— Баршылық. Бәрi кезектесiп iшедi.
— Апырмай, ә?
— Баяғыда ауданнан келген уәкiлдер: «Неге қарамағансыңдар? Арықты су жырып
кетiптi. Атыздағы артық суды құртыңдар!» — деп кейiп жатушы едi. Соның кезi ырыс
екен ғой. Ендi су жетпейдi деп, шулап жатамыз, — деп Қаласбай күлiп қойды.
Аздан кейiн тас жолдың екi жағын алып жатқан күрiштiк басталды. Бұл жақтың жерi
алдын ала тегiстелген екен. Су ала болмай, түгел жайылыпты.. Бас арықтары көтерiңкi.
Оның құлағын ашсаң болды, ылдидағы жайпақ атыздарға су бiрден құлайды. Қаласбай
дамылсыз сөйлеп, салының жағдайымен мұны таныстырып келе жатыр. Өздерi жылда
осы араға дән себедi екен. Былтыр күрiштi көп алыпты. Биыл да сол деңгейден
төмендемек ойы жоқ. Бiр араға келгенде, Қаласбай қолымен көрсетiп:
— Мiне, мынау ара жабайы жер, — дедi. — Оны тегiстеуге ПМК-ның шамасы
жетпей қалды. Сосын бiз оған қараған жоқпыз. Ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң
бастығымен келiстiк те, жердi жыртып жiбердiк. Кәзiр ыңғайы жаман емес. Қанша
дегенмен, жер тың ғой.
Шынында да, бұл араның салысы басқаларына қарағанда бөлекшелеу екен. Бәрi тез
бой көтерiп, масақ шығарып қалғанға ұқсайды. Сарғыш мұрттары едiрейiп-едiрейiп
тұр. Олардың белуарынан келген су көнерiп қалса керек, көзге сарғыш тартып көрiнедi.
Бәйдеш сол арада қалтасынан қойын дәптерiн алып, күрiшшiлердiң жылына қанша сом
табыс табатынын, үй жағдайларын, канша сағат жұмыс жасайтынын Қаласбайдан
сұрап, жаза бастады. Ара-арасында өзi басын шайқап қояды. Әсiресе мердiгерлердiң
әдiсiн қолданғалы диханшылардың өз алдына қос болып шығып, табысты қалай
бөлiсетiндерi туралы шұқшиып сұрай түстi. Қаласбай асықпай айтып отыр. Мына
қалпында шаруашылықты жақсы бiлетiн басшының түрi аңғарылады. Совхоз бойынша
жинақталып келетiн есеп-қисапты жатқа бiледi. Тiптен жеке дихандардың еккен жер
көлемi, орған күрiшiне дейiн жатқа соғады. Бәйдеш оған көз қиығын салып қойып,
iшiнен: «Бәрiн калай басында сақтай бередi?» — деп қойды.
Олар совхоз орталығына кiрдi. Кеңсе жанынан солға бұрылғанда, оң жақта қалып
бара жатқан бiр мешiтке Бәйдеш еңсерiле қарады. Соны байқап қап, Қаласбай:
— Әзiлхан ишанның мешiтi ғой, — дедi.
Қызғылт қыш кiрпiштен салынған мешiт әлi өңiн бере қоймапты. Күмбезi сап-сау.
Есiгi жабық. Жан-жағын тiкенек темiр тартылған шарбақпен қоршап тастапты.
Мешiттiң бiр бүйiрiнiң кiрпiшi опырылып түсе бастапты.
— Қап, ана жерi, — дедi Бәйдеш басын шайқап.
— Оған Жөкелов дейтiн директор кiнәлi. Сол осы мешiттiң не керегi бар, бостан
босқа тұр деп, iшiне селитра салыпты. Сол екен, бiр жазда ана керпiштер өзiнен-өзi
үгiтiлiп, құлай бастады. Мен келген бойда, селитраның бәрiн алып, басқа жерге жидым
да, мал сүйкенбесiн деп, мына шарбақпен қоршаттым, — дедi Қаласбай.
— Ол дұрыс болған екен, — дедi Бәйдеш. — Мұнда... ертеректе бала оқытқан ба?
— Иә. Өзi молла кiсi ғой. О кездерi көнеше оқиды емес пе?
Бәйдеш сол арада есiне бiр уақиға түсiп, Қаласбайға айтып бердi. Өткен жылы ол
Шығыс жақтағы бiр облысқа барып, қазақтар қоныстаған совхоздарды аралап
жүргенiнде бiр жерден қызық әңгiме есiттi. Сол елдiң жасы ақсақалы қайтып,
жаназасын шығаруға молда таба алмайды. Ауданда мешiт жоқ. Сосын бiр жақын кiсiсi
облысқа барып, Алматыдағы мешiтке молда жiберiңдер деп телеграмма салады. Одан
хабар болам дегенше, уақыт өтiп кетедi. Сосын әлгi кiсi бiреуден естiп, магнитофонға
жазылған дұғаны ауылына алып келедi. Содан магнитофонды қойып, өлiктiң
жаназасын шығарған болады. Сүйтiп оны жерлейдi.
— Қойшы? — дедi Қаласбай шошынып. — Ол өзi бұрынғы салт бойынша, қалай
болады екен? Магнитофон-молда...
— Оны... қайдам? Мен әңгiме үшiн айтып отырмын. Бiзге оның керегi шамалы ғой.
Бiз қоммунист емеспiз бе? — дедi Бәйдеш сабырлы тартып.