдан бұралаңдаған саға көрiндi. Баяғыда тасып жататын бұл
өзекше де кәзiр қылдырықтай боп қалыпты. Оның көп жерiн қамыс басып кетiптi.
Бәйдеш терезеден басын шығарып қарап едi, мұрнына балық иiсi келдi. Қазалыға
жақындаған сайын әлгi иiс күшейе түсiп, бiрте-бiрте қарамайдың иісiмен араласа
бастады. Бала кезiнен таныс соны Бәйдеш құмарта жұтты. Сосын есiне заттары түсiп,
жоғарғы полкада тұрған диломатын алып, қасына қойды.
Осы кезде Қазалыдан түсетiн кiсiлер қобырласып, тамбур жаққа қарай кетiп бара
жатты. Бәйдеш те орнынан тұрып, солай қарай беттедi.
Перронда халық көп екен. Пойыз тоқтасымен, ел әр вагонға жапа-тармағай ұмтылып
жатыр. Бәйдеш дипломатын көтерiп, сыртқа шаққа дегенде түстi де, вокзалға жаққа
қарай жүре берiп едi, қарсы алдынан Қаласбай шыға келдi. Ол күлiмсiреп:
— Ал, келуiңiзбен! — деп, мұның дипломатына жармасты. Оны қасындағы
шоферына ұстатты.
— Рахмет, — дедi Бәйдеш. Iшiнен: «Бұған кiм хабарлап үлгерген?» — деп қойды.
— Құтты қонақ келсе, қой егiз туар деген. Сiздiң қадамыңыз құтты ғой дейiм, биыл
салымыз жаман емес. Оны әлi көресiз ғой, — деп, Қаласбай мұны машинаға қарай алып
жүрдi. Жақындап келгесiн, алдыңғы есiктi ашып: — Кәне, отырыңыз, — дедi.
Қаласбайдың уазигi жап-жаңа екен. Бәйдеш iшке енiп жатып, алдындағы
транзисторға, төмендегi кiшкене мұздатқышқа бiр-бiр көз салып қойды. Машина зыр
етiп жүрiп кеттi. Жаңа Қазалы бұрынғыдан өзгерiп кетiптi. Қазақтар тамдарын
бұрынғыша жапырайтпай, биiк етiп салатын болыпты. Бәйдеш соларға қарап отырып:
— Жақсы екен, — деп қойды.
— Не нәсте? — дедi арт жақта отырған Қаласбай алға қарай еңкейе түсiп.
— Мына тамдарды айтам.
— А, солай ма? Жақсы ғой, — дедi ол селқостау. — Тек ауыз су жағы қиын боп тұр.
Дайраның суы iшуге жарамайды. Стансадағы жаңғыз водокачканың суы барлық жұртқа
жете бермейдi. Сосын... жылда осы кезде iш ауруы көбейедi. Әсiресе, балалар жағы...
— Апырмай, ә?
Бәйдеш сол арада ұзыннан шұбақ тұрған үлкен бiр кезектi көрдi. Бұл өзi күнде көрiп
жүрген, Алматыдағы азық-түлiк дүкенiнде тұратын кезек емес сияқты. Мыналар
шелектерiн, бактарын қаңғырлатып, жiңiшке тұрбадан сыздықтап ағып жатқан судың
кезегiнде тұр. Соны байқап қалса керек, Қаласбай:
— Мiне, елдiң тiршiлiгi осы. Үйiстiп ек-үш сағат тұрып, жұрт күнделiктi ауыз суын
алып қайтады, — дедi.
— Қиын екен.
— Бұларға қарағанда, бiз жақсымыз. Үй жанында қазып алған құдығымыз бар.
— Бұлар неге құдық қазбайды?
— Өй, мына қаланың тұрған жерi саз, суы ащы. Сосын, — деп, ол аз iркiлдi. —
Былтыр мына Байқожаның қасынан су қоры табылған едi. Соны Қазалыға жеткiземiз
деп, су мамандары құбыр тартып келедi. Хатшы оларды қысып жатыр. Биыл кәйткен
күнде де құбыр Қазалыға жетсiн дейдi.
— Онда... дұрыс боп қалар едi-ау.
— Айтпаңыз.
Машина Үлкенқаланың iшiне кiргесiн, оңға бұрылып, көп мазардың қасымен жүрiп
отырып, бiр биiкке ыңылдап шыға бердi.
— Мынау бiздiң кiшкене плотинамыз, — дедi Қаласбай бiр кiсi тұрған жақты
нұсқап. — Анау бас мұрабымыз. Суды осы арадан совхоздарға бөлемiз.
— Бұ жақта шаруашылық көп емес пе?