Стр. 172 - zhykpyl

Упрощенная HTML-версия

— Кейiнiрек.
— Мына егiс бiткесiн, барсаң болады ғой. Қыз-ау, бiз де бiр есiк ашқанды көрейiк те.
Қою шайыңды бiр iшiп...
Набат мырс ете түстi. Кәзiр осы Жосалы төңiрегiнде бұдан ертеректе жоқ жаңа бiр
салт пайда болды. Қызды алып қашқан жiгiт жағы шабылып бiтедi. Той еткiзгеннен
кейiн үш-төрт кiсi кешiрiм сұрап, қыздың ата-анасына барып қайтады. Олар жай
бармайды, бiрнеше киiтiн алып, қалтасына мың сом салып барады. Содан айдан соң
күйеу бала мен қыз есiк ашады. Бұған да мың сомдай қаражат керек. Содан кейiн қою
шәй дейтiн және бiр ырымы бар. Оған да жiгiт жағы бiраз шабылады. Ендi осының
бәрiнен құтыла бердiм дегенде, құда шақырар келедi. Ол үшiн үш-төрт мың сом қажет.
Ақыры оны тауып берген соң, екi-үш машинаға мiнiп, қырық-елу кiсi боп құдалар
келедi. Олардың бас-басына киiт керек. Құда аттанарға қыруар мал керек. Кәзiр
әйелдер жағы арақты қатты iшетiн боп бара жатыр. Оларға төрт-бес жәшiк шампан
керек. Осылайша ырсиып, қарызданып-қауғаланып, бар жоралғыдан құтылғанда, жас
жұбайлар тiршiлiк етiп кете қойса жақсы. Ажырасып кетсе, ұлы даудың басталғаны.
Кейде әлгi кәдеге кеуiлi толмаған құда жағы қызын құндақтаулы баласымен керi алып
кетiп жатады. Осы жөнiнде аупартком әлденеше рет жиналыс та еткiздi. Шаралар да
қолданып бақты. Бiрақ елдiң қолайсыз салттан құтыла қояр түрi жоқ.
— Оны кезiнде көрерсiң.
Нұрсұлу сыртқа шығып кеткесiн, Набат қайтадан қоңырайып сала бердi. Жан-
жағына қарап отырып. Өзi ескен оң босағасын, ата-анасын, ана iнiлерiн қимайтынын
бiлдi. Бiр түрлi кеуiлi босап сала бердi. Бұрынғылардың «қыз жат жұрттық» дегенде
осы жағдайын бiлiп айтқанын жаңа ғана айқын сезiп, бүгiн түнде өзiнен мынау үйдiң
түтiнi бөлектенiп сала берерiн, ендi өзiнiң басқа тiрлiк кешуге тиiстiлiгiн, жаңадан
басқа бiр өмiр басталарын бiлдi. Бiрақ бармасқа амалы жоқ. Сол арада iшiндегi нәресте
жыбыр ете түстi. Қыз шошынып қалды. Жалма-жан қолымен әлгi жыбырлаған түсты
ұстады. Нәресте қайтадан жыбыр-жыбыр ете қалды. Әлдеқандай бұған бимәлiм
тiршiлiк иесi өзiнiң тәнiне ұя сап, ертең жарыққа шығарын, мұның ана болатынын
аңдатқандай. Набат көзi кең ашылып, жылап жiбере жаздады. Қып-қызыл боп, шиедей
ернiн қатты тiстеледi. Бiр сәтке өз басын осыншама шырғалаңға салып қойған Елекештi
өлердей жек көрiп кеттi. Оны iштей қатты кiнәлады. Тiлi жеткенше сөгiп бақты. Сосын
әлгi жыбыр тиылғасын, орнынан тұрып, сыртқа шықты.
Күн батып кетiптi. Ымырт үйiрiлiп келедi. Батыс та қабағы түксиiп, масаның бұлты
қоюлана бастапты. Көк жүзiнде барқынданып кеткен шарбы бұлт бар. Әр жер-әр
жерден сирек жұлдыздар болмашы жылтырайды. Тек ғана Есекқырған баяғы орнынан
аумастан, шақырайып тұр. Құбыла жақтан үп еткен леп жок. Тым тырыс. Сары
масаның ызыңы анда-санда естiлiп қалады. Салы жақтан дымқыл леп келедi. Алыстау
жерден шiрiген борықтың, сыз жердiң иiсi кеп, есiк алдындағы самаурыннан шығып
жатқан қарақошқыл түтiнмен араласып, бiр түрлi боп кеткен.
Анадай жерде шешесi жүресiнен отырып, балтамен сексеуiлдi майдалап жатыр.
Басындағы жаулығы қолын сiлтеген сайын ұшып кететiндей боп көрiнедi. Әкесi тал
жонып отыр. Ана жақтан Қанат қоңыр сиырды бас жiбiнен ұстап, жетектеп келедi.
Нұрсұлу шелегiн салдырлата шайып, сиыр саумақ боп, әлден-ақ далпылдап жүр.
Осы үйреншiктi, дағдылы тiрлiктi Набат қимағандай, селсоқ боп бiраз тұрды. Жас
кезiнен таныс, етене боп кеткен осы өмiрдiң адамды өзiне тартып тұрар бiр қасиетi
барына таңғалды. Сол уыстан үзiлiп шықпақ боп, анада Алматыда жүргенiнде ерсi ойға
батқанына өзi таңырқады. Дереу бiрдемемен айналысқысы кеп, бұрыла берiп, едi, әлi
түндiктiң түгел жабылмағанын көрiп, ұзын арқанды белдеуден шешiп алды. Маса
кiрмесiн деп, түндiктi қаттырақ жапқанында, арқан үзiлiп кетiп, жерге шұбатылып
түстi.
Набат селк ете қалды. Тұла бойы әлденеге дiр-дiр еттi. Ол арқанды тастай сап, iшке
кiрдi. Есiне берген уәдесi түсiп, үй iшiнде ешкiмнiң жоғын көрiп, тез-тез жинала